«Үркер» ұлттық сыйлығы – «Астана ақшамында»!

«Astana aqshamy» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» аталымы бойынша «Үркер-2025» ұлттық сыйлығын иеленді. Ұлттық медианың кіл үздіктерінің шығармашылық жетістіктерін әділ бағалаған тәуелсіз қазылар алқасы беделді байқауда біздің басылымды осы жүлдеге лайық деп таныды. Ұлттық сыйлықты «Astana aqshamy» газеті құрамына енетін «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбекке «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының бас директоры Ернұр Бурахан салтанатты түрде табыс етті.
Бұл – биыл 35 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өткен газет ұжымы үшін зор құрмет, жоғары мәртебе. Бұл – ұлттық журналистиканың нағыз ұстаханасына айналған газеттегі әріптестеріміздің мерейі үстем болған күн. Бұл – ерен еңбектің, ұжымдық бірліктің, кәсіби көшбасшылықтың айқын көрінісі.
Биыл баспа, радио, интернет-журналистика саласында берілетін «Үркер» ұлттық бәйгесі 11 номинация бойынша өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға жеке журналистерден, БАҚ-тардан 400-ден астам өтінім келіп түсті. Үміткерлер арасынан үздік жұмыстарды анықтау үшін тәжірибелі журналистер мен медиа менеджерлерден құралған тәуелсіз қазылар алқасы қара қылды қақ жарып шешім шығарды. Нәтижесінде шорт-параққа 44 номинант енді.

Ұлттық сыйлық бойынша лауреаттарды марапаттау рәсімі «Қазмедиа» орталығында өтті. Жеңімпаздарға «Үркер» естелік мүсіншесі және 1 миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық тапсырылды.
«Үркер» ұлттық сыйлығы баспа, радио, интернет-журналистикадағы талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін мойындау және олардың шығармашылығына қоғамның назарын аудару мақсатында 2017 жылы тағайындалған. Байқаудың ұйымдастырушылары – Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры. Іс-шараның демеушілері – «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС және «Sport+» телеарнасы.

Адал еңбектің әділ бағаланғанына қуандық. Осындай қуаныш барлық әріптесімізге жұғысты болсын! Мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын, ақшамдықтар!
Төлен ТІЛЕУБАЙ



