Тәлкекке түскен тағдырлар

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осынау айтулы датаның қарсаңында соғыс тұтқындарының тағдыры, ар-ұжданына түскен таңбасы, сұрапыл соғыстағы және бейбіт өмірдегі көрген қорлығы ойыма оралып, ұлттық намысымды қамшылайды. Қазақтың талайлы тарихындағы күні бүгінге дейін ашық айтылмай жүрген шындықтың бірі – соғыс тұтқындарын ақтау, қан майданнан оралмаған адамдардың санын анықтау, ерлігін бағалау және ұрпақтың алдында ар-намысын қалпына келтіру. Бұл мәселені 8 жылға жуық баспасөзде, әлеуметтік желілерде ашық көтеріп жүрмін. Әлі күнге дейін бір шешімін табар емес.
Тұтқындар туралы шындық қайсы?
Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылдың қыркүйек айында басталғанын білеміз. Кеңес Одағы әуелі Польшамен және Финляндиямен соғысты. Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан «Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі» атты ресми ақпаратқа көз жүгіртсек, 1939 жылдан 1941 жылдың маусымына дейін Қазақстаннан Қызыл Армия қатарына 187 мың жауынгер шақырылған, солардың 40 600-і қазақтар болған. Көптеген қазақстандықтар соғыс өрті тұтанған 22 маусым күні қару ұстап, майдан даласында жүрген. 1941 жылғы 1 маусымдағы дерек бойынша, Қазақстан халқының саны 6 447 800 адам болса, соның ішінде 21,2 пайызы мобилизацияланған. Ал Қорғаныс министрлігі соғыс жылдарында елімізден 1 196 164 адам майданға аттанды деген дерек ұсынады. Соның ішінде соғыстан елге оралғандардың саны 595 153 адам болса, 601 011 адам оралмаған, 270 мың адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл – ресми дерек.
Соғыстың алғашқы айлары мен жылдарында әскери дайындықтың нашарлығынан және фашистердің тұтқиылдан жасаған шабуылдарының әсерінен мыңдаған, миллиондаған кеңес жауынгерлері тұтқынға түсті. Жау қолына түсіп, қырылғандар туралы мынадай екі дерек бар: біріншісі – 1942 жылдың ақпан айына дейін немістерге тұтқынға түскен Кеңес әскерлерінің саны 3,9 миллион адамға жеткен, солардың 2.8 миллионы атылып-асылған. Екіншісі – 1941-1944 жылдар аралығында тұтқынға түскен Кеңес әскерлерінің саны 4 жылда 5 734 528 (неміс зерттеушісі Х.Штрайттың дерегі) адамға жеткен, солардың 3,3 миллионы (60 пайызы) тұтқында қырылған. Құйқаңды шымырлататын мұндай деректер көпке дейін бүркемеленіп келгені мәлім.
Соғыс тұтқындары мәселесін көп жылдар бойы зерттеген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаева соғысқа қатысқандар, соғыстан оралмағандар және кеңес тұтқындарының саны бүгінге дейін толық анықталмағанын ашық айтып жүр. «Неміс зерттеушілерінің еңбектерінде, неміс және кеңес ресми құжаттарында кеңестік соғыс тұтқындарының жалпы саны туралы әртүрлі мәлімет беріледі: Х.Штрайттың монографиясында – 5 734 528, Й.Хоффманның зерттеуінде – 5,24 млн, Вермахт тұтқындар бөлімі дайындаған құжатта – 5 165 381, КСРО Қорғаныс министрлігі 1988 жылы құрған комиссияның анықтамалығында – тұтқынға түскен және хабарсыз кеткендер саны 4,559 млн адам деп көрсетілген. Соғыс кезінде кеңес жауынгерлерін фин, румын әскерлері де тұтқындады. 1941-44 жылдары 64 188 кеңес соғыс тұтқыны Финляндияда болды, солардың 10 016-сы қаза тапты. Румынияда тұтқындалған 82 090 кеңес жауынгерлерінің 5221-і көз жұмған» деген дерек келтіреді ғалым «Заң» газетіндегі сұхбатында.
