ӘлеуметБасты ақпарат

Спортты серік еткен елордалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығының кепілі. Бұл салаға жүйелі түрде қолдау көрсетіп, әрбір азаматтың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау – біздің басты міндетіміз» деп атап өткен болатын. Ал алдағы жексенбі – Спорт күні. 2003 жылдан бері атап өтілетін кәсіби мерекенің маңызы зор. Бұған қоса біздің халықтың бұрыннан денсаулықты басты байлық санап, оның қадірін жіті түсінуге бағытталған тәрбиені қалыптастырғаны да белгілі. Мұндай ұстанымдағы халықтың дені сау, ойы сергек болатыны анық дүние. Әрі бұл үшін мемлекет барлық жағдайды істеп жатыр.

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

Тақырыпта айтылғандай, «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» деген сөз бекер емес. Спорт – тек денсау­лық кепілі ғана емес, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптас­тырудың тиімді құралы. Ал елордада бұқаралық спортпен қамту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.

«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы қала тұрғындарының саны – 1 566 566 адам болса, елордада 992 дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ұйымы жұмыс істейді. 601 200 адам спортпен жүйелі түрде айналысады, бұл – қала тұрғындарының 40%-ын құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 42%-ға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ жыл басынан бері жоспарға сәйкес, 1050 бұқаралық спорттық іс-шара өткізу керек болса, оның 511-і бүгінде жүзеге асты. Оның ішінде 66-сы – халық­аралық, 88-і – республикалық, 357-сі – қалалық деңгейдегі жарыстар. Аталған спорттық іс-шараларға барлығы 450 мың адам қатысып, оның ішінде 87 179 спортшы, 362 821 көрермен қамтылды» дейді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.

Азамат Қазезұлының айтуынша, Астанада бірқатар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткен. Атап айтсақ, эстетикалық гимнастикадан «Astana Alan Cup» халықаралық турнирі, конкур бойынша Еуразиялық лига аясындағы әлем кубогының кезеңі, Қазақстан мен Дания, Албания, Армения ұлттық құрамалары арасындағы футзал және футбол матч­тары, дзюдодан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» халықаралық турнирі, IBSA 2025 пара дзюдо әлем чемпионаты және т. б. жарыстар ұйымдастырылды. Бұған қоса киберспорттан «Counter-Strike 2 – PGL Astana 2025» халықаралық турнирі, Astana Half Marathon, баскетболдан Virtus World Basketball Championship, «Толағай» алыптар сайысы мен футболдан әлем чемпионатының іріктеу кезеңі: Қазақстан – Солтүстік Македония кездесуі де елордада өткен.

«Биыл біздің салада төрт негізгі бағыт бойынша ауқымды жобалар іске асырылуда. Біріншісі – «Таза Қазақстан» акциясы негізінде жыл бойы 60-тан астам іс-шара өткізу жоспарланды. Екінші бағыт – «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы. Бұл бойынша біз 94 іс-шараны қамтимыз. Одан соң «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай 13 спорттық мақсаттағы іс-шара өтсе, «Заң мен тәртіп» бағытында жастардың азаматтық жауапкершілігін дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында іс-шаралар ұйымдастырылуда» дейді ол.

Басқарма басшысы орынбасарының сөзінше, қалада өтіп жатқан спорттық іс-шаралар – тек халық денсаулығын нығайтумен шектелмей, елорданың халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастыруға да зор үлес қосуда.

Тегін жобаларды білесіз бе?

Мемлекет басшысының тапсырмасымен дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың санын арттыру үшін Астанада бірқатар арнайы бағдарламалар мен жобалар әзірленген. Бүгінде қала тұрғындарына «Aulafit» спорттық-әлеуметтік пен «Өзіңнен баста» өзін-өзі қорғау бойынша жаттығу жобасы, йога мен скандинавиялық жүріс бойынша тегін оқу-жаттығу сабақтары және «Funny Sport» жазғы спорттық іс-шарасы жүріп жатыр. Мұның барлығы – қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыруда жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Ақпаратқа сенсек, жалпы бас қалада 10 спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде 2 балалар мен жасөспірімдер, 2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 6 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және бір жоғары спорт шеберлігі мектебі бар. Ал осы мектептерде 8 мыңнан астам елордалық бала кәсіби спортпен айналысып жүр.

