Қазақстан – чемпион!

0 97

«Төрт ел турнирі» – байрақты бәсекелердің бірі. Осы дүбірлі додаға орта Азиядағы басты қарсыласымыз – Өзбекстан, бүгінгі таңдағы үздік бокс державасы саналатын – Украина, соңғы жылдары мықты құрамалар қатарына қосылып жүрген – Әзербайжан сынды елдерден сайдың тасындай іріктеліп, кілең «сен тұр, мен атайын» деп келген сайыпқыран боксшылар Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде командалық кездесулер өткізді. Турнирдің соңғы күні рингке шыққан Украи­на­ мен Қазақстан құрамасы арасында тартысты бокс өрбіп, жанкүйерлерімізге зор қуаныш пен қайталанбас әсер сыйлады. 

Бұл сайыста әр салмаққа бір-бір бокс­шы­дан­ баптаған тек біздің ел болатын. Қарсыластарымыздың құрамасында әр салмақ категориясында екі-үш былғары қолғап шебері болғандығын білетінбіз. Соңғы кездесуде біз де белгіленген жігіттерден тыс боксшыларды шаршы алаңға шығардық. Олар: 60 келі салмақта – Ғани Жайлауов, 64 келіде – Айдар Әмірзақов, 69 келіде – Бақытжан Қожабеков. Бұның екі себебі бар. Біріншісі, басқа елдердің тың боксшыларымен екі күн қатарынан жекпе-жек өткізген жігіттерімізді шығару әділетсіздік деп санадық. Екіншісі, боксшыларымыздың ішінде шлемсіз шыққандығы себепті жеңіл-желпі жарақат алып қалғандары болды. Жас жігіттерді ысылтып ал­ған­ды жөн кергенімізді үшінші жанама себеп деп санаңыз. Енді біздің оғлан ұлдарымыз қалай өнер көрсеткендігін баяндайық.

Бірінші кездесу төбелессіз өтті. 49 келіге дей­ін­гі салмақта өнер көрсететін Біржан Жақып пен­ украиндық Назар Куротчин шаршы алаңға шықты, бірақ қарсыласының жарақатына бай­ла­нысты жекпе-жек өткізілмей, жеңіс біздің бокс­шыға берілді.

Екінші жекпе-жек Ілияс Сүлейменов пен оның оппоненті Александр Шепелюк арасында өтті. Ілияс бабында екен, қарсыласын аямай-ақ сабады. Бірінші раундты 5:3-пен аяқтаған ол, екінші раундта сырын алған сырт елдің боксшысын жұдырықтың астына алды. Есеп 14:6. Үшінші кезеңде де осы қарқынынан танбаған жерлесіміз екі есе басымдықпен (19:8) айқын жеңіске жетті. Бұл кездесудегі алғашқы әрі жарқын жеңіс болды. Ілиястың әр жекпе-жегін көре отырып, оның өз салмағында үздік екеніне тағы да көзіміз жетті.
Келесі ұланымыз Қайрат Ералиев те қар­сы­ла­сы­нан басым түсті. Қайратқа лайықты қар­сы­лас­ бо­ла­ білген Олег Прудкий 6 ұпай ай­ыр­ма­шы­лы­ғы­мен жеңіліс тапты. Қорытынды есеп 18:12. Соң­ғы ел чемпионатында көзге түскен бұл жігіт те әзірге 56 келі салмақтағы бірінші нөмірлі бокс­шы­ екенін дәлелдеп келеді.

Одан кейін ұрыс мәнері елге етене таныс Ғани Жайлауов шаршы алаңға шықты. Талай додада ел абыройын асқақтатып жүрген айбынды боксшы бұл жолы да қарсыласынан басым түсіп, 11:9 есебімен жеңіске жетті. Бірақ, шыны керек, көпшіліктің көңілінен шықпады бұл жекпе-жек. Ғани шаршаған тәрізді, бұрынғы жалын жоқ. Бауырмалдық танытып, бауырымызды демеп жібергендей сезіндік. Жанкүйер көпшіліктің ішіндегі күбір-сыбыр да осылай тарап жатты. «Оның орнына осы салмақтағы Берік Әбдірахманов шықса қалай болар еді» деген ой орала берді бізге. Дегенмен, украиндық Павло Ищенко мықты боксшы екенін мойындатып кетті.

60 келі салмақта осыған дейін екі жекпе-жек­ өткізіп, тамаша өнер көрсеткен Мерей Ақшаловтың жеңісті жолын бұл жолы Айдар Әмірзақов жалғады. Ол қарсыласын 17:8 есебімен жеңді. 69 келіге дейінгі салмақта Әзербайжан және Өзбекстан боксшыларын тізе бүктірген Данияр Елеусіновті алмастырған Бақытжан Қожабеков те көрермен қошеметіне бөленді. Алғашқы раундты аңдыспен өткізген бауырымыз екінші кезеңде қарсыласы Денис Лазаревтің осал тұсын тапты. Денис шапшаң қимылдайтын сезімтал боксшы болғанымен, еңкейе беріп қасқа маңдайды ашық қалдыра беретін әдеті бар екен. Осыны байқаған Бақытжан екі раунд бойы ұпайды еселеумен болды. Қорытынды есеп 19:9 болып, біздің боксшының пайдасына шешілді.

Бұдан соң алдыңғы жекпе-жектерін ойдағыдай өткізген, өткен жылы ел чемпионатында топ жарған Жәнібек Әлімханұлы рингке беттеді. Оның қарсыласы Лондон олимпиадасында атой салған, әлем чемпионы, Украинаның айбыны асқан бес боксшысының бірі – Евгений Хитровтың 19 жасар бозбаладан әлдеқайда күшті екені айтпаса да түсінікті еді. Расында да солай болды. Жекпе-жек бірінші раундтың 30-секундында-ақ аяқталды. Жәнібек бауырына ауыр соққы алып, кездесуді одан әрі жалғастыра алмады. Осылай командалық есеп 6:1 болды. Ал Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов украиндық Иван Нестеренконы уақытынан бұрын техникалық жеңіспен ұтып, Жәнібектің есесін қайтарды. Әділбектің жарқын жеңісінен кейін алдыңғы кездесулерде екі рет жеңіліс тапқан жерлесіміз Антон Пинчук жеңіске жетті. Бір айтпағымыз, Антонның ұрысына риза болған жанкүйерлер орындарынан тұрып қошемет білдіріп жатты. Бокс одан сайын қыза түсіп, аса ауыр салмақта (91+) өнер көрсететін Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Иван Дычко оппоненті Владимир Кацукты 19:3 есебімен тас-талқан етіп ұтты.

Турнир барысында Украина мен Әзербайжан құрамасы бізден 9:1-мен ұтылса, Өзбекстан командасын 8:2 есебімен тізе бүктірдік. Командалық есепте Қазақстан – бірінші, Өзбекстан – екінші, Украина – үшінші және Әзербайжан соңғы орынға ие болды.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =