Қоғам

Қарулы күштердің Орталық әскери оркестріне – 30 жыл

Астанадағы ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Орталық әскери оркестрдің 30 жылдық шығармашылық жолына арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жаңартылған концерт залына Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері мен Қарулы күштердің ардагерлері жиналды.

Шығармашылық ұжымды мерейлі мерекемен Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев құттықтады. Ол тәртіп пен шабытты тоғыстырған әскери өнердің маңызын атап өтті.

– Әскери музыканттар армияның жауынгерлік рухын көтеруге және жастар арасында патриоттық тәрбиені қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосуда. Олар әр нотаға жанын салып, ең қиын кезеңдердің өзінде әскери қызметшілерге қуаныш, үміт пен жігер береді, – деді өз сөзінде вице-адмирал.

Оркестрдің 30 жылдығына орай Серік Борамбаев лейтенант Рүстем Рақышев пен аға сержант Оралбек Айтуғановқа «Ел қорғаны» медалін табыстады. Сонымен қатар Қорғаныс министрінің атынан бірқатар әскери қызметшіге грамоталар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Концертте оркестр музыканттары мен солистердің орындауында классикалық, заманауи және әскери-патриоттық бағыттағы танымал шығармалар орындалды. Іс-шара музыкалық өнердің патриотизмді, бірлікті және әскердің моральдық рухын қалыптастырудағы ерекше рөлін айқындады.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі 1995 жылы 8 қарашада мемлекеттік үрмелі оркестр негізінде құрылған. Оркестрді әр жылдары Қазақстанның халық әртісі полковник Александр Беляков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері подполковник Қанат Ахметов, подполковниктер Мақсат Амантаев, Саят Томпақов, Алмас Ибрагимов, Данияр Бөлтіріков және майор Ұлан Абдрахманов басқарды. 2024 жылдың шілдесінен бастап ұжымды подполковник Мақсат Шәкенов басқарып келеді.

Оркестр музыканттары Ресей, Қытай, Германия, Ұлыбритания және Тайвань фестивальдерінде еліміздің абыройын асқақтатты. 2007 жылы ұжым Ұлыбританиядағы беделді Lord Mayor’s Show фестивалінде «Үздік әскери оркестр» атанды. Сондай-ақ музыканттар «Труба мира», «Әскери керней», «Амурские волны» және «Спасская башня» халықаралық фестивальдерінде табысты өнер көрсетті.

Мереке күндері оркестр қаланың вокзалында, әуежайында, алаңдар мен сауда орталықтарында өнер көрсетіп, қазақстандықтарды қуантуды дәстүрге айналдырған. Олардың әрбір концерті халқымыздың рухын көтеріп, әскер мен халықтың бірлігін көрсетеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button