Серіктің соны соқпағы

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісов қазақ қара өлеңінің ақжал арыстанына теңеген көрнекті ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы өміріндегі бір мерейлі белеске шығып отыр. Көктемнің алғашқы күні жарық дүние есігін ашқан ақынды майда, жылы лебімен қардың көбесін сөгетін алтын күрекке ұқсатқанымыз бар еді. Қаламгердің бар болмысы да табиғаттың осы бір құбылысына келеді. Белгілі жазушы Сәбит Досанов осыдан он жыл бұрын «Серік ақынның сеңгірі» атты мақала жазды. Қаламгер ағасы мен жұрттың да ақ тілеуі шығар, Тұрғынбектің талантты ұлы сексеннің сеңгіріне аман-есен шығып отыр.
Торғайдың Тосын құмынан шығып, қосын әдебиет ауылына тіккен ақын өлең өлкесі мен театр төрінен шырайлы шығармаларымен өз орнын ойып тұрып алды. Лирик әрі эпик ақын ретінде танылды. Бесінші-алтыншы сыныптарда оқып жүргенде-ақ өлеңдері аудандық, облыстық газеттерден көріне бастады. Оныншы оқығанында жырлары республикалық газеттерде жарияланды. Ал мектеп бітіретін жылы «Жұлдыз» журналында жарқ ете қалды.
1965-1966 жылдары сол кездегі Целиноград қаласында, қазіргі елордамызда Тың өлкесі ақын-жазушыларының республикалық кеңесі өтіп, оған Торғай атырабынан сатирик Сейіт Кенжеахметов, жас ақындар Таңатқан Сәтбаев пен Серік Тұрғынбекұлы делегат болып қатысты. Бұл алқалы жиынға Ғабит Мүсірепов бастаған Жұбан Молдағалиев, Ғали Орманов, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев секілді қабырғалы қаламгерлер келді. Ғали Ормановтың секциясына түскен Серік ақынның өлеңдері оң бағасын алды. Сонда секция жетекшісі: «Алматыға кел, сенен жақсы ақын шығады» дейді. Кеңеске қатысқан әдебиеттанушы ғалым Зейнолла Қабдолов арқасынан қағып, оқуға шақырады.
Бұл қыркүйек айы болатын. Содан ойлана келе, ақ бас Алатау баурайына аттанады. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Оның себебі, сол уақытта «Жаңа өмір» аудандық газетінде жұмыс істейтін. 1967 жылы ғана Алматыға біржола келіп, Қазақ радиосына қызметке орналасады. Бала кезінен бірге тай-құлындай тебісіп өскен досы, көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабековпен табысады.
Алатау алабында Кеңшілік екеуі баллада жанрын биікке көтерген Қайнекей Жармағанбетов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков сынды атақты жерлестерін арқа тұтты. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, терең ақын Жұмекен Нәжімеденовтің соңынан еріп, тәлімдерін көрді.
Мұқағалидың: «Серік өлеңдері арындап алып та қашпайтын, бір орында тапжылмай тұра да бермейтін, бойында қаны бар байыпты, байсалды жырлар. Ол бойындағы дарынын шашпай-төкпей, асықпай, аптықпай жаймен, ақылмен жырлауға ұмтылады» дейтіні сол тұс. Біздіңше, бұдан асырып, әлі ешкім айта қойған жоқ. Серік ақын да қарыз болып қалмай, ақиық ақынның рухына арнап «Мұқағали» поэтикалық драмасын жазды. Бұл туындының Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында қойылып келе жатқанына жиырма жылдан асты. Осы драма театр әртісі Жанқалдыбек Төленбаевтың жұлдызын жандырды. Жұрт актерді осы күні Мұқағали деп атайды.
