Тіске кетті ме, басқа іске кетті ме?

Елімізде қаржылық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әсіресе өткен жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төңірегінде әшкереленген алаяқтық схемалар елдегі жүйенің әлсіздігін көрсетті. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, жалған стоматологиялық қызметтер арқылы азаматтардың зейнетақы жинағынан шамамен 200 млрд теңге заңсыз шығарылған.
Атап өткен жөн, зейнетақы жүйесі қаржылық шығынға ғана ұшырамай, елдің сеніміне де сызат түсірді. Тергеу материалдары Атырау мен Ақтау қалаларында орналасқан бірқатар стоматологиялық клиникалар жалған құжаттар рәсімдеп, азаматтарға зейнетақы қорындағы «артық қаражатты» қолма-қол шешіп берумен айналысқанын мәлімдеді. Шын мәнінде, кейбір клиникалар іс жүзінде медициналық қызметпен мүлде айналыспаған екен. Ал заңсыз жолмен алынған ақшаға күдіктілер көлік, қымбат үйлер мен тағы басқа жылжымайтын мүліктер сатып алған. Бұл іске комиссияның қорытындысын беріп отырған медициналық мекеме қызметкерлерінің де қатысы бар. Яғни, қаражат тіске емес, басқа іске кеткен.
Дегенмен, БАҚ беттерінде күдікті ретінде тек үш адамның есімі аталады. Аслан Дүйсенов, Ғаббас Иманбаев және Есімхан Елешев. Аталған азаматтар 46 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шығаруды ұйымдастырған. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, бүгінде 10 адамға бұлтартпау шарасы қолданылса, тергеуде 50-ге жуық адам және 200-ден астам дроппер бар.
Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұл іс бойынша зейнетақы қорынан қаражат алған қарапайым азаматтарға қылмыстық жаза қолданылмайтынын мәлімдеді. Яғни, тергеу тек ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты жүргізіледі. Сарапшылар азаматтарды жауапкершіліктен босату туралы шешімді әлеуметтік тұрғыдан түсінікті болғанмен, бұл ұстаным құқықтық тұрғыдан пікірталас тудыратынын алға тартады. Мәселен, заңгер Гүлмарал Бердібекқызының айтуынша, азаматтарды жауапкершіліктен босату шешімі адамгершілік тұрғысынан түсінікті болуы мүмкін, бірақ заңға келгенде, бұл басты өлшем бола алмайды.
«Заң бәріне бірдей жұмыс істеуі тиіс. Егер бір адам белгілі себептермен жауапкершіліктен босатылса, дәл сондай жағдайда қалған басқа азаматтар неге жазаға тартылады деген сұрақ туындайды. Бұл заң алдындағы теңдікке қайшы. Ертең кез келген заң бұзушылықты «әлеуметтік жағдаймен» ақтап алуға жол ашылуы мүмкін. Заңды шешім нақты баптарға, нақты дәлелдерге сүйенуі керек. Ал егер шешім қоғамның қысымымен немесе эмоциямен қабылданса, ол құқықтық емес, уақытша тәжірибеге айналады. Сондықтан мұндай жағдайда мемлекет қоғамға ашық түрде, заң тілімен түсіндіруі тиіс. Яғни, неге босатылды, қандай негізбен, қандай бапқа сүйеніп. Әйтпесе, адамдардың заңға деген сенімі әлсірейді» дейді.
Дегенмен, бұл істе қарапайым азаматтар зейнетақы қорындағы өз ақшасын алды. Бірі тісін емдету үшін, бірі денсаулығы үшін, бірі өмірлік қажеттілігін жабу үшін пайдаланған. Иә, кейбірі ақшаны бастапқы көрсетілген мақсаттан өзгеше жұмсаған болуы мүмкін. Бірақ бұл ұйымдасқан қылмыс емес. Себебі қарапайым халық заңды айналып өтетін схеманы ойлап тапқан жоқ, оны ұйымдастырған да емес. Олар тек ұсынылған мүмкіндікті пайдаланды. Сондықтан тергеудің тек ұйымдасқан қылмыстық топтарға бағытталуы орынды. Заң қарапайым халықты жазалау үшін емес, заңсыз схеманы құрған, пайда көрген ұйымдастырушыларды тоқтату үшін жұмыс істеуі керек.
Бұл даулы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында зейнетақы жинақтарын пайдалану барысында кеткен қателіктерді атап өтті.
«Мен кезінде баспана алу, балалардың оқу ақысын төлеу, емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылдадым. Көбісі солай жасады, бұл шешімге ризашылықтарын да білдіріп жатты. Бірақ, әдеттегідей, стоматология қызметін көрсетеміз деген желеумен зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырған алаяқтар да табылды. Құқық қорғау органдары қазір бұл мәселемен айналысып жатыр» деді Президент.
Бұл – саладағы бақылаудың әлсіздігі мен жауапты органдар арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі. Резонансты істен кейін Үкімет зейнетақы жинақтарын пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіп, стоматологиялық, офтальмологиялық қызметтерге және пластикалық операцияларға БЖЗҚ қаражатын пайдалануға тыйым салды. Бұл қадам мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені мәселе – тыйым салуда емес, бақылау тетіктерінің әлсіздігінде. Бұл – жекелеген алаяқтық іс емес, қаржы жүйесіндегі құрылымдық проблемалардың көрінісі.
Ендігі жерде мемлекет үшін басты міндет салдармен күресу емес, зейнетақы жүйесіндегі бақылау, жауапкершілік және ашықтық тетіктерін түбегейлі күшейту болмақ.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



