Студенттер кинология қызметімен танысты

«Esirtkisiz Elorda» жобасы мен «Заң және тәртіп» акциясы аясында елордалық колледж студенттері үшін Астана қаласы ІІД-нің кинологиялық қызмет орталығында экскурсия өтті. Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы мұрындық болған экскурсия барысында қатысушылар кинологтардың жұмысымен танысып, қызметтік иттерді даярлау әдістері туралы мәлімет алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Экскурсияға Астана қаласы әкімдігінің Жоғары көлік және коммуникация колледжінің 40 студенті қатысты. Кинолог полицейлер оларға иттердің жұмысы бойынша көрсетілім ұйымдастырып, соның ішінде тыйым салынған заттарды іздеу мен арнайы командаларды орындау элементтерін тамашалауға мүмкіндік берді. Студенттер мамандарға сұрақ қойып, қала қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетінін көзімен көрді. Іс-шара құқықтық сауаттылықты арттыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастардың қауіпсіздік мәселелеріне деген жауапты көзқарасын нығайтуға бағытталды.

-Біз қылмыспен иттердің көмегі арқылы күресеміз. Соның ішінде орталығымызда есірткі іздейтін иттер дайындалады. Қызметтік иттер сонымен қатар жарылғыш заттарды, ұрлық, адам өлтіру, тонау болған жерден адамдарды иісі арқылы іздейді. Одорология деген бағыт бар, яғни өмірде әр адамның ешқашан қайталанбайтын өзіндік иісі болады, соны тек иттер ғана ажырата алады. Оған қоса шабуылшы, мекеме күзететін иттерді де тәрбиелейміз. Біздің орталықта сондай 40-тан астам иттер бар. Иттердің 4 түрі осы жұмысты атқаруға бейім келеді, атап айтқанда, неміс және бельгиялық овчарка, қазақы төбет және ротвейлер иттер түрлі қылмыс ашуға көмегін тигізуде. Соның ішінде біз неміс және бельгиялық овчаркаларды көп қолданамыз, өйткені олардың кейде ақыл-санасы адаммен бірдей ме деп қаласың, есте сақтау қабілеті өте күшті болады, — деді аталған орталық басшысы, полиция подполковнигі Рауан Дәулетов.
Одан әрі полиция өкілі жастарға есірткінің зияны мен оны тұтыну ғана емес тасымалдаудың салдары туралы айта келе, қызметтік иттердің сондай күдіктілерді қалай анықтайтынын айтып берді.
-Иттерге есірткіні иісі арқылы анықтау жарты немесе 1 жыл ішінде үйретіледі. Алайда оларға үйрету барысында нағыз есірткінің өзі қолданылмайды, есірткінің түрлері мен олардың иісіне ұқсас басқа химиялық заттарды қолдану арқылы үйретеміз. Жалпы иттер бұл жұмысты атқарып жүргенде қылмысты ашып жүрмін деп санамайды, ойнап жүргендей қабылдайды, яғни бір тапсырманы орындағаннан кейін оларға ойнауға доп, тамақ беріледі, — деді полиция подволковнигі.

Экскурсия барысында иттердің қалай түрлі тапсырмаларды орындағанын көрген студенттер бұл іс-шараның олар үшін ерекше әсерлі болғанын атап өтті.
-Бүгін кинология қызметіндегі иттердің шабуылға төтеп беру тәжірибесін, жалпы осы саладағы тәртіп сақшыларының жұмысын көріп үлкен әсер алдық. Мұндай іс-шаралардың біз сияқты жастар үшін берері көп, яғни жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алуда маңызы зор. Себебі оның түбі неге әкелетінін, қылмыс түбі ашылатынын көзбен көреді, түйсінеді. Сондықтан осындай экскурсияларды ұйымдастырған «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығына рахмет айтамыз, — дейді аталған колледждің 2-курс студенті Сырым Қаділбек.
Райхан Рахметова
Фото: Сұлтан Сейіт



