Туризм қалай түлейді?

Туризм – жай ғана демалыс емес. Ол – елдің экономикасына, мәдениетіне, халықаралық беделіне әсер ететін стратегиялық сала. Әлем елдері туризмді қарқынды дамытуды ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Себебі әрбір турист – жаңа жұмыс орны, қосымша табыс көзі, ел жайлы әлемге жақсы пікір тарататын насихатшы саналады.
Өнімі өзгеше сала
Туризм кеш өркендеген сала болғанымен, оның қазіргі даму аяқ алысы өте тез. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап туризм әлемдегі жаңадан гүлденген салаға айналды. 90-жылдарға жеткенде туризмнен кіретін кірістің халықаралық экспорт кірісіндегі үлесі 8 пайыздан асып, одан түскен табыс мұнай өнімдері мен автомобиль экспорт табысынан кейінгі маңызды кіріс қайнары болды.
Халықтың тұрмысы жақсарып, мәдениет өресі өскен сайын туризм де ішкі жақтан түрленіп, мазмұны жақтан байып барады. Атап айтқанда, бұрын сыртқы және ішкі туризм деп бөлінсе, қазір бұрынғыдай көркем жер, әдемі аумақтарды саяхаттаудай дәстүрлі туризм тәсілі таңсық болудан қалып, демалыс туризмі, ойын-сауық туризмі, жиналыс туризмі, жастар туризмі сияқты жиырмаға жуық түрлері пайда болды. Сонымен қатар, туризмнің даму бағытында да мынадай тың беталыс байқалды. Біріншіден, экономиканың дамуына ілесе, адамдардың рухани мәдениетке болған қажеті артып, саяхаттау жұртшылықтың негізгі тұрмыс тәсіліне айналды. Екіншіден, жаңадан дамыған елдердің туристік орындары көбейіп, Азия елдеріне саяхаттап келетін туристер жыл сайын молайды. Үшіншіден, қатынас қолайлылығы артқан сайын сауда сипатындағы туризм жандана түсті.
Қазақстан 1993 жылы Дүние жүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Содан бастап туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып, содан бері туризм сан-салалы шаруашылықты шалқытып, экономиканы нығайтудың маңызды саласы ретінде қаралып келеді. Өйткені Қазақстанда туризмнің барлық түрін (танымдық, ойын-сауық, этника, экология, сауықтыру, спорттық, аң аулау, серуендеу) дамытуға қажетті шарт-жағдайы толық.
Екінші тұрғыдан алғанда, туризм – мемлекет жарнамасы. Қазіргі таңда дүниежүзілік сипат алып отырған бұл сала тек табиғатпен ғана шектелмей, тарих пен археологиялық қазбалардың, мәдениет пен өркениеттің, сәулет пен ескерткіштердің тартымдылығымен, салт-дәстүрдің даралығымен де ерекшеленіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның Орта Азияның туристік шаңырағына айналуына еш қиындық жоқ еді.
Халықаралық туризм ұйымының жақындағы межесіне қарағанда, болашақта неше 100 млн адамның дүниенің әр жеріне барып саяхаттау толқыны көтерілетін көрінеді. Әлемдік туризм базарының даму беталысынан қарағанда, туристердің Франция, АҚШ, Египет сияқты елдерге бара беруден туризм шаруашылығы енді-енді өркендеп келе жатқан елдерге бару жаңа ағымы пайда болған. Бұл да Қазақстан үшін үлкен орай. Бірақ біз сол деңгейге жете алмай, мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай отырмыз.
Тоғыз себеп тыпырлатып тұр
Бізше, туризмнің дамымауында мынадай бірнеше түрлі себептер бар секілді.
Біріншіден, Қазақстан үкіметі туризмді дамыту жоба-жоспарын жасағанымен, еліміздегі туристік орындардың көбінің шарт-жағдайы көңілдегідей емес. Бәрі маусымдық сипатты саяхаттың шеңберінен шыға алмайды.
Екіншіден, туризм үгіті тебінсіз. Еліміздің көркем жерлерін таныстырған бірер фильмнен басқа, туристік орындарды, туристерге жасалатын қолайлылықтарды таныстыратын ақпарат жоқтың қасы.