Жоғарыда 601 011 қазақстандық жауынгерлер соғыстан оралмаған деген ресми деректі айттық.
«Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі» деген инфографикалық ақпаратта соғыста қаза тапқандардың пайыздық үлесін былайша көрсетіпті: орыстар – 5 547,1 мың адам (66,3 пайыз), украиндар – 1 376,5 мың адам (15,4 пайыз), белорустар – 251,4 мың (2,9 пайыз), татарлар – 183,3 мың адам (2,2 пайыз), еврейлер – 138,7 мың адам (1,6 пайыз), қазақтар – 601 мың адам (1,5 пайыз). Сонда 601 011 қазақ жауынгері сұрапыл майданнан оралмаған ба, әлде қаза тапқан ба?
Оралмағандар тірі ме, өлі ме? Осыны нақтылайтын кез келді. Ал ел мен жерді анталаған жаудан қорғауға аттанып, ешбір хабар-ошарсыз кеткен 270 мың жауынгеріміздің сүйегі қайда қалды?
Қазақстаннан және өзге республикалардан соғысқа қатысқан қазақтардың саны толық анықталды дей алмаймыз. Себебі соғысқа қатысқандар туралы мәлімет те, соғыстан оралмағандар туралы дерек те әртүрлі. Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева сандық мәліметтердің бәрінде Польшамен соғысқа, Финляндиямен болған 105 күндік соғысқа қатысушылар мен қаза тапқандар енгізілмегенін айтады. «Қазақтардың саны толық анықталмауының себебі, статистикалық жинақтарда көбіне мәліметтер ұлттар бойынша емес, республикалар бойынша беріледі. Соғысқа қатысқандар саны туралы мәлімет те әртүрлі, кейде 1 196 мың немесе 1 366 мың қазақ жауынгері майданға шақырылды, олардың 610-630 мыңы соғыстан оралмады деген дерек жиі кездеседі. Бұл құрғақ санның әр жағында қанша адамның ауыр тағдыры тұр. Генерал Г.Кривошеевтің жетекшілігімен құрастырылған статистикалық жинақта 1941-45 жылдардағы алапат шайқастарда 125 500 қазақ қаза тапты, тұтқыннан 23 143 қазақ қайтып келді деген ақпарат берілген. Егер қаза тапқандар санына хабарсыз кеткендерді және фашистердің тұтқынында опат болғандарды қоссаңыз, ол бірнеше есеге көбеюі мүмкін» дейді ол.
Тұтқынға түскендер «халық жауы», сатқын ба?
Фашистердің тұтқынына түскен жауынгерлердің қандай адам төзгісіз жағдайда өмір сүргенін кітаптан оқыдық, кинодан көрдік. Соғыс тұтқындары жөнінде 1907 жылы Гаагада, әскери тұтқындар жөнінде 1929 жылы Женевада халықаралық конвенция қабылданғаны мәлім. Алайда И.Сталиннің опасыз саясаты салдарынан Кеңес билігі әскери тұтқындардың бәрін «Кеңес жаулары», «Отанын сатқан», «Халық жауы» деп атап, өз жауынгерлеріне сатқындық жасады.
Мұны пайдаланған нацистік Германия тұтқындарды зауыттар мен кеніштердегі ең ауыр, азапты жұмысқа жекті. Кеңес тұтқындарының көпшілігі Аушвиц, Бухенвальд, Майданек, Равенсбрюк, Дахау, Нойенгамме, Фин лагерлері сияқты концентрациялық лагерьлерде қынадай қырылды.
