Руханият

Санаға сіңіре алмай келеміз

Бүгінгі күннің бір анығы: Абай ілімі өз құндылығы мен өміршеңдігін ешқашан жоғалт­қан емес.

Заман өзгеріп, қоғам қанша дамыса да, Абайдың даналығы мен өсиеттері өзектілігін сақтап келеді. Оның ойлары мен идеялары қазіргі қоғам жағдайына әбден сәйкес. Сондықтан да Абайдың даналығына деген сұраныс азаймайды, керісінше арта түседі. Ал сұраныс бар жерде нәтиже болуы – заңдылық. Дегенмен, Абай сынға алған жаман қасиеттерден арылып, ұсынған жақсы қасиеттерге қол жеткізе алдық па? Өкінішке қарай, жоқ. Қоғамдық санада Абайдың ілімі әлі де кең өріс ала алмай отыр. Рас, біз Абайды жақсы көреміз, бағалаймыз, туған күнін атап өтеміз, баяндамаларымыз бен жазбаларымыз­да жиі сілтеме жасаймыз. Бірақ ұлы ақын айтқан «Толық адам» болмысын қалыптастыра алдық па? Тағы да өкінішке қарай, жоқ. Өйткені біз Абай ілімін ұлттық деңгейге көтеріп, санаға терең сіңіре алмай келеміз.

Конфуций ілімі – ұлт санасына сіңген рухани тірек

Ежелгі Қытайдың ұлы ұстазы Конфуций де – адамзат тарихындағы ірі ойшылдардың бірі. Екі жарым мың жыл өтсе де, оның ілімі Қытай халқының қоғамдық санасында берік орын алып келеді. Конфуцийдің даналығы – қытайлықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бір бөлігіне, өмірлік қағидатына айналған. Бұл құбылыстың себептеріне үңілсек, Конфуций өмір сүрген кезеңде Қытайда тәртіп бұзылып, ел ішінде жаугершілік, әділетсіздік, бейберекетсіздік өршіген еді. Сол кездегі қоғам үшін тәртіп пен адамгершілік ауадай қажет болды. Бұл қажеттілік Конфуций ілімінің тууына түрткі болды.

Ол елді басқарудың үш негізін атады:

  1. әділеттілік;
  2. табиғатты сүю;
  3. әдет-ғұрыпты құрметтеу.

Ал қоғамда бірлік пен татулық орнауы үшін ол үш негізгі қарым-қатынасты дұрыс орнату қажет деді:

  1. басшы мен бағынышты;
  2. әке мен бала;
  3. ер мен әйел арасындағы қатынас.

Конфуций бойынша, тыныштық пен татулық осы қарым-қатынастардағы үйлесімділікке тікелей байланысты. Екіншілер біріншілерді мүлтіксіз тыңдап, құрметтеуі тиіс. Ол:

«Кімде-кім ата-анасын шын ниетпен құрметтесе, мемлекет басшысына адал болса, сөзі мен ісі шыншыл болса, ондай адам сауатсыз болса да, оны ғалым дер едім» дейді.

Ата-анаға қайырымдылық – оларды тек асырау емес, қамқорлық көрсету. «Малды да асырайды. Адам болу үшін мейірімділік қажет» деп тұжырымдайды. Оның пайымынша, адамгершілік – рақым мен әділетке негізделуі тиіс. Нағыз игілікке қол жеткізу үшін әр адам, ең алдымен, өзін-өзі жетілдіруі тиіс.

Ол былай дейді:

«Бүкіл халықтың жағдайы жақсы болу үшін – әр отбасының жағдайы жақсы болуы керек. Отбасының жағдайы жақсы болу үшін – өзіңнің жағдайың түзелуі тиіс. Өзіңнің жағдайың жақсы болу үшін – жүрегің таза болуы керек. Жүрек тазалығы – шыншылдық пен ой саналығына байланыс­ты. Ал саналы ой – жоғары білімнен бастау алады. Жоғары білім – өзін-өзі танудан басталады».

Конфуций үшін ұлы адам атақ-даңқымен емес, адамшылығымен ғана ұлы.

Абай мен Конфуций ілімі – қазіргі Қазақстанда өзекті

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде осы екі ұлы ойшылдың идеяларымен үндестік анық байқалады. Президент еліміздегі көптеген қоғамдық кемшілікті атап өтіп, ел болашағын нығайтудың жолдарын көрсетті. Ол былай деді:

«Жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі, тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектес­тігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім мен жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы тиіс. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашыр­лық – бәрінен биік тұруы керек. Осындай ізгі қасиеттерді бойына сіңірген жанды «Адал азамат» деп атауға болады».

Президент атап өткендей, «адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам ғана құрметке ие болады. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды». Міне, осы тұста Абай мен Конфуцийдің ілімі және Тоқаевтың «Адал азамат» концепциясы тоғысып, бір идеяға айналады. Бұл ізгілікті қоғам құру идеясы.

«Адал азамат» дегеніміз – Конфуций айтқан басшы мен бағынышты, әке мен бала, ері мен әйелі арасындағы үйлесімді қарым-қатынасты сақтайтын тұлға. Абай айтқан «Толық адам» мен Конфуцийдің «Мейірімді адам» үлгісі – Президент Тоқаев ұсынған қоғам үлгісінің рухани негізі. Біз қазір жаһандық тұрақсыздық пен геосаяси өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Осындай күрделі шақта біртұтас ұлт болу – басты міндет. Ұлттық бірегейлікті сақтау, әділетті қоғам құру – әрбір азаматтың адами кемелдігіне, рухани биіктігіне байланысты. Сондықтан Абай ілімі де, Конфуций өсиеті де – қазіргі заман үшін қажет рухани бағдар.

Мансурхан Махамбетов,

қоғам қайраткері,

Парламент Мәжілісінің

VI шақырылым депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button