Регбиден Қазақстан құрамасы Asia Rugby Emirates Men’s Sevens Trophy турнирінде топ жарды

Регбиден Қазақстан құрамасы Омандағы Asia Rugby Emirates Men’s Sevens Trophy турнирінде топ жарды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Регбиден Қазақстан ұлттық құрамасы Оман астанасы Маскат қаласында өткен Asia Rugby Emirates Men’s Sevens Trophy 2025 турниріне қатысып, 15 команданың ішінен үздік шықты. Жерлестеріміз барлық кезеңде жеңіске жетіп, турнирдің жеңімпазы атанды.
Бәсеке топтық кезең, плей-офф, ширек финал, жартылай финал және финал форматында өтті. Қазақстан құрамасы өз тобында Қырғызстан, Сауд Арабиясы және Қатар командаларымен сынға түсіп, барлық қарсыласынан басым түсті. Сөйтіп, топта бірінші орынмен сенімді түрде knockout кезеңіне жолдама алды.
Топтық кезең (1-күн, 25 қазан):
Қазақстан – Қырғызстан: 44:0
Қазақстан – Сауд Арабиясы: 27:0
Қазақстан – Қатар: 34:7
Плей-офф кезеңі (2-күн, 26 қазан):
Жартылай финал: Қазақстан – Ауғанстан: 41:0
(Екінші жартылай финалда Үндістан Сауд Арабиясын 17:0 есебімен жеңді.)
Финал: Қазақстан – Үндістан: 27:0 – шешуші матчта да біздің спортшылар қарсыласына мүмкіндік бермей, сенімді жеңіске жетті.
Осылайша Қазақстан құрамасы турнирдің бас жүлдесін еншілеп, Asia Rugby Sevens Series турнирінің 1-дивизионына жолдама алды.
Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасы турнир бойы тамаша ойын өрнегін көрсетті. Барлығы 7 ғана ұпай жіберіп, бірде-бір матчта жеңілген жоқ. Бұл алтын медаль регбиден Қазақстан құрамасын Азияның үздік командалары қатарына қайта қосты.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан жоғары дивизионға көтерілсе, ал Өзбекстан мен Қытай Тайбэйі төменгі дивизионға түсіп қалды.
Маскаттағы бұл жеңіс – отандық регбидің жаңа даму кезеңінің бастауы. Бұл жеңіс ел құрамасының халықаралық аренада өз мықтылығын тағы бір дәлелдеп, регби-7 спортында Қазақстанның қайтадан жетекші елге айналып келе жатқанын көрсетті.