Мысалы, Освенцимдегі концлагерьдегі тұтқынның орташа өмір сүруі 3 ай болған. Олар үш айда терісі тартылған қозғалатын скелет кейпінде көрінген. 23 жастағы Алексей Кузнецов атты тұтқынды босатып алғанда салмағы 20 келіден ғана асыпты! Аушвицтегі крематорийде 1 айда 1 мыңға жуық тұтқынды атып немесе қинап өлтіріп, өртеп отырған. Бұл жердегі жауыздық туралы «Освенцим коменданты» деген өмірбаяндық кітабында лагерьдің бастығы СС-тің оберштурмбанфюрері Рудольф Гесс мынадай естелік қалдырыпты: «Ескі крематорийдегі 900 орыс солдатын газбен тұншықтырып өлтірген оқиға есімнен кетпейді. Тұтқындарды тыр жалаңаш шешіндіріп, моргке кіргіздік. Есігін тарс жауып, үлкен тесіктен газ жібердік. Біраз уақыттан кейін «газ» деп жанұшыра айқайлаған жандардың даусы естілді. Есікті ашқанда осынша адамның тұншығып жан тапсырғанын өмірімде бірінші рет көрдім».
Соғыс тұтқындарына қатысты өткір мәселенің бірі – елге оралғаннан кейінгі тағдыры. Немістің концлагерлерінде бір азап шексе, одан кейін кеңестік лагерьлерде өмірі тағы қорлықпен өтті.
Жаппай қуғын-сүргіннің нағыз құрбаны болған жандар – осы тұтқындар. Бұл зобалаңды Гүлжауһар Көкебаева былай түсіндіреді: «1941 жылы 16 тамызда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің отбасылары мен туыстарын қуғындау туралы бұйрық шығарды. Осылайша соғыс тұтқындары ұзақ жылдар бойы қоғамда «сатқындар», «опасыздар» деп саналды. Елге қайтқан соғыс тұтқындарын жинақтап, тексеру үшін арнаулы жинақтау-іріктеу пункттері құрылды. Осы жерлерге жинақталған соғыс тұтқындары тексеруден өткізіліп, біреулері НКВД қарамағындағы арнайы лагерьлерге, екіншілері соғыста қираған аудандарды қалпына келтіруге жіберілді, үшіншілері туған жерлеріне қайтты. Арнайы лагерьлерге жіберілгендердің басым бөлігі сотталып, ұзақ жылдарға айдауға кетті. Туған жеріне оралғандарға төлқұжаттың орнына арнайы куәлік берілді және басқа облыс, аудандарға шығуға тыйым салынды. Олардың ақ-қарасын айырып, арына түскен таңбадан арылтуға жол берілген жоқ, осылайша қаншама адамның Отанына сіңірген еңбегі ескерілмей қалды». Бұл қуғын аз болғандай, 1948 жылы 21 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді жазасын өтеу үшін КСРО-ның қашық өңірлеріне жер аудару туралы» Жарлығы шықты. «Аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлер» қатарына бұрынғы әскери тұтқындар да кірді. Осылайша 1948-1949 жылдары соғыстан оралғандарға қарсы қуғынның екінші толқыны басталды. 1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқыншылармен ынтымақтасқан кеңес азаматтарына кешірім жасау туралы» Жарлығы шықты. Осы Жарлық бойынша бұрынғы соғыс тұтқындары кеңестік лагерьлерден босап шықты. Алайда амнистия ақтау емес, демек бұл жарлық фашистік тұтқында азап көріп, елге қайтқан соң тағы да «сатқын» атауымен лагерьде отырған кеңес жауынгерлерін тағы да қорлау болған еді. «Басқыншылармен ымыраласқан» деген сипаттаманың өзі соғыс тұтқындарының барлық санатына тән емес екенін де ескеру керек» дейді тарихшы.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің барлығы дерлік 30 жыл бұрын соғыс және әскери тұтқындарын ақтау туралы мемлекеттік акті қабылдады. Бұл тақырыпты бүге-шігесіне дейін зерттеген белгілі заңгер, саясаткер Сабыр Қасымов Отан қорғау жолында ерлік көрсеткен ата-бабаларымызды ақтауды қаламай отырғанымызға қынжылады.
