Ұлтты біріктіретін басты күш – тіл

Дін – қай дәуірде де қоғамда кең талқыға түсетін әрі аса нәзік тақырып. Оны терең зерттеп, деректерге сүйене отырып, жұртшылыққа ұсыну – екінің біріне бұйыра бермейтін ауыр міндет. Жас зерттеуші Ерзат Меллатұлының «Ұлы даладағы діндер мен сенімдер тарихы» атты жуырда жарық көрген еңбегі – осы жауапкершілікті арқалаған құнды дүние. Автор жүздеген тарихи, этнографиялық деректерді саралап, Еуразия даласын мекендеген халықтардың сенім-нанымдары мен діни дүниетанымын барынша кең қамтып, жүйелі түрде талдауға ұмтылған.
– Дін тақырыбы – өте нәзік тақырып. Сосын да бұл салаға көп адам қалам тарта бермейді. Ал сіз бұл кітапты жазу ойына қалай келдіңіз?
– Мен бұдан өзге тақырыптарды қарастырып, әсіресе, Моңғол империясының жазба мұраларына қатысты еңбек жазып жатыр едім, 2023 жылы әлеуметтік желілердегі діни талас-тартыстарды көргеннен кейін бұл тақырыпқа қызығушылық оянды. Тіпті, кейбір маман кісілердің өзі «8 ғасырдан бері бізде тек ислам діні ғана болды» деп айтқанын көріп, бұл қалай деген сұрақ туды. 13-ғасырда керей, найман, куман-қыпшақ, оңғыт бабаларымыз христиан болғанын көп деректер дәлелдейді. Ал таза моңғол татар атанған жалайыр, қоңырат, үйсін, дулат, суан, алшын татарлар 13-14 ғасырда тәңірлік сенімде болған ғой. Ол да – анық деректер. Осы сұрақтардың түбіне жету үшін көне деректерді ақтара бастадым, кітапты жазу осылай басталған еді.
– Бұл кітаптың дін туралы жазылған өзге кітаптардан ерекшелігі неде?
– Басты ерекшелігі – бұл кітапта осы далалық Еуразия кеңістігінде болған әртүрлі діндер мен сенімдер барынша толық қамтылған, ешқандай дінге немесе сенімге басымдылық берілмеген. Бәріне тең тұрғыда баға берілген, белгілі бір діннің уағыздарын дәріптеу емес, қайта діндердің таралу тарихы туралы деректер жинақталған десе де болады.
– Кітапта «пайдаланылған әдебиеттер» деген тізіммен 629 еңбектің сілтемесі көрсетіліпті. Мұның бәрін қалай сүзіп шықтыңыз?
– Бұл кітаптың ішінде неше жүздеген тарихи, мифтік, этнографиялық кітаптардан алынған деректер мен ғылыми мақалалардан алынған дәйектер бар. Қазір дамыған заман ғой, бәрі қолайлы, көп санды кітаптарды, көптеген ғылыми мақалаларды интернеттен түсіріп алып оқуға болады, әрине, көбі ағылшын тілінде. Айта кетерлігі, мұның бәрі тегін емес, ақша төленеді, керек болған соң амал жоқ, сатып алып оқисың, осылай бір тақырып бойынша қуалап ғаламтордан күніне неше он мақаланы шолып шығып, одан өзіме керекті жерлерін алып отырдым, осылайша әдебиеттер тізімі көбейіп кетті. Енді тарихи деректер онсыз да бұрыннан өзім оқып, жазып жүрген материалдар, соның өзінде де көптеген тың деректерді тағы да көріп, іздеп табуға тура келді. Жаңа еңбектің ерекшелігі – қандай да бір дінді дәріптеуге емес, олардың тарихи-мәдени мәніне, ұлттық болмысқа сіңісуіне басымдық берілуінде.
– Бізді дін біріктіреді деген түсінікке қалай қарайсыз?
– Ұлтты біріктіретін бірінші фактор ол – тіл! Еуропада ағылшынның христиан, атеист немесе өзге сенімдегілері бар, бірақ оған бола олар өздерін ағылшын емеспіз деп айтпайды. Бұған мысал ретінде басқа да көптеген ұлттарды келтіруге болады, санасы биік адам кез келген дінді де, мәдениетті де дұрыс көзқараспен қабылдай алады.
– Дін мен сенімнің қатынасы туралы не айтасыз?
– Меніңше, екеуі – бір ұғым, Африка мен Американың тайпаларында да сенім бар, дін деген сол сенім-нанымның дамыған түрі. Мысалы, иудаизм алғаш пайда болған Абрам (Ибрахим) оның ұрпақтарынан Мұса, Соломонға дейін ешқандай мешіт, храм, қасиетті кітап, қалыпқа түскен құлшылық қағидалары болмаған, бірақ сол Жаратушыны танып, оған сенген, анда-санда сол құдайға тасаттық берген. Мұсаның кезінде «Тора» заңдары қабылданып, Соломонның заманында құдайға арнап жерден «Құдайдың үйі» деп аталатын храм салынды, демек иудаизмның басы сенім болды да, сол сенім дами келе дінге айналды. Былайша айтқанда, еврейлер көшпенді малшы еді, оларда тәңірлік сенімге ұқсас бір құдайлық сенім болды, халық саны өсіп, өзге жерлерді жаулап отырықшы халыққа айналып храм салғанда ол дінге айналды. 19-ғасырға дейін қазақтар да дінмен емес, сеніммен жүрді.
– Тағы қандай еңбектер жазып жүрсіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, 13-14-ғасырлардағы Моңғол империясы мен осы империя ыдырағанда пайда болған төрт ұлыстың көне ұйғыр жазуымен жазылған мұраларын дайындап жатырмын, ондағы жазулардың тілін қазақшалап оқырманға ұсынбақпын.
Сұхбаттасқан Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