Үшіншіден, қазақстандықтардың туризмге деген түсінігі басқаша. Біздің азаматтарымыздың көбі Қазақстан территориясы ішінде ел көріп, жер көргенді саяхат санамайды. Мүмкіндігі жетсе, шетел асып саяхаттау санасына сіңген.
Төртіншіден, соңғы кездері салынған жолдарды есепке алмағанда, Қазақстанның көп өңірлерінде жол нашар. Автобустары өте көне, жаз айларында пойыз билеті жетіспейді. Ұшақ билеті қымбат.
Бесіншіден, туристердің Қазақстанның әр облысындағы туристік орындарын тез әрі ұтымды жолмен аралап шығуына тиімді саяхат жобасы жасалмаған. Әр облыс, аудан, қалалардың туризмге арналған ортақ жобасы жоқ. Туристердің көбі естіген, білген жеріне барып қана қайтады.
Алтыншыдан, Қазақстанның көптеген туристік орындары шетелдік туристерді көптеп қабылдауға әлі дайын емес. Қонақүйлері жетіспейді, танымал саяхат орындарынан салынған қонақүйлердің бағасы шетел саяхатшылары үшін арзан болғанмен, бұл бағаны кез келген қазақстандық саяхатшылардың қалтасы көтере бермейді.
Жетіншіден, саяхатшыларға жол бастап, туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған.
Сегізіншіден, Қазақстанда «Туризмді дамыту» ауызда айтылып, министрліктерде жоспары жасалғанымен, нақты атқарылып жатқан жұмыстар мардымсыз. Айту бар, нақты нәтиже жоқ.
Тоғызыншыдан, туристік орындардың инфрақұрылымы кемелсіз. Мәселен, атағы әлемге әйгілі саяхат орындарында жібі түзу дәретхана жоқ. Бұл мәселе бас қала – Астанадан да айқын байқалады.
Қарапайым қажеттілік – күрделі мәселе
2024 жылы Астана қаласына 1,47 миллион турист келген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен. Туристердің негізгі легі Ресей, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея және Германия елдерінен келген. Қалада 300-ге жуық қонақ үй, ондаған мәдени, спорт және ойын-сауық орындары бар. Бірақ туристерден алынған кері байланыс бұл инфрақұрылымның әлі де толық жетілдірілмегенін айғақтайды. Астана туристік дестинация ретінде дамып келе жатқаны рас, алайда санитарлық-гигиеналық қажеттіліктер, нақтырақ айтқанда, қоғамдық дәретханалар – бұл дамудың әлсіз тұсы болып тұр.
Қоғамдық дәретхана – көпшіліктің ойынша ұсақ-түйек мәселе сияқты көрінгенімен, туристер үшін қала туралы алғашқы және ең маңызды мәселенің бірі. Оның жоқтығы немесе санитарлық талапқа сай болмауы Астананың (немесе кез келген қаланың) туристік имиджіне, халықаралық беделіне және экономикасына тікелей әсер етеді.
Турист бейтаныс қалада өзін еркін сезінуі үшін ең алдымен, негізгі тұрмыстық жағдайлар шешілген болуы керек. Қоғамдық дәретхана таба алмаған адамда қалаға деген теріс көзқарас қалыптасады. Қаланың келбеті тек архитектурамен емес, осындай қарапайым, бірақ маңызды инфрақұрылыммен де өлшенеді. Турист ұзақ жүрсе, көп ақша жұмсайды. Ал дәретхана таппай қиналса, қонақ үйлеріне ерте қайтады немесе қаланы серуендеуге ынтасы төмендейді.
Қоғамдық дәретхана болмаған жағдайда адамдар рұқсат етілмеген жерлерді дәрет сындыруға пайдалана бастайды. Бұл санитарлық жағдайды нашарлатып, қаланың таза әрі қауіпсіз бейнесіне зиян келтіреді. Әсіресе, баламен, қартпен, мүмкіндігі шектеулі жандармен жүрген туристер үшін – бұл ауыр сынақ.
