Қара жұмысты кім істеп жүр?

Бүгінгі таңда Қазақстанның құрылыс алаңдарынан бастап, такси нарығына дейін шетелдік жұмысшылардың илеуіне айналып барады. Әсіресе, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Үндістан сияқты елдерден келген еңбек мигранттарының қара жұмысқа көптеп тартылып жатқаны – еліміздегі еңбек нарығының бет-бейнесін айқындап беруде. Бұл – тек статистикалық мәлімет емес, ел болашағына қатысты елеулі мәселе.
Қара жұмыс – физикалық күшті қажет ететін, көбіне жалақысы аз және әлеуметтік мәртебесі төмен жұмыс түрі. Қазіргі таңда елімізде шет елден келіп, қара жұмыс істеп жүрген адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл тек біздің елге тән құбылыс емес, бүгінде еңбек миграциясы жаһандық сипат алып, әлемдік экономика мен ішкі саясатқа тікелей әсер етіп отыр. Әсіресе, жұмыс күші арзан, бірақ еңбек ауыр салаларда мигранттардың үлесі жоғары. Олар көбінесе құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс пен қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.
ҚР ЕХӘҚМ жұмыспен қамту органдарында 2025 жылғы наурыз айының соңына 323,7 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген. 2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, елімізде 13 891 шетелдік азамат ресми түрде еңбек етіп жүр. Экономикалық салалар бойынша шетелдік жұмысшылардың ең көп шоғырланған бағыттары: Құрылыс саласы – 5 131 адам, Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 695 адам, Тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 351 адам, Өңдеу өнеркәсібі – 1 232 адам. Ал мигранттардың көбі Қытай (4 885 адам), Түркия (1 124), Үндістан (1 121) және Өзбекстаннан (1614) келген. Басым бөлігі – 25 пен 40 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастар.
Мұның астарында не жатыр? Бір қарағанда, бұл – жұмыс күші тапшылығы бар елдерге тән құбылыс секілді. Бірақ шын мәнінде, бұл – Қазақстандағы еңбек нарығының ішкі дисбалансын көрсететін қауіптің нышаны.
Тәуелділік неге қауіпті?
Біріншіден, шетелдік жұмысшылардың арзан еңбек күші ретінде пайдаланылуы – отандық еңбек ресурсына деген сұранысты төмендетеді. Өз азаматтарымыз қара жұмысты істеуге құлықсыз, себебі жалақы аз, еңбек жағдайы ауыр. Есесіне, жұмыс берушілер бұл бос орынды арзан мигранттармен толтыруға бейім. Бұл – жергілікті кадрлардың бәсекеге қабілетті болуына, әлеуметтік әділеттілікке сызат түсіреді.
Екіншіден, тіркеусіз, салық төлемей жұмыс істейтін мигранттар саны көбейген сайын ел бюджеті де айтарлықтай шығынға ұшырайды. Еңбек қауіпсіздігі сақталмайды, зейнетақы жүйесіне жарна түспейді, ал әлеуметтік қызметтерді бәрібір пайдаланады. Бұл – көлеңкелі экономиканың белең алуына жол ашады.
Үшіншіден, шеттен келген азаматтардың құқықтық реттелмеген жағдайы қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтуі мүмкін. «Мен осы елдің азаматы бола тұрып жұмыссыз жүрмін, ал көшеде жүрген өзбек таксиші күніне 20-30 мың теңге табады» деген секілді наразылықтар – еңбекке қатысты ішкі әділетсіздіктің белгісі.
Ауыр жұмыс арзан жұмыс па?
Мигранