Басты ақпаратМәдениет

Қоғам дерті туралы қойылым

Кеше Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Екі ғұмыр» спектаклін ұсынды. Қойылымды көрермендермен бірге елорданың спортшылары тамашалады.

Драма жанрындағы туынды жуырда түбегейлі жаңарды. Пьесаға өзгерістер енді. Былайша айтқанда, мәтінге өңдеу жүргізілді. Сосын әсерді күшейту үшін музыкалық хор қосылды.

Авторлары Қолқанат Мұрат пен Асхат Молдағали бүгінгі өзекті тақырып – нашақорлық мәселесі мен жастар өмірін шығармаға арқау етті. Ал сахналық нұсқасын туындының қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат ­Маемиров жасады. Режиссері – Бауыр­жан Нұрбай. Бұл қойылым ар-ождан мен шындықтың, адам мен ортаның арасындағы шынайы қақтығысты суреттейді.

Драма кейіпкерлерінің тағдырына ортақ нәрсе – рухани әлсіреу, адам­гершіліктің жоғалуы. Олар өмірдің небір өткелінен өте жүріп, мейірім мен жақсылық әлемімен қайтадан табысады. Бұл шығарма көрерменді тек ойлануға ғана емес, бүгінгі адамдардың болмысын танып-білуге, тіпті өз өмірі мен ұстанымына үңілуге үндей отырып, тазалық пен ізгілікті дәріптейді. Әр кейіпкердің тағдыры арқылы авторлар бір шындықты алға тартады. Бұл – ары биік азаматтар қоғамды алға жетелейді деген ой.

Кейіпкерлерге келсек, оқиға Жұмағұл Сәдуақасұлы атты әке, Гүлнұр есімді ана және олардың Ермек деген ұлы мен Гүлім атты қызы арасында өрбиді. Әке бейнесін қос құрамда Ақәділ Иманғали мен Қазыбек Есқара, ананы Ақниет Зәмзат пен Мақпал Дүйсен сомдайды. Ермек бейнесін Мұхамедсаид Бағашаров пен Нұрдәулет Кеңшілік, Гүлімді Диана Тұржанова мен Гүлден Құрмет ойнайды.

Қойылым хормейстері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ғалымжан Берекешев пен қоюшы хореограф Айгүл Амандықованың еңбектерін де атап өткен жөн. Сахна суретшісі Айдана Еңгебай мен костюм суретшісі Іңкәр Кәрімова да біраз еңбектенген.

– Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты қолға алынды. Бұл бағдарлама әрбір салада өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келе жатыр. Театр, кино арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосуымыз керек. Спектакльдің қозғайтыны да бүгінгі қоғам дертіне айналған нашақорлық мәселесі. «Екі ғұмырда» нашақорлыққа ұшыраған бір отбасы мүшелерінің тағдыры арқау етілген. Ұл немесе қыз нашаға тәуелді болса, әкенің жағдайы қалай болады, ананың ішкі өкініші, жансарайындағы тебіреніс, толғанысы қалай болады? Спектакль осы жөнінде сыр тарқатады. Қоғамды тек қана рухы биік өскелең ұрпақ алға қарай жетелеп отырады. Жастар салауатты өмір салтымен қаруланып, олардың бо­йында адамгершілік, асыл қасиеттер болған жағдайда ғана еліміз биік белестерді бағындырады. Спектакль осындай идеяны үндейді, – дейді қойылымның қоюшы режиссері Асхат Маемиров.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button