Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Қазір халық ән айта ма?

Қазақ о бастан қонақсыз отырмаған. Мейрам күндерін айтпағанның өзінде, апта са­йын болмаса да, айына қонақ күтпейтін шаңырақ жоқтың қасы. «Күнде жиын, күнде той» қазаққа ғана тән секілді. Қазір қонақтықтар мен той-думандардағы отырыстарға назар салсақ, бұрынғыдай қазақы әндер шырқалмайды. Әсіресе қонақкәде айтыла бермейді. Арнайы шақырылған әншілер өнер көрсетеді. Бұрын дастарқан басындағы қуанышқа жиналған ағайын ауылдың алты ауызын сұрайтын. Қазір бұл ұмыт бола бастады ма, әлде қазақы әнді айтуға құлқымыз болмай кетті ме? Ойланатын мәселе.

Ән айту – тек көңіл көтеру ғана емес, ұрпақты тәрбиелейтін, рухты көтеретін, ұлттық болмысты сақтайтын баба дәстүрі. Бүгінде бұл үрдістің әлсіреуіне қандай себеп болғаны беймәлім, әйтеуір дастарқан басында ән айтылмайтын болды.

– Жиын-тойларға жиі барамын. Тек ақысын төлеп шақырған әншілер шырқайды. Асаба да ақылы. Шынында, қарапайым халық ән айта бермейді. Тіпті бірде-бір әннің сөзін білмейміз де… Қонақтықтарда ән айтудың орнына телефоннан немесе колонкадан қосылған жеңіл әуендер ғана қойылады. Соған етіміз үйреніп кеткен сыңайлы. Жасырып қайтемін, жастар арасында қазақы әндерді білетін, домбыра тарта алатындардың азаюы да әсер етуі мүмкін. Қазір аспапқа үйірсек жастарды көп байқай бермеймін. Ол аз десеңіз, достарымызбен жиналған кезде трендтен аса алмай қалдық. Қазіргі қызық сол болып жатыр, – деді астаналық тұрғын Қасиет Оразбаева.

Рас, уақыттың өзгеруімен бірге талғамның да өзгеруі әсер етсе керек, қазір тренд көбейді.

«Жасы да, жасамысы да қолынан келсін-келмесін осы бір үрдіске тым жақын. Бұған тосқауыл бола алар түріміз жоқ. Себебі жеңіл дүниелерге бейім болып кеттік» деп өз өкінішін білдірді қала тұрғыны.

– Шағын отырыстарды айтасыз, қазір үлкен тойлардың өзінде қонақкәде сұралмайды. Қазақы әндер шырқалмайды. Есті әндер естен шығып кетті. Шәмшінің әндері бұрын жиі шырқалатын еді, қазір олардың орнын ЖИ (жасанды интеллект) басты. Жүректі ауыртар тұсы да осы болып тұр. Басқосуларда бір ән салуды ұмыттық. Ән көңілдің ажары еді. Қазір көңілді кірлетіп алдық. Ән салмақ түгілі, барған қонақтықтан ерте кетуге асығып отырамыз. Себебі ән айтуды айтасың, әңгіме айтылмайтын болды. Телефонға телміріп отырады. Қасірет пе, қасірет, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхарбек Жәкейұлы.

– Қазақтың халық әндері және одан бергі Шәмші, Әбілахат, Ескендір ағаларымыздың әндері ұлттық мұрамыз еді. Ұлттық идеологиядан алыстап бара жатырмыз. Радио, телевидениеде көркемдік кеңестерді қайта құру керек. Онда оңы мен солын білмейтін жас балалар емес, арнайы білімі бар мамандар жұмыс істеуі қажет. Сол арқылы халықтың құлағына қайтадан есті әндерді сіңіру керек, – дейді композитор Қайрат Жүнісов.

Иә, бұрын қонақ күтудің сәнін келтіретін ерекше дәстүрдің бірі ән салу, қонақтан сұралатын қонақкәде еді. Үйге келген адам тек ас ішіп, төрде отырумен шектелмей, өнерін көрсетіп, бір ән айтып, күй тартып немесе жырдан үзінді орындап, үй иесіне құрмет білдіретін. Бұл әрі әдеп, әрі өнерге деген сыйластықтың белгісі болатын. Баба салтында қонақкәде сұрау ешқашан ыңғайсыздық тудырмаған. Керісінше, ол отырысты қыздырып, адамдарды жақындастыратын. Үлкендер халық әндерін айтса, жастар терме не лирикалық ән шырқап, домбыраның үнімен кештің көркін ашатын. Осылайша, әр қонақ өз үлесін қосып, отырыс тек дастарқан басындағы әңгімемен ғана емес, рухани бай мазмұнмен өрбитін.

Қазір, өкінішке қарай, қонақкәде ұмытылып барады. Қонақтан ән сұраудың орнына «ұялып қалар» деген оймен дайын музыкаға жүгінеміз. Соның салдарынан тірі ән, шынайы эмоция, қазақы отырыстың жылуы азайып барады. Ал қонақкәде – біреуді ыңғайсыз жағдайға қалдыру емес, керісінше, әр адамның бойындағы өнерді ояту, ұлттық дәстүрді сақтаудың бір жолы.

– Өз басым шаңырағыма шақырыл­­ған қонақтардан қонақкәде сұраймын. Бірі күй тартып береді, бірі өлең оқиды. Бұл дәстүр отбасымызда үзіле қойған жоқ. Себебі дәстүрге айналды. Өзімнің де аздап өлең оқып, ән салатын қа­сиетім бар. Сондықтан «отырыстарда ән шырқалмайды» дегенге келісе қоймаймын. Қандай қонақтықққа барсақ та бәрі өз орнымен болып жатады, – деді журналист Данияр Сейсенбаев.

Қазіргі уақытта кейбіреулер қазақы әндерді «ескі», «ауыр» деп қабылдап, заманауи, жылдам ырғақты әндерді таңдауға бейім. Алайда бұл ұлттық әндердің құндылығы төмендеді деген сөз емес. Қалай болған күнде де, ән – халықтың жаны, жүрегі. Ән айтылған жерде рух та, тәрбие де бар. Біз көз көріп, құлақ естігенді ғана қағаз бетіне түсірдік, бұл жайында ойлы оқырман не дер екен?..

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button