Басты ақпаратРуханият

Қараөткелдің қайсар күрескері

Осыдан отыз бес жыл бұрын ұлттың намыс­ты азаматтары атқа қонып, ел болашағы үшін аянбаған күндері газетіміздің беттерінде хатталып, тарихта қалды. Өзгенің тілі үстемдік құрған ортада өзінің қазақ екендігін ұмытуға айналғандардың жыртысын жыртып, көкірегі байланған орыс-қазағына туған тіліміздің ұлылығын ұқтырып, оның мерейінің үстем болуына күшін салған азаматтардың әрқайсысы құрметке лайық.

Есілдің тар кешуі Қараөткелде ту тігіп, ана тіліміз деп ұран салған, Сарыарқаның саңлақтарының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері  жазушы, публицист Алдан Смайыл. Тек қана тіліміздің мәйегін шайқап қоймай, қазақы дәстүріміздің, әсем әніміз бен күмбірлеген күйіміздің Арқаның төрінде шалқып, жүректерді тербеуіне күш салған күрескерлік үнін 11 мың данамен таралған «Қараөткел» атты газет арқылы жеткізіп отырды.

Сол жылдары шаһар тұр­ғындарының 17 пайызын ғана құрайтын ағайынға арнап қазақ тілінде газет шығару тыңға түскен түрендей үлкен оқиға болатын. Солтүстіктің көксүңгі мұзын жарып, «Тіл және мәдениет» қоғамын құрып, «Қараөткелін» оқырманына ұстатқан Алдан Смайылдың ерлікке бергісіз сәттер туралы «Ақмола ақиқаты» газетінде берген сұхбатында былай дейді: «Қоғам Ақмола қаласы мен облысындағы ұлтты ояту мақсатын шындап қолға алған бірден-бір ықпалды күшке айналды. Ал қоғам не үшін  керек болды десек, оған бірауыз сөзбен жауап беру қиын, себеп сан алуан. Соның ең негізгілерін атасам: біз тың  игеру жылдарында жаппай жабылған қазақ мектептерін қайта ашуға, ұмытылған және тыйым салынған ұлттық дәстүрді, суалуға айналған халықтық өнерді, жұтаған тарихты жаңғырутға тиіс болдық. Онсыз қазақ жұрты ел болудан қалатын еді. Алғашқы кезеңде барлық күш-жігер осы мақсаттарға жұмылдырылды. Ертелі-кеш үй-үйді жағаладық, ата-аналарын үгіттедік. Бірі құлақ асты, бірі көнбеді, тіпті бұл әрекетімізді зиянкестік деп түсініп, үйінен қуып шыққандар да кездесті».

Мінеки, жанкештіліктің арқасында 1989 жылы Қоғамның белсенді мүшелері әрбір қазақ отбасын аралап, балаларын қазақ тілді балабақша мен мектептерге беруге үгіт-насихат жүргізіп, өтініштер жинайды.

Мәселе осымен шешілсе жақсы ғой, сол кездегі Білім басқарма басшысы шовинист Еговцев деген үй аралап жүріп, қол жинаған, барлық өтініштерді жыртып тас­тап, «маған ешқандай өтініш түскен жоқ» деп бет бақтырмаған. Содан қайта бір жеті ішінде қол жинап, қалалық атқару комитетіне тапсырып, қазақ сыныбын ашады. Нәтижесінде Ақмола қаласында 1988-89 оқу жылына №3, №8, №26 мектепте ал 1989-90 оқу жылына 11 қазақ сыныптары ашылып, №29 «Аққайың» балабақшасы таза қазақша тәрбие бере бастады. Ол кезде Ақмола қаласында жалғыз ғана Жамбыл атындағы №4 қазақ орта мектебі болды. Ал қазақша тәлім-тәрбие беретін бірде- бір балабақша болмаған. Сол 1990-91 жылдары Ақмола облысының 17 ауданында, барлық ірі өндірістік кәсіпорындар мен мекемелерінде, Астана қаласының жоғары оқу орындары мен техникумдарында «Тіл және мәдениет» қоғамының филиалдары ашылып, ұлттық сана-сезімді тәрбиелеуде пәрменді іс-шаралар атқарды. Сол жылдары «Тіл және мәдениет» қоғамының жанынан қалалық студент-жастар «Парасат» ұйымы, Ақмола қалалық «Азат азаматтық» қозғалысы, «Мұсылман әйелдері Лигасы» сияқты қоғамдық ұйымдар қанат жайып, бірлесе жұмыстар тындырды. «Тіл және мәдениет» қоғамының бастамасымен Ақмолада қазақ музыкалық драмалық театрының ашылуына мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Театрдың алғашқы көркемдік жетекшілігіне Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі режиссер Жақып Омаров шақырылған еді.

Алдан Зейноллаұлы тағы бір мақаласында Қазақстанның бірқатар облыстарында да, оның ішінде солтүстігінде қазақ мамандарының тұтқалы  орындарда әлі аз екендігін айтып, өз ішіңнен шыққан ел басқарып отырған азаматтарға сын да керек, жігерін жанитын халықтық демеу де керек» деп халық пен билік арасындағы ынтымағының ұйытқысы            болады.

Алдан Смайылдың осындай ортада ұлт мүддесін жоғары алып шығып, одан кейінгі жылдары да халыққа деген адал қызметінен танған жоқ. Түрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп, 2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Тұңғыш көркем шығармасы «Тамыздың таңы» 1979 жылы жарық көрген. Одан кейінгі жылдары «Ақ жалын» (1982), «Найзақара», «Сағынтып келген көктем», «Арқаның Бетпақ деген даласы бар» деген повесть, романдарында адам мен қоғам, өмір мен өлім жайлы философиялық ой толғайды. «Астана ғасырлары», «Тұлға. Ұлт. Тағдыр» сонымен бірге бес томдық шығармалары және «Тәңір соты» повестер мен драмалық шығармаларының жинақтары шықты.

Әрине, тіл мәселесі қазір де өткір. Ол туралы Алдан Зейноллаұлы: «Қазақ тілі – шын мәнінде, мемлекеттік тіл тұғырына қонған жоқ. Конституциядағы орыс тілі «ресми тіл» болып есептеледі деген баптың салқынын әлі күнге сезіп келеміз. Қазір Мемлекет басшысы екі тілде сөйлейді, Парламент екі тілде сөйлейді, министрлер де екі тілде сөйлейді. Бірақ министрліктердің ішіндегі іс-қағаздары негізінен орыс тілінде толтырылады. Біз мемлекеттік тілге көшті деген министрліктердің бәрі толық көшкен жоқ. Осыны Парламент қабырғасында жүргенде екі рет тексергенбіз, сонда оған көзім жеткен. Қысқасы, бізге саяси батылдық қажет.

Екіншіден, бұған мемлекет кінәлі деп кесіп айтуға болмайды. Халықтың да кінәсі бар. Мысалы, өзім тұратын үйде жедел сатыға мінген ата-аналардың балаларымен тек орысша сөйлесетінін күнде көремін. Тіпті менің жасымдағы үлкендер де немересіне орысша тіл қатады. Солардың санасында: «Осы немеремді қазақша тәрбиелеп, өз ана тілінде оқытайын» десе, қолын кім қағады. Соның бәрі ұлттық намыс­тың кемдігінен» деп анығын айтады.

Айгүл УАЙС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button