Талпынғанға жұмыс табылады
Елордалық еңбек нарығында бос жұмыс орындары жоқ емес, бар. Әсіресе Астанада ұсынып отырған жалақыны төмен деуге келмейді. Шамамен 200 мың теңгеден жоғары. Оның ішінде құрылыс саласындағы мамандардың, слесарь, дәнекерлеушінің жалақысы өте жақсы.
Бұл салаларда жалақы 400 мың теңгеден басталып, одан әрі өздерінің атқарған жұмыс ауқымына қарай табысы өсіп отырады.
Иә, қазір жұмысшылардың талабы жоғары. Жұмысшыға, қол еңбегіне сұраныс көбейіп жатқан соң солай болуы да заңдылық шығар. Табылып тұрған жұмысты үйден қашық дейтіндер де кездеседі. Мейлі, талабы жоғары болса болсын. Бірақ қабілеті талабына сай келмейтіндерді қайтеміз? Кәсіптік білімі болмаса да, тым жоғары жалақы сұрайтындар да жетеді.
Бізге кәсіптік білімі бар болғанымен, еңбек тәжірибесі жоқ мамандар жиі келеді. Оларды тәжірибе жинасын деп «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Әсіресе, бірнеше зауыт шоғырланған өнеркәсіп парктеріне жіберуге күш саламыз. Сонда байқағанымыз, ондағы кәсіп иелері жас мамандарды жұмысқа тартуға құлықсыз. Небір сылтау айтып, шығарып салады. Тіпті дәнекерлеушілер де сол төңіректен жұмыс таба алмай жатады. Жастардан тәжірибе, білік талап етеді. Ал жас мамандар қайдан, қалай тәжірибе жинайтынын бізден сұрайды. Бұл жұмысшы мамандығын оқыған түлектерді тұйыққа тірейді. Содан жастар бос жұмыс орнын күтуден жалығып, амалсыз курьер болады, көлігі барлары такси жүргізеді. Сөйтіп оқуын кеше ғана тәмамдап, жұмысшы болуға ұмтылған жастардың жігері құм болып, жарты жылда машығын ұмыта бастайды. Оқу бітірген талапты жасты бірден жұмысқа алса, мамандыққа тез-ақ үйренер еді. Жастарды жуытпай, көрші елден жұмысшы тартатындар да бар. Оларға инженер, механик, слесарь өзімізден де табылатынын айтамыз. Қайтаратын уәжі: «біздің жұмысшылардың санаты төмен, таппаған соң шетелден шақырдық» дейді. Сол шетелден шақырған маманға миллиондап жалақы төлейді. Бұл да жұмысшы мамандардың еңбек нарығына бірден араласуын тежеп тұрған мәселе. Олар «Жастар практикасы» бағдарламасымен жалақының бір бөлігін мемлекет төлеген соң ғана жастарымызды жұмысқа алып жүр. Шын мәнісінде, бағдарламамен келген жасты жұмысқа баулып, бағыт-бағдар көрсетіп, арқасынан қағып, еңбекке шыңдауы керек қой. Алайда «Жастар практикасының» мерзімі өткен соң, маманды тұрақты жұмысқа алудан бас тартатындар көп. Тауы шағылған маман бізге қайтып келіп, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан соң жұмыс берушілер жастарды ынталандыратын жап-жақсы бағдарламаның мәнін жете түсінбей ме деген ойда қаламыз.
Кім-кім де болса жақсы жұмыс істесем, қаржы жағдайым тұрақты болса дейді. Осы салада жүрген соң көп нәрсені түсіндік. Қазір балаларымызға «келешекте заңгер, бухгалтер боламын деп ойлама, жұмысшы мамандығын игер» дегенді жиі айтамыз. Жарық, су, жылу беретін, қала тазалығына жауапты мамандарға көктен қарайтындар, өкінішке қарай, қоғамда кездеседі. Мұның барлығы, түптеп келгенде, үйдегі тәрбиеден, таным-түсініктен басталады. Ертеректе үлкендер ұрпағына жоғары білім ал, ғалым бол десе деген шығар. Дегенмен қазір қолмен істейтін шаруаға қыры барлар жерде қалмайды. Адамның шеберлігін, қабілетін, өнерін ешкім тартып ала алмайды.
Жасырып несі бар, кәсіптік білім беретін колледжге баруға намыстанатындар көп. Ата-аналар да баланың кәсіптік білім алсам деген ұсынысын қолдай бермейді. Балаларға мектепте, отбасында дұрыс бағыт-бағдар бермеген соң қайда барарын, кім боларын білмей жүрген жастар көп. Оларға жұмысшы мамандықтары болашақтың мамандығы екенін түсіндіру керек. Ортақ шаруаға үйде ата-ана, мектепте мұғалім араласуы қажет. Сонда ғана «келешекте жұмысшы мәртебесін қалай арттырамыз?» деген сауалға нақты жауап аламыз.
Мейрамгүл ИМАШЕВА,
Астана қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ
халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс бөлімінің басшысы



