Шаһардың шеті деп шектемейік…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың бауырлас қалалары бас қосқан форумда сөйлеген сөзінде еліміздің қалалары теңгерімді дамуға тиіс екенін, әсіресе елорда маңындағы тұрғын алаптарды көркейтіп, оларды өмір сүруге барынша қолайлы ету керектігін атап өткен еді. Бүгінде бас шаһардың айналасында тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға ерекше күш салынып, қаланың шет аймақтарын дамыту жұмыстары қарқынды түрде іске асуда.
Астананың шет аймақтарын дамыту – елорданы абаттандырудың маңызды бағыты. Бұл ретте сонау 1999 жылы жаңа елорда әкімдігі «Шет аймақ» бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Ол кезде елорда маңындағы Өндіріс, Көктал, Күйгенжар, Теміржолшылар, Пригородный, Промышленный, Мичурин, Интернациональный және т.б. елді мекендерде жылу, су, жарықтандыру, апатты тұрғын үйлерді бұзу, жол салу, жылы аялдамалар орнату, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, автобус маршруттарын іске қосу, жаңа әлеуметтік нысандар салу мәселесі аса өзекті болатын. Тұрғындар қоғамдық көліктің уақытымен келмейтінін, аялдамалардың аздығын айтып шағымданатын. Бас қала мен оның халқы өскен сайын аудан әкімдіктерінің алдындағы міндеттер де жаңарып, бүгінде мұның бәрі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.
Шаһар басшысы Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Астана маңындағы елді мекендердің дамуы 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылып жатыр. Тұрғын алаптарда халық санының өсуіне байланысты білім ошақтарын, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, өрт сөндіру депосын ашу, инфрақұрылымдық желілер, жолдар, аулалар және т.б. салу көзделген.
– Бүгінгі таңда Астанада 16 елді мекен бар. Онда халықтың төрттен бірі тұрады. Біз әрбір елді мекенді аралап, жергілікті тұрғындармен тұрақты кездесеміз. Елді мекендердегі халықтың қажеттіліктеріне және тұрғындардан келіп түсетін мәселелерге сүйене отырып, даму жоспарын әзірлейміз. Өткен жылы Теміржолшылар және Үркер елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, Көктал және Үркер елді мекенінде өрт сөндіру депосы пайдалануға берілген болатын. Кирпичный және Интернациональный елді мекендерінде мектеп құрылысы аяқталып, көшелерді асфальттау, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Елорда маңындағы елді мекендердің дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында, – деді қала әкімі.
Астананың тұрғын алаптарын, қала шеттерін одан әрі дамытуға және кешенді абаттандыруға қатысты мәслихаттың көшпелі отырысында Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов баяндама жасап, оңтүстік-шығыс тұрғын алабында көшелерді шағын және орта жөндеу, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды салу, тұрғын үй алабында электр желілері ауыстырылып, 22 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілгенін және инженерлік желілер жаңғыртылғанын, бұл мәселелердің барлығы да тұрғындардың өтініші негізінде шешілетінін жеткізді.
ҮРКЕР АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРДІ
Жалпы бас қала маңындағы елді мекендердің жағдайын халық қалаулылары жақсы біледі. Қалалық мәслихаттың депутаты Бахаргүл Төлеген соңғы екі жылдан астам уақыттан бері Үркер шағын ауданында ауқымды істер атқарылғанын, тіпті газ берілгенін айтып, ағынан жарылды.
– Үркер – округімдегі ең ірі алап. Бұған дейін мұнда 4 мың бала оқитын бір ғана мектеп болатын. 2024 жылдың аяғында тағы бір «Жайлы мектеп» ашылды. Биыл 900 балаға арналған үшінші мектеп, өрт сөндіру пункті пайдалануға беріледі. Тұрғын алап халқының жайлы өмір сүруі үшін бұл жерде барлық жағдай жасалған. Емхана, дене шықтыру-сауықтыру кешені, аула клубы бар, жоғары жылдамдықты интернет желісі де қосылған. Исатай батыр көшесіне үш бағдаршам орнатылды. Алдағы уақытта тағы 2 бағдаршам орнатылады. Бұрын Е-808 көшесінде жарық болмаған. Тұрғындардың шағымдары негізінде жауапты органдарға хабарласқаннан кейін көше жарықтандырылды. CTS компаниясының басшысымен хабарласып, тұрғын алапқа дейін қатынайтын №62, №66 автобус маршруттарының қозғалыс бағдарын қайта қарастырдық және жаңа автобус маршруттарын қостық. Доспамбет жырау-Есет батыр көшелерінің қиылысында бағдаршамдар орнатылып, зиг-заг формасындағы жол қалпына келтірілді. Келесі жылы тұрғын алапта тағы 5 бағдаршам орнатылады, – деді депутат.
