Театр табысы

Биыл ашылғанына 5 жыл толған Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры Жылан жылын табысты аяқтап отыр. Өнер ұжымы мерейтойлық жылда бірнеше премьера ұсынды. Соның ең сүйектісі, ауқымдысы «Шәкәрім» музыкалық драмасы олжалы болды.
Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың қаламынан туып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сахналаған бұл туынды «Адырна» ұлттық порталының әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамасының қорытындысында «Ең үздік қойылым» аталымында жеңімпаз атанды. Ал осы спектакльде Ебіней Бөкетовтің бейнесін сомдаған жас актер Ернар Мұхамбет Қазақстан сыншылары бірлестігінің «Үміт» аталымын иеленді.
Ticketon сайты 2025 жылы ең көп билет сатылған 10 спектакльдің тізімін жариялады. Оған Музыкалық жас көрермен театрының 3 қойылымы енді. Бұл – «Гауһартас» музыкалық драмасы (авторы – Дулат Исабеков, қоюшы режиссері – Асхат Маемиров), «Шәмші» мюзиклі (Мәдина Омарова, Асхат Маемиров) және «Қоштасқым келмейді…» музыкалық драмасы (авторы – Александр Володин, қазақшалаған және сахналаған – Асхат Маемиров). Осы көрсеткіш аталмыш өнер ошағына көрермен көп баратынын дәлелдейді.



