Ширек ғасыр – тәртіп сақшысы

Есіл ауданының учаскелік полиция инспекторы Нұржан Шорин – өз ісіне адал берілген жан. «Құқық қорғау саласына жан қалауымен келген адам ғана мұнда түпкілікті қалады. Ал біреудің итермелеуімен немесе әйтеуір жалақы аламын деп келгендер көпке бармайды. Себебі халықпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Олармен ашық, адал болу керек, біздің еңбегімізге бірінші баға беретін солар» дейді инспектор.
Биыл – Нұржан Серікбайұлының тәртіп сақшысы болып еңбек жолын бастағанына 25 жыл. Алғаш қызметін Петропавл қалалық iшкi icтер бөлімінде жедел уәкіл лауазымынан бастаған. Көкшеде туып, Қарағанды полиция академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Бала кезден армандаған жұмысын 2023 жылдан бері Астанада жалғастырып, бүгінде елорданың сол жағалауындағы тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етуде.
– Жұмыстағы басты міндеттеріме Есіл ауданында өзіме бөлінген аумақты аралау, тұрғындар тыныштығын қамтамасыз ету, түрлі қылмысқа жол бермеу жатады. Жұмыс таңертең сағат 8:00-де басталып, кешкі сағат 23:00-ге дейін жалғасады. Әр үйде МИБ, ПИК өкілдерімен, тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымын тыңдаймыз, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Ортақ WhatsApp-чат ашып, сол жерде барлық мәселені талқылап, сондағы хабарламалар бойынша тексеру жүргізіп отырамыз. Түнде пәтер иелері немесе жалдап тұратындар шуласа, көршілерінің шағымымен хаттама толтырамыз. Кіреберістерде қоқыс тастауына жол бермей, тазалық ережелерін бұзғандарды анықтаймыз, – дейді учаскелік инспектор.
Лифт жанында етін ұмытып кеткен бір қария хабарласып, содан ол дереу бейнебақылау камералары арқылы етті еден жуатын әйелдің алып кеткенін анықтаған. Сондай хабарламалардың күн сайын 4-5-еуі түседі. Жұмыс жоспарына сәйкес, Нұржан инспектор үш айда бір рет аумақта кездесу өткізеді. 6 баланың әкесі ұрпағының болашағы үшін Астанаға келіп қызмет етуде. Бос уақытында футбол ойнағанды жақсы көреді, жалпы өзі салауатты өмір салтын ұстанғанды жөн санайды.
Райхан РАХМЕТОВА