«Қарақат» мектеп студиясына – 15 жыл

«Қарақат» мектеп студиясының әр шәкіртінің бойынан қазақылық есіп тұратынын көріп таңғаласыз. Ұлттық болмысымыздың алтын жүлгесі үзілмей келе жатқанына қарап іштей сүйсінесіз. 15 жылдан бері жас жеткіншектерді ұлттық өнердің қайнарынан сусындатып жүрген «Қарақат» мектеп студиясының мерейтойлық концертінде ұлттық болмысымыздың бай коллориті ерекше көрініп тұрды. Кештің шымылдығын түрген қоңыр домбырадан төгілген қоңыр үн тұла бойымызға шымырлай тарап, ата-бабаның аманат тілегін жеткізіп жатқандай қанды тулатып қоя берді. «Алаш аманаты» күйі рухымызды оятып, түпкі түйсігімізді өткенге оралтты.
Ұлттық өнер – ол ұлттық идеологияның өзегі. Ол тілдің тазалығын сақтауға, қазақша ойлауға, қазақы болмыстың өзіндік ерекшеліктерін сезіне білуге үйретеді. Концертте жас таланттардың өнерін тамашалап отырып, осыны ойладым. Иба мен инабат, иман мен аманатқа адалдық – ұлттық тәрбие арқылы бала бойына сіңе түсетінін түсіндім. Мың бұрала билеген бишілер де, жетіген, домбырада ойнап, ән шырқап жатқан жас әншілер де қазақы.
Эстрадалық вокал, би, актерлік шеберлік дәрістерін алып, жетіген, домбыра, гитара, фортепиано сынды аспаптарды еркін меңгерген өнерлі өрендер сахнада еркін. Заман талабына сай камера алдында да еркін сөйлей алады. Сөйте тұра олардың бойында сырт көзге бірден байқалатын иба мен кішілік қасиеттері бар. Сахнаға жарқ етіп шыға келгенде, қазақы кеңдік пен тамырынан ажырамаған өзгеше ұлттық болмысымыздың ерекшеліктерін ала келгендей әсер қалдыратын Қарақат пен Қыдырәлінің өзін көргендей боласыз.
«Қарақат» мектеп студиясының негізін қалаушы Қыдырәлі Болмановтың сұхбаттарының бірінде: «Ұрпақтарымыздың бәрі хип-хоп, кавер айтып кетсе болмайды. Ана тілінің құнарынан нәр алып, өзінің ұлттық кәусар өнерімен қоректенген балалар ол әрқашанда мықты болады», деген екен. Бұл сөз негізсіз емес екен. Ұлттық құндылықтардың құнын білетін жас ұрпақтың болмысы да өзгеше қалыптасатынын көкейге түйдік.
Бұл – Қарақат пен Қыдырәлі үшін мерейлі күн болды. Ұрпақ тәрбиесіне арнаған белесті кезеңге – 15 жыл толса, Болманов асқаралы 60 жастың биігіне көтерілді. Сондай-ақ Қарақат салған қанатты ән» жинағының таныстырылы өтті. Оқырманға жол тартқан жаңа кітап әсіресе, өнер жолын таңдаған жас жеткіншектерге керек әдістемелік құралға айналары сөзсіз.
Музыкалық-шығармашылық бағыттағы «Қарақат» мектеп-студиясының 15 жылдығына орай өткен концертте таланттар өнерлерін ортаға салып, әсем ән мен мың бұралған билерін көпшілікке паш етті. Журналист Бағдагүл Рахметқызы.