Заманауи қалаларда дәретхана туристік картада белгіленуі тиіс. Tokyo, Singapore, Seoul сияқты қалаларда бұл – туризм стандарттарының бір бөлігі. Астанада мұндай қызметтің жоқтығы – қаланы цифрлық картада да қолайсыз етіп көрсетеді. Астанада қазіргі уақытта ресми тіркелген 70-тен астам қоғамдық дәретхана бар. Бірақ бұл нысандардың басым бөлігі – сауда орталықтарында, қалалық парктер мен автобекеттерде орналасқан. Ал нағыз туристік нүктелер қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілмеген.
Үйренетін үлгілер
Туризм мен мәдениеттің үлгісі саналатын Сингапурда әр 400 метр сайын тегін, таза дәретхана орналасқан. Ол – санитарлық тораптарда тазалық пен қауіпсіздік бірінші орында.
Токио қаласында 2020 жылдан бері «Tokyo Toilet» жобасы іске қосылып, әлемдік сәулетшілердің қолынан шыққан 17 ерекше дәретхана орнатылған. Бұл нысандар тәулік бойы бейнебақылауда ұсталып, санитарлық жағдай қатаң қадағаланады.
Сеул қаласында да туристерге арналған қауіпсіз, тегін, инклюзивті дәретханалар бар. Қаланың туристік карталарында бұл нысандар анық белгіленген.
Франция астанасы Париждегі қоғамдық дәретханалар жүйесі – өзге елдерге үлгі боларлық тәжірибе. Қаланың әр бөлігінде орнатылған заманауи санитарлық нысандар жергілікті тұрғындар мен туристерге қолжетімді түрде қызмет көрсетіп келеді. Париж көшелерінде бүгінде 400-ден астам автоматты, өздігінен тазаланатын дәретхана жұмыс істейді екен.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық дәретхана – бұл жай ғана гигиена мәселесі емес, туристік имидждің ажырамас бөлігі. Турист қалада өзін қаншалықты жайлы сезінсе, ел туралы пікір де соншалықты оң болады. Сондықтан Астана сияқты ірі қалаларда және туристік орындарда туристік тартымдылықты арттыру үшін қоғамдық дәретханалар мәселесін жүйелі шешу қажет. Бұл бағытта туристік аймақтарға стационар дәретханалар орнату керек. «Бәйтерек», «ЭКСПО»,
«Орталық алаң» сияқты орындарда тұрақты, заманауи 24 сағат жабылмайтын дәретханалар болуы тиіс. Жаз мезгілінде мобильді (көшпелі) дәретханаларды көбейту: Қала тұрғындары мен туристер ағыны артатын маусымда қосымша дәретханалар орнату да уақытша шешім ретінде тиімді. Туристік қосымшалар мен онлайн карталарда дәретхана нүктелерін белгілеу керек. Яғни Google Maps, 2GIS, VisitAstana сынды сервистерде дәретханалардың нақты орналасуы көрсетілуі тиіс.
Туристі ғимарат емес, жайлылық тартады
Астана – күннен күнге жаңарып, жаңғырып келе жатқан қала. Бірақ турист үшін ыңғайлы қала болу – тек биік ғимараттар мен көрікті көшелер емес. Ол – ұсақ-түйек болып көрінетін, бірақ саяхатшының жалпы әсеріне тікелей ықпал ететін тұрмыстық жайлылық.
Қоғамдық дәретхана – сол тұрмыстық жайлылықтың ең бастысы. Егер Астана шын мәнінде Қазақстандағы халықаралық туристік қала болғысы келсе, бұл мәселені кейінге қалдырмай, шұғыл түрде шешуі тиіс. Себебі туризм – дәретханадан басталады.
Туристер үшін бір елге қайта оралу себептерінің бірі – жайлылық пен сенім. Ал жайлылық дегеніміз – қауіпсіздікпен қатар, күнделікті тұрмыстық қолайлылық. Қазақстан секілді кең байтақ елге келген турист тек тауға қарап, көл жағалап кетпейді. Ол біздің елден жайлылық сезінуі тиіс. Туристік орындар жайлы болуы үшін ең қарапайымы қоғамдық дәретханадан бастап, барлығы қолайлы болуы керек.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Адия КӘРІПЖАН, Еуразия Ұлттық
университетінің 2-курс студенті