Қоғам

Қазақ тілін құрметтеген күрд қызы

Ұстаз болу – жай ғана кәсіп емес, ел болашағын қалыптастырушы. Осындай биік мұратпен өмірін білім мен тәрбие ісіне арнап келе жатқан жандардың бірі – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Гродеково орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, «Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі» ҚХА жобасының белсенді қатысушысы Забида Мирзаева.

1985 жылы 24 қазанда Түркістан облысында дүниеге келген Забида Абдиевна – күрд этносының өкілі. Қазақ халқының тіліне, тарихына, мәдениетіне жан-тәнімен берілген ұлағатты ұстаз. Ол өзінің азаматтық көзқарасы, отансүйгіштігі мен тілді құрметтеу арқылы ел бірлігін нығайту ісіне де сүбелі үлес қосып жүр.

Отбасында аяулы жар, мейірімді ана ретінде екі қыз тәрбиелеп отырған ол – парасат пен пайымның, тәрбие мен тектіліктің үйлесімін көрсетіп келе жатқан ардақты жан.

Ізденіс пен жаңашылдық

Педагогикалық еңбек жолын құштарлықпен бастаған Забида Абдиевна білім саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. 2021 жылы «Педагог-зерттеуші» біліктілік санатын алған ол – білім мазмұнын жаңарту, цифрлық оқыту, көптілділік бағытында үздіксіз ізденіс үстіндегі маман.

Мирзаева Забида – қазақ тілінің мазмұнын оқушыларға тиімді әрі қызықты жеткізудің жолдарын іздеп, авторлық бағдарламалар мен зерттеу жұмыстарына белсенді араласқан педагог. Ол – «Қазақ тілі: Қызықты грамматика» атты әдістемелік құралдың авторы (Исмазова Г.А. екеуі). Бұл еңбек оқушылардың тілді жүйелі әрі жеңіл меңгеруіне мүмкіндік беретін бірегей туынды ретінде танылып отыр.

Ұстаз білімін жетілдіру мақсатында 2018 жылдан бері 10-нан аса республикалық курстар мен семинарларға қатысып, әдістемелік шеберлігін шыңдап келеді. Атап айтқанда, Daryn.online, «Өрлеу» БАҰО, «Lesson Study», Action Research, жаңартылған білім беру бағдарламаларына қатысты көлемді курстарды сәтті аяқтаған.

Цифрлық білім беру: медиа кеңістіктегі белсенділік

Цифрлы заманда ұстаздың жаңа технологияларды меңгеруі – басты талап. Бұл тұрғыда Забида Абдиевна өз әріптестеріне үлгі боларлықтай еңбек етіп келеді. Оның YouTube платформасында жарияланған онлайн-сабақтары мен ашық тәрбие сағаттары республика көлеміндегі педагогтер мен ата-аналардың оң бағасына ие болды.

Мысалы «Ұлттық аспаптар», «Менің қояным бар», «Абай дана, Абай дара қазақта», «Қазақтың ұлттық өнері», Ы.Алтынсарин «Дүние қалай етсең табылады?» атты бейнесабақтар мен тәрбиелік іс-шаралар YouTube желісінде танымал.

Сонымен қатар, білікті маман Abai TV, QAZAQSTAN арналары мен халықаралық Yekbun TV желісінің арнайы бағдарламаларына қатысып, күрд халқының Қазақстанға қоныс аудару тарихы мен елдегі бейбіт өмір, мәдени ықпалдастық мәселелері жөнінде терең мағлұмат берді.

Білікті маман-марапат биігінде

Ұлағатты ұстаздың еңбегі лайықты түрде бағаланып келеді. Оның марапаттарының қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хаты бар.  «Үздік сабақ жоспары», «Үздік ашық сабақ», «Педстарт», «Lesson Study» сынды республикалық байқаулардан жүлделі орындар, облыстық, аудандық деңгейдегі құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен дипломдар еселі еңбегіне көрсетілген құрмет.

Забида Абдиевна білім беру жүйесіне енгізілген жаңа технологиялар, құндылыққа негізделген білім беру, тұлғалық бағдарлы оқыту бағыттарын өз тәжірибесінде тиімді жүзеге асырып жүрген білікті педагог екенін ісімен дәлелдеп отыр.

2024 жылы ол «Заманауи білім беру жүйесіндегі оқыту мәселелері: жаңаша көзқарас пен парадигмалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, кәсіби таным көкжиегін тағы бір биікке көтерді.

«Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі»

Мирзаева Забида үшін қазақ тілі – жай пән емес, жүрек қалауы мен рухани негіз. Ол әрбір сабағында шәкірттеріне мемлекеттік тілге деген құрметті, ұлт мәдениетіне деген сүйіспеншілікті бойға сіңіруді басты мақсат санайды. «Тілі басқа – тілегі бір» этнос өкілі ретінде қазақ еліне тағдырлы тарихпен келген күрд халқының бейбіт қатар өмір сүруіне өз еңбегімен үлес қосып жүрген тұлға.

Бүгінде ол аудан, облыс көлеміндегі семинар-практикумдарда, дөңгелек үстелдерде, шеберлік сыныптарда өз тәжірибесімен бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетіп келеді.

Сөз соңында…

Заман өзгерсе де, болашақ ұстазға қарап бағаланатыны ақиқат. Забида Мирзаевадай ұстаздар – тек білім беріп қана қоймай, ел ішіндегі татулық пен бірліктің дәнін егіп жүрген белсенділер. Оның өмір жолы – елін сүйген, тілін қадірлеген, парасатты ұстаздың шынайы келбетін танытады.

Гүлнұр Бақытқызы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button