Қала мен сала

Сарыарқа ауданында ауқымды экологиялық акция өтті

Астананың Сарыарқа ауданында коммуналдық жағажай аумағын қоқыстан тазарту мақсатында ауқымды экологиялық акция өтті. Оған «Жасыл ел» еңбек жасағының ондаған белсенді жастары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті. Оны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар басқармасы Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Акцияның басты мақсаты – қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар арасында қоғамдық кеңістіктердің тазалығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Тазалық жұмысына қатысқан «Жасыл ел» еріктілері ондаған қап қоқыс жинап, елордалықтар үшін демалысқа жайлы және қауіпсіз орта қалыптастырды.

«Бүгін біз Есіл өзенінің жағасындағы жаңа коммуналдық жағажайда тазалық жүргіздік. Басты мақсатымыз – қоғамдық орынды тұрғындар үшін таза әрі қауіпсіз ету», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы бөлімінің міндетін атқарушы Ерлан Айдар.

Оның айтуынша, биыл «Жасыл ел» жобасы аясында 5200-ден астам жас жұмыспен қамтылған.

«Мамырдан тамызға дейін жастар жалақы алып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қоса алады. Бұл – тазалық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Жастарды осындай бастамаларға белсенді қатысуға шақырамыз, аулаларымыз бен қаламызды бірге тазартайық», – деп толықтырды Ерлан Айдар.

Тазалық өткізілген орынның да мәні бар. Коммуналдық жағажай – жаз мезгілінде халық көп жиналатын танымал демалыс аймағы. Алайда мұндай орындар тұрмыстық қалдықтарға толып қалады.

«Қоғамдық орындарды жүйелі түрде тазалау қажет. Астаналықтардың таза әрі күтім жасалған орында демалғанын қалаймыз. Бұл – елорданың экологиялық болашағына қосқан маңызды үлесіміз. Тәртіпті сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді «Жасыл ел» жобасы жетекшісінің орынбасары Асылбек Әбдірашитов.

Акцияға қатысқан «Жасыл ел» еріктілерінің бірі қаланың тазалығына үлес қосу өзі үшін маңызды екенін айтты.
«Мұндай іс-шараларға қатысу – жастардың белсенді екенін және қала мен тұрғындарға көмектесуге ұмтылатынын көрсетудің мүмкіндігі. Бұл – менің қала көркіне қосқан жеке үлесім. Адамдар айналасында не болып жатқанын қайталайды деп ойлаймын. Осындай акциялар жиі ұйымдастырылып, оған көбірек тұрғындар қатысса, басқаларға үлгі болады және олар да тазалыққа мән бере бастайды. Мен мұндай бастамаларға алдағы уақытта да қатысамын», – деді ерікті.

Айта кетейік, Астанада «Жасыл ел» базасында «Таза дүйсенбі», «Таза бейсенбі» және «Таза сенбі» сынды басқа да экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Мұндай бастамалар қаланың тазалығын сақтап, жайлы орта қалыптастыруға септігін тигізеді.

Еске салсақ, 2025 жылы «Жасыл ел» жасағының XXI еңбек маусымы өтіп жатыр. Онда 14-35 жас аралығындағы 5200-ден астам жас жұмылдырылған. Олар елордадағы жасыл аймақтарды абаттандырумен, әлеуметтік нысандар мен саябақтар аумағын күтіп-баптаумен айналысады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button