Жаңа кешендер салынуда

Кейінгі 10 жылда Астанада мемлекет тарапынан қолдау­ға ие болған дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуда ауқымды жұмыс жетерлік. Оның дәлелі – қаланың әр аумағында бой көтеріп жатқан жаңа спорт нысандары мен халықтың күнделікті салауатты өмір салтына деген ұмтылысының артуы.

«Қазір Астанада халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 1 мың адамға шаққанда 37,1%-ды құрайды. Қалада 819-дан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 35 ірі спорт нысаны бар, соның 17-сі нақты бір спорт түріне мамандандырылған. Ал биыл жеке инвестициялар есебінен үш жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді. Сондай-ақ спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасымен бірлесіп, 40 жер телімі белгіленді. Оның ішінде 3 учаскеде бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жоспарлануда» дейді А.Ағзамов.

Бүгінде қалада 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Биыл «Теміржол» және «Үркер» тұрғын алаптарында тағы екеуі пайдалануға берілмек. Әрі «Жеңіс» спорт кешені жанынан көркем гимнастика талаптарына толықтай сай келетін жаңа жаттығу залының құрылысы жүруде.

«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадион мен «Қазақстан» спорт сарайын реконструкциялау және модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Одан бөлек, Есіл ауданында «Қазақстан темір жолы» АҚ қолдауымен жабық мұз айдынының құрылысы жүріп жатыр. Орталық саябақ аумағында шаңғы базасының құрылысы басталды. Оны пайдалануға беру алдағы қыркүйек-қазан айларына жоспарланған. 300 адамдық «Инклюзивті спорт орталығы» жобасы конкурстық комиссия­дан қолдау тауып, құрылысы басталды. Бұл да жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұған қоса 15 мың орынға арналған «Көпфункционалды спорт кешені» жобасы қарас­тырылуда» дейді ол.

Жетістіктер жетерлік

Еңселі елордада дүбірлі додаларда топ жарып, Астанамен қатар, ел абыройын асқақтатып жүрген спортшы көп. Айталық, биыл бірінші жартыжылдықта елорда құрамасының спортшылары 5000-нан астам түрлі медальға ие болыпты (алтын – 1956, күміс – 1706, қола – 1613). Ал жарыстар бойынша айтсақ, Астана құрама командасының спортшылары 1308 спорттық іс-шараға қатысқан.

Атап өтсек, ақпан айында Астана командасы Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында бақ сынады. Жарыс 11 спорт түрі бойынша ұйымдастырылған. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Астана командасы бес спорт түрінен 37 спортшыны додаға қосыпты. Сонымен қатар, олар төрт жылда бір рет өтетін VI қысқы Спартакиадада жалпыкомандалық есепте ІІ орынды иеленіп, 14 алтын, 15 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.

Тағы бір мысал, Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан әлем кубогы өтті. Бұл – Олимпиадалық World boxing ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы. Беделді бәсекеде Астана намысын үш спортшы – Санжар Ташкенбай мен ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбай қорғаған. Нәтижесінде Санжар мен Айбек алтын, ал Нұрбек күміс медаль жеңіп алды. Осылайша Қазақстан өз жерінде өткен әлем кубогын сегіз алтынмен қорытындылап, ел мерейін асқақтатты.

Елордалық спортшылардың мұндай жетістіктері туралы ауыз толтырып айтар басқа мысалдар да жеткілікті.

Расында спортты сүйе­тін, оған ерекше ден қойып, көңіл бөлетін халық барда – Қазақстан спорты ешқашан кенжелеп қалмас. Алдағы байрақты бәсекелерде біздің спортшылар толағай табыс­тарға қол жеткізіп, ел спортының мәртебесі де асқақтай түсері анық. Ал салалық басқармадағылар спортшылардың алаңсыз жаттығып, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғауы үшін барлық мүмкіндікті жасап, үзбей қолдау көрсететінін айтып отыр.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button