Серік Тұрғынбекұлы поэзиясының табиғаты туған топырағынан тамыр тартады. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың дастандарымен өсті. «Осы күні өзім дастан жазып жүрсем, бала кезімде жаттаған сол дастандардың әсері, Нұрхан дастандарына деген балаң шағымдағы құштарлығым шығар» деген еді ақын бізбен бір сұхбатында. Жас кезде еліктеу-солықтау деген де болады. Серік ақын бір кездері Сырбай Мәуленовке еліктеген. «Сырбайдың даусына салып, Сырбайша күркіреп өлең оқыған кезеңдерім басымнан өтті. Өйткені бұл ақынды Алматыға бармай тұрғанда көрген едім. 1963 жылы Сырбай мен Ғафу Нұрханның 60 жылдық мерейтойына елге келді. Өлеңді жаңа жазып жүрген кезім. Сырбайға еліктедім де қалдым» дейді ақын өткен жылдар естеліктерін жаңғыртып.
Ақыры өлең өлкесінде соны соқпағын салды. Шығармашылығынан поэзиядағы айқын азаматтық үні, дара дастаншылығы менмұндалайды. Шоқтығы биік шығармалары да жеткілікті. Мысал үшін бір ғана «Кейкі батыр» дастанын алайық. «Қазақ өлеңінің жалында құйындай ойнайтын шабандоз ақын Серік Тұрғынбекұлы бұл дастанында су шайқалмас жорғадай төгіліп-ақ бағыпты. Күллі ұлт болып өз тарихымызды саралап жатқан рухани ізденіске өрелі үлес қосқан талантты суреткерге риза болмасқа хақыңыз жоқ» деген еді бұл туындысы туралы әдебиетіміздің абызы Әбіш Кекілбайұлы. Оны Ақселеу Сейдімбек «Бес ғасырлық мектебі бар қазақ поэзиясының поэтикалық мол ғибратын ақын Серік қапысыз пайдаланып отырады» деген пікірімен қостайды. Осы дастаны үшін Серік Тұрғынбекұлы халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді.
Тағы бір дастаны «Махамбет және Жәңгір хан» аталады. Осы шығармасы үшін ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен батыр әрі ақынның 200 жылдығы тұсында «Махамбет» сыйлығын алды. Ал «Кенесарының Ақмоланы алуы» дастаны Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мүшәйрада бас жүлдені иеленді.
Биыл қазақ баласының ғарышты бағындырғанына 35 жыл толады. Осы оқиға да Серік ақынды тебірентіп, қаламынан «Ғарыш-Қазақ» атты поэмасының тууына себеп болды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке арналған бұл туындының тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше деп есептейміз.
Кейінгі отыз жылға жуық уақыт Серік ақынның шығармашылығы Астанамен астасып жатыр. Иә, оның жырына арқау болатын айшықты тақырыптарының бірі де, бірегейі де – Астана. Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жарқыра, жайна, Астана!» атты мүшәйраның бас бәйгесін иеленгені де бар. Ақын өлеңдері мен дастандары ұлттық рухтың жаңғыруына қызмет етті. Кешегі қатпарлы тарихты да, бүгінгі өмірді де шаршамай, талмай жырлады. Ертеректе «Салынып жатыр Астана» атты репортаж өлең де жазды. Елорда жайлы басқа да өлеңдері баршылық. «Жүрегім – мұңның ұясы» кітабындағы тұтас бөлім «Есімің сенің елорда» аталып, бас қалаға арналған. Осында Қалибек Қуанышбаев театрының әдебиет бөлімін, Сәкен Сейфуллин музейін басқарды. Қаламынан туған «Мұқағали», «Шәмші» секілді спектакльдері бас қала театрларында жүруде. Серік ақынның өлеңдеріне жазылған әндер де баршылық.
Бұйыртса, биылғы мамыр айында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда төрінде ақынның шығармашылық кеші өтеді. Қаламгер салтанаты, қаламынан туған туындыларының шеруі сонда болады. Ақынға басқа да құрмет көрсетілсе деген тілегіміз бар. Серік Тұрғынбекұлына Астана қаласының Құрметті азаматы атағы берілуі керек деп бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Сол ұсынысымыз биыл еленсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