«Мысалы, Литва өз тәуелсіздігі үшін күрескендерді ақтауға қатысты 29 мемлекеттік құжат қабылдады. Шығыс Еуропа елдері, бұрынғы КСРО құрамында болған республикалар өткен ғасырдың 90-жылдары осындай ресми құжат қабылдап, ақиқатты қалыпына келтірді. Ресей Президенті Б.Ельцин 1995 жылы 24 қаңтарда «Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған, бұрын әскери тұтқын және азаматтық тұлға болған Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлық шығарды. Осы құжат Ресей аумағында, негізінен алғанда, Кеңес қолбасшылығының кінәсінен тұтқынға түскен жүздеген, мыңдаған құрбандарды ақтап, олардың ар-намысын қалпына келтіруге жол ашып берді» дейді заңгер. Ал қазақстандық соғыс тұтқындары әлі күнге дейін заң жүзінде ақталған жоқ.
Із-түссіз жоғалғандардың обалы кімге?
Жыл сайын 9 мамыр мен 31 мамырда айтылмайтын мәселенің тағы бірі – сұрапыл соғыста із-түссіз жоғалып кеткендердің тағдыры. Соғыстан оралмаған 601 011 адамның 270 мыңы хабар-ошарсыз кеткен дедік. Сол боздақтардың өмірі мен өлімінің ақиқаты қашан айтылады? Сол із-түссіз жоғалғандардың арасында өзімнің атам Тоғанбай Бегалыұлы да бар. Майданға Қарағанды облысынан аттанған атам туралы «қайтыс болды» деген қара қағаз да келмеген. Мұндай ошағының оты өшіп, жары мен балалары көз жасын төккен тағдырлар қаншама?! Бір ғана шайқаста із-түссіз жоғалғандар бар. Тұтқынға түсіп, жат жерде көз жұмғандар да аз емес. Азап лагерлерінен аман шығып, жат елде жаңа өмір бастағандар да бар. Олардың бірде-біреуі туған елінің назарынан тыс қалмауы тиіс. Артында қалған ұрпақтары тарихи әділеттілік пен ақиқаттың салтанат құратынына сенеді.
Жыл сайын жабулы қазан жабулы күйінде қалмай, соғыс тұтқындарының заңды құқықтарын қалпына келтіріп, «опасыз», «сатқын» деген айыптан арылтып, ел мен жерді қорғаған батырлар қатарына қосуымыз керек. Ол үшін қазақстандық тұтқындардың тағдырын анықтау, біртұтас электрондық база құру мақсатымен Қазақстанның Президенттік архивінде жасалған тізімді толықтыруға күш салайық. Бұл тізімді толықтыру үшін қазақ ғалымдары Германия, Румыния, Польша, Дания, Финляндия, Норвегия, Швеция архивтеріне барып, бұрын құпия саналған құжаттарды ақтарса, көптеген мәліметтер жинақталары сөзсіз. Бір қуанарлығы, Жеңістің 80 жылдығында кейбір облыстар тұтқындардың тағдырына тарихи тұрғыдан баға беру жұмысын бастады. Соның бірі – Ақмола облысы. «Ақмола. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында» атты жинақта 31 ақмолалық әскери тұтқынның, 30-ға жуық майданнан қайтпаған сарбаздың аты-жөні, өмірдеректері жарияланды. Осы жұмыс тоқтамауы керек. Ұлт тарихындағы ең қасіретті парақтардың шындығы ұрпақ үшін айтылса, бейбіт өміріміз үшін оларға қарыздары екенімізді біліп жүреміз. Ендеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан соғыс тұтқындарын ақтайтын Жарлық шығарып, ақиқатты қалпына келтіруді ел-жұрт болып сұрайық!
Төлен ТІЛЕУБАЙ