Құлабыз – ғұмыр иесі

Ұлттық академиялық кітапханада белгілі қайраткер, сан түрлі талант иесі, сегіз қырлы, бір сырлы азамат Қайырбек Сәдуақасовты еске алуға арналған «Мен де өтемін өмірден әлемді ойлап» атты танымдық кеш өтті.
Кеш аясында Қайырбек Изатбекұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде сыр шертетін «Қайраткер Қайрекең жүрген қара жол» атты көрме ұйымдастырылып, ол туралы деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Көзкөргендер мен шәкірттері естеліктерді айтты. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері өлеңдерін оқыды, әндер шырқалды. Қайырбек Сәдуақасов жайында мақалалар, естеліктер мен арнау өлеңдер топтастырылған «Құлабыз – ғұмыр» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Азаматтың оқушы кезінен анасы, одан кейін жары ұқыптап сақтаған табельдері, дәптерлері, ұстаған портфелі секілді жәдігерлер таныстырылды.
Өмір жолын мектеп мұғалімінен бастап, одан кейін жарты ғасырдан астам ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Қайырбек Изатбекұлының қазақ мәдениеті мен әдебиетіне, руханияты мен өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қай қызметте жүрсе де, қолынан қаламын тастамады. Өлең жазумен қатар прозаға қалам тербеп, әдеби аудармамен айналысты. Шабанбай би, Сайдалы Сары Тоқа, Нарманбет Орманбетұлы сынды белгілі тұлғалардың портреттерін салып, бейнелеу өнеріне атсалысты. Жанынан ән де шығарды. Қайырбек Сәдуақасовтың өлеңдеріне композиторлар ән жазды. Сондай туындының бірі – Жақсыгелді Сейіловтің «Сүйінші» әні. Кеште бұл әнді талантты әнші, актер, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрай Танабаев әуелетті. Оны баянмен майталман музыкант, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев сүйемелдеді. «Жезкиік ақын» атанған Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған Жағыпар Әлімхановтың «Аққу әні» туындысын Қайырбек Изатбеков орыс тіліне аударды. Туындының түпнұсқасын Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бір топ әншісі шырқады.
Қайырбек Сәдуақасовтың шәкірттері – бір үлкен шоғыр. Олар қазір мәдениет, өнер саласында жемісті қызмет істеп жүр. Атап айтсақ, Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова, белгілі әнші, өнер зерттеуші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспан, өлкетанушы, мәдениет саласының үздігі Бақтияр Қожахметов болып кете береді. Аталған адамдар жүректі тебірентетін естеліктерімен бөлісті. Тағылымы мен тәлімі жөнінде журналист Ернат Мелсұлы әсерлі әңгіме айтты.
Замандастарының атынан сөз алған мемлекеттік қызмет ардагері Тиышбек Тяжин Қайырбек Изатбекұлының артында қалған мұрасын ғылыми айналымға енгізу керектігін айтты. Бұл іс қолға алынған да екен. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Мақпал Ерқуат «Қайырбек Сәдуақасов – алаштанушы, жазушы, қоғам қайраткері» тақырыбында дипломдық жұмысты (жетекшісі – осы оқу орнының оқытушысы Мақпал Ештанаева) жазып жатыр.
Қайырбек Изатбекұлы өз кезінде Жезқазған облысының Мәдениет басқармасын басқарды. Сол уақытта елеусіз қалған Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне жоғары биліктің назарын аудартып, сол кесенелердің жөнделуіне қаржы бөлгізді. Күні бүгінге дейін өтетін «Ұлытау үні», «Байқоңыр дауысы» фестивальдерінің бастамашысы болды. Жезқазған облысы жабылғаннан кейін, Қарағанды облыстық мәдениет департаменті бастығының орынбасары – мәдениет және өнер бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Оның бұл кезеңі туралы сол кезде бірге қызмет істеген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова әңгімеледі. Әсіресе театр саласына көп көңіл бөлгенін, Гориннің «Атың шықпаса…», Гаппаровтардың «Қиямет қайым Киото» пьесаларын қазақшалағанын, Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» шығармасын орысшалағанын жеткізді. Торғай облысы жабылғаннан кейін, Серке Қожамқұлов театрының Жезқазған қаласына көшіріліп, ұйымдастырылуына, музей ісіне сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Қайырбек Сәдуақасовты жұрт көзінің тірісінде «Жезқазғанның Жәнібекові» атағанын тілге тиек етті.
Қайырбек Изатбекұлы 2002 жылдан өмірінің соңына дейін, ширек ғасырға жуық уақыт елордада тұрды. Көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз хатшысы, одан соң Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің баспасөз қызметі жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарып, осы салада да жемісті еңбек етті.
Белгілі ақын, қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтов Қайырбек Изатбекұлының ұлттық құндылықтарды сақтап, насихаттаудағы еңбегіне тоқталды. Сонда өзінің Дәмеш Ермекова-Жүргеноваға жоқтаушы болуына Қайырбек ағаның тікелей ықпалы тигенін, бағыт-бағдар бергенін жеткізді. Қайырбек Изатбекұлы «Өлкетану мәселелері мен рухани қазыналарды насихаттауды тиімді ұштастыру» атты әдістеме әзірлеп кеткенін, мұны жүзеге асыруды қолға алу керектігін айтып өтті.
Қайырбек Сәдуақасов Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев сынды Алаш ардақтыларымен бір топырақта туып, олардың сарқытындай азамат еді. Өзі де алаштанумен айналысты. Кезінде академик Манаш Қозыбаев соған риза болып: «Қайырбек ұлт көсемі Әлекеңнің (Бөкейхан) сан қырлы саяси, қайраткерлік, ғалымдық, қысқасы, ұлтжандылық ұлы сипаттары туралы жазып жүр екен. «Ғылыми жұмыспен айналысып, Әлекең туралы тақырып ал, жетекші болуға дайынмын» дедім. Ол оның қолынан келеді» деп жазып кеткен. Бұл деректі «Құлабыз – ғұмыр» кітабын құрастырушылардың бірі, ақын, ғалым Ғазиз Ештанаев келтірді.
Тағы бір академик Дихан Қамзабекұлы «Қайырбек Изатбекұлы ғалымдардың ортасында ғалымша, ақын-жазушының арасында суреткерше сөйлей алатын. Астанада қолынан қаламы түспеді… Байыпты, салмақты, ең бастысы, аса алашшыл-тын. Әлихан мен Әлімханға қатысты қариялардың құлағында қалған туыстық, адами, әулеттік дерекке жүйрік-тін» деп жазды. Бұл деректі жоғарыда аты аталған кітаптан алдық.
Кітап демекші, «Мен де өтемін өмірден әлемді ойлап» кешінің өтуі Халықаралық кітап сыйлау күніне сәйкес келді. «Құлабыз – ғұмырдың» бірнеше данасы Ұлттық академиялық кітапхананың қорына тапсырылды. Қайырбек Изатбекұлы көзінің тірісінде өзінің шәкірті, осы кітапхана басшысы Күміс Сейітова мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға кітаптарын сыйлауды жоспарлаған екен. Қолтаңба да жазып қойыпты. Алайда денсаулығы сыр беріп, ақыры ауыр дерт алып тынып, үлгере алмай кетті. Оның аманатын кеште туған бауыры Нақыпбек Сәдуақасов орындады, яғни ағасы дайындап қойған кітаптарды Күміс Қарсақбайқызына тапсырды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