Расында, кейінгі жылдары Үркер айтарлықтай өзгерді. Бұрын қаланың шеті деп мұрнын шүйіріп жүргендер бүгінде аумақтың жайлы әрі көрікті болып келе жатқанына қызыға қарауда. Мұнда жол, тротуар салынды, инженерлік желілер жаңартылды, газдандыру жүргізілуде. Халықтың өмір сүру деңгейі айтарлықтай өсті. Биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жанынан үлкен сквер салынып, Шота Руставели, Назым Хикмет және Исатай батыр көшелерін көгалдандыру, сондай-ақ «Астана» тұрғын үй кешенінің ауласын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Көктал көркейіп келеді
Он жылдан бері Көктал-2 тұрғын алабында өмір сүріп келе жатқан Болат Жанұзақов қазіргі тұрмысына дән риза.
– Көшіп келген жылдары үйді көмірмен жылытатынбыз. Пеш жағып, күл шығарып, әбігерге түскеніміз бүгінде ұмытылды. 2021 жылы тұрғын алапқа газ келді, содан бері өзімізді шын мәнінде астаналық сезіне бастадық. Бүгінде өз емханамыз, мектебіміз және балабақшаларымыз бар. Сондай-ақ бізде шағын және орта кәсіпкерлік белсенді дамып келеді. Қасымызда күнделікте тұрмысқа қажетті нәрсенің бәрін қолжетімді бағамен сатып алуға болатын базар жұмыс істейді. Балалар жазда футбол, басқа да көше ойындарын ойнап денелерін шынықтырса, қыста жеке үйлердің ауласына қардан аққала соғып, әйтеуір тыным таппайды. Қоғамдық көлік те тоқтаусыз жүріп жатыр. Жаңа маршруттар іске қосылды, жылы аялдамалар орнатылды. Көшелерімізге асфальт төселді, интернет жүйесі қолжетімді. Әйтеуір, жұрт қатарлы жақсы өмір сүрудеміз, қазір қала орталығына сабылмаймыз, күнделікті өмірге қажеттінің бәрі қасымызда, – деді тұрғын.
2019 жылы Президенттің қатысуымен тұрғын алапта «Шұғыла» орталығы ашылған болатын. Мұнда балалар әртүрлі студиялар мен секцияларға тегін қатысады. Қайнар және Құсмұрын көшелерінің қиылысында орналасқан «Қорғалжын» саябағы 2022 жылы толығымен жаңартылып, қайта құрылды. Жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, айнала тегіс көгалдандырылды. Әртүрлі қарағай, шырша, сирень, қарағаш және т.б. көптеген ағаштар отырғызылған. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы, іс-шаралар алаңы және тыныш аймақ болып төрт аймаққа бөлінген бұл жерде шахмат пен үстел теннисіне арналған арнайы үстелдер бар. Саябақ толығымен жарықдиодты шамдармен, жергілікті суару жүйесімен және жаңа үлгідегі жарықтармен жабдықталған.
Қысқасы, Астананың жарқыраған жарығы мен айналасындағы жасыл желегіне, зәулім биік үйлері мен оқтай түзу көшелеріне, бақтары мен гүлзарларына ұқсамаса да, кейінгі кезде елорданың айналасындағы елдімекендердің әлеуеті артып, инфрақұрылымы жетіліп келеді. Бұл ретте шаһардың шеті деп шектемей, Президент айтқандай, бас қала мен оның төңірегінде орналасқан шеткі аймақтардың біркелкі дамуына, олардың арасында көп айырмашылықтың болмауына мән беріліп, бұл жерлерде де тазалық пен тәртіп орнап, тұрғындардың талап-тілектері ескерілуде. Өйткені сыртқарырақ тұрғандарына қарамастан олар да астаналық мәртебеге сай өмір сүруге құқылы. Тек әрбір тұрғын айналасына жанашырлық танытып, тұрған жерінің экологиясы мен тазалығына мән беріп жүрсе дейміз.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