Білім

Тиімді білім беру негіздері сөз болды

Елордада «Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту – тиімді білім берудің негізі» атты мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған панельдік сессия өтуде. «Білім келешегі: адал азамат-кәсіби маман» республикалық білім беру қызметкерлерінің тамыз форумы аясында Астана қаласының Білім басқармасы және Әдістемелік орталық ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шара мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру, заманауи әдістемелер мен педагогикалық жаңашылдықтарды талқылау, тәжірибе алмасу және педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасау, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оқушылар сарайындағы панельдік сессия үш секциялық отырыстан тұрды. «Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту – тиімді білім берудің негізі» тақырыбындағы І секция мектепке дейінгі білім беру ұйымдары әдіскерлеріне арналады. Мақсаты – педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін механизмдер мен тиімді тәжірибелерді талқылау. ІІ секция «Мектепке дейінгі білім берудегі заманауи педагогикалық әдіс-тәсілдер» деп аталып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиешілеріне арналып отыр. Секцияда мектепке дейінгі ұйымдардағы білім беру кеңістігін жаңаша құру, баланың жеке ерекшеліктерін ескеру, инклюзивтілік пен цифрландыру мәселелері көтеріледі. ІІІ секция «Білім беру ортасын ұйымдастыру: көпфункционалдылық, психологиялық жайлылық, жекелендіру»  тақырыбында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне бағытталады. Бұл бағытта инновациялық технологияларды, жасанды интеллектті қолдану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тілдік және танымдық қабілеттерді дамытуға бағытталған әдістемелер ұсынылады.

Секция жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, мектепке дейінгі ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары, тәжірибелі педагогтер, ЖОО ғалымдары мен әдіскерлер қатысуда. Жалпы елорда бойынша осындай сессияларға мамандар офлайн және онлайн түрде қатысады. Сонымен қатар Қытай, Болгария, Жапония, Польшадан келген халықаралық спикерлер, яғни мектепке дейінгі білім беру бойынша мамандар да қатысып, өз тәжірибесін қазақстандық әріптестеріне бөлісуде.

– Дәстүрлі форум еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Соның аясында елордада жалпы 20-дан астам сессия отырыстары ұйымдастырылады. Оған қатысушылар бала тәрбиелеу және білім беру кезінде қолданылатын заманауи технологиялар мен әдіс-тәсілдерді цифрландыру және инклюзивті білім беруде жасанды интеллектіні қолдану және басқа да мәселелер бойынша тәжірибе алмасады. Форумның биылғы ерекшелігі – «Адал азамат» бағдарламасы және Жұмысшы мамандықтары жылы аясындағы жұмыстарға бағдарлануы, – дейді Білім басқармасы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дәуешова.

Астанада жыл сайын балалар саны шамамен 20  мыңға көбейіп отыр. Бүгінде қалада 526 667 бала тіркелген. Бұл көрсеткіш мектепке дейінгі ұйымдарға түсетін жүктеменің жылдан-жылға артқанын көрсетеді.

– Қазіргі кезде мектепке дейінгі ұйымдардың алдына қойылып отырған басты міндет – олар ұсынатын қызмет сапасын арттыру. Сапалы қызметті ұсынудың бірінші бағыты – балалар қауіпсіздігі, тәрбиешілердің балаға бүкіл жан-тәнімен беріле, оларды шынайы жақсы көре отырып тәрбие беруіне үлкен мән беру, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова.

Форумның сессиялық отырыстары өтетін нысандардың бәрінде әдістемелік көрме де ұйымдастырылып, оған Қазақстан бойынша барлық баспалардың педагогтерге арналған әдістемелік құралдары, қосымша әдебиеттер қойылуда. Іс-шара алдағы екі күнде де жалғасады.

Райхан Рахметова

Фото: Василий Крась

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button