Қоғам
ҚХА құрылымының 30 жылдығы аясында жылдың қорытындысы шығарылды

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұхановтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясы Астана қалалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz .
Жиынға Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғамдық институттар, жастар ұйымдары мен елорданың сарапшылық қауымдастығы қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.
Отырыс Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті мүшесі Салман Героевті мерейтойымен салтанатты түрде құттықтаудан басталды.
Негізгі баяндама барысында ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы Наргизам Махмудова 2025 жылдың Қазақстан халқы ассамблеясы үшін де, елорда үшін де айрықша жыл болғанын атап өтті. Оның айтуынша, ҚХА-ның 30 жылдығын атап өту аясында Астанада мәдени, жастар, әлеуметтік, білім беру, медиация және ақпараттық бағыттарды қамтыған шамамен 60 ірі бастама жүзеге асырылған. Мерейтойлық іс-шаралар 1 наурызда Достық үйінде қайырымдылық акциясымен басталып, жыл бойғы жұмыстың басты бағытын – қоғамдық диалог пен әлеуметтік жауапкершілікті ұштастыруды айқындады.
«Жыл ішінде қалалық ассамблея ұйымдастырған іс-шараларға елорда тұрғындары мен қонақтарынан 10 мыңнан астам адам қатысты. Азаматтардың жоғары деңгейде белсенділік танытуы ассамблея институтына деген сенімнің және оның қызметінің сұранысқа ие екенін көрсетеді. Жұмыс мемлекеттік және өкілетті органдармен тығыз өзара іс-қимылда жүргізілді. Астана қалалық мәслихатының Қазақстан халқы ассамблеясымен өзара әрекет жөніндегі комиссиясы қызметін жалғастырды, бұл басқарушылық шешімдердің үйлесімділігін қамтамасыз етіп, іске асырылып жатқан бағдарламаларға қоғамдық қолдауды күшейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда елордада Қазақстан халқы ассамблеясының орнықты әрі тиімді инфрақұрылымы қалыптасты. Бүгінде 23 этномәдени бірлестік, оның ішінде 12 жастар қанаты, үш этнолингвистикалық мектеп, медиация орталығы, ғылыми-сараптамалық топ, Аналар мен Ақсақалдар кеңестері, «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы, Журналистер клубы және медиа алаңдар жұмыс істейді», – деді ол.
Сонымен қатар 2025 жыл маңызды шығармашылық нәтижелермен аяқталғаны атап өтілді. Орыс халық әндері ансамбліне «халықтық» атақ беріліп, осылайша Астанада халықтық мәртебеге ие шығармашылық ұжымдардың саны алтыға жетті.
Жұмыс барысында азаматтық бірегейлікті және патриоттық сананы қалыптастыруға, әсіресе жастар арасында, ерекше көңіл бөлінгені айтылды. Елордадағы жоғары оқу орындары мен колледждерде ассамблея күндері өткізілді, студенттік ассамблеялар мен салалық комитеттер құрылды. Бұл жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Достық үйінің елордадағы қоғамдық диалогтың негізгі алаңы ретіндегі рөлі ерекше аталды. 2025 жылы мұнда 326 іс-шара өткізілді, оның ішінде бес халықаралық, 14 республикалық және жеті қалалық деңгейдегі жиын бар. Қатысушылардың жалпы саны 83 567 адамнан асты. Достық үйі Астананың туристік маршрутына енгізіліп, ұлтаралық келісімнің символы ретіндегі мәртебесін нығайтты.
Ассамблея қызметінің жаңа бағыттары талқыланған жиында Қырғыз этномәдени орталығының төрағасы Шавкат Исмаилов «Инклюзивті ассамблея» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол қазіргі кезеңде қоғамдық динамиканың өзгеріп жатқанын, азаматтардың елде болып жатқан үдерістерге жай бақылаушы емес, белсенді араласушы болуға ұмтылатынын атап өтті.
«Қазақстан халқы ассамблеясы әрдайым диалог алаңы болып келді. Бүгінгі міндет – осы диалогты барша азамат үшін барынша қолжетімді ету. Инклюзивтілік бүгінде тек қоғамдық бастама ғана емес, мемлекеттік функцияның бір бөлігіне айналып отыр. Бұл тұрғыда Достық үйі ашық әрі қолжетімді диалог алаңы ретінде ерекше рөл атқарады», – деді ол.
Кеңейтілген отырыс соңында «Бірлік пен береке бесігі» («Колыбель единства и согласия») атты кітаптың тұсаукесері өтіп, Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.



