Мәдениет

Тәнеке батыр шапаны табысталды

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі, атақты би, батыр Тәнеке Дөсетұлының шапаны музей қорына табысталды.

Аталған мәдени іс-шараны «Матай Бөрібай батыр» қоры ұйымдастырды. Ал тарихи жәдігерді Тәнеке батырдың ұрпағы Қарлығаш Бидахметова музейге тапсырды.

Матасы шұғадан тігілген шапан – Тәнеке Дөсетұлына 1847 жылы патша үкіметі тарапынан арнайы тігілген әрі «Алтын ленталы Анна» медалімен бірге берілген сыйлық. Мұндай шапан – тек аса ықпалды, ел басқарған тұлғаларға ғана берілетін жоғары марапат. Бұл Тәнекенің тек батыр, би ғана емес, орыс билігімен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізе білген көреген саясаткер екенін көрсетеді.

Тәнеке (азан шақырып қойған есімі – Нұралы) Дөсетұлы – Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті тұлғасы. 1807 жылы қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданындағы Тасқара жайлауында дүниеге келіп, 1885 жылы өмірден өткен. Ресей, Қытай және Қоқан хандықтарының отарлық саясатына қарсы батыл күрес жүргізді. Ол Кенесары ханның жанашыры, Рүстем төренің сатқындығына қарсы шыққан қолбасшылардың бірі. Қырғыз манабы Төрегелдіні тұтқындап, Кенесарының кегін қайтарды. Бұл жайында поляк революционері Адольф Янушкевичтің күнделіктерінде мәлімет бар. Сондай-ақ ол Шоқан Уәлихановты бір ажалдан құтқарып қалды.

Тәнеке Дөсетұлы жайлы дерек Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу архивтерінде сақталған. 1846 жылы Матай мен Қапал өңірінің старшыны болып тағайындалған. 1847 жылы оған «Хорунжий» әскери шені беріліп, арнайы марапат ретінде шұғадан тігілген шапан сыйға тартылған. Ұлттық музейге дәл осы шапан табысталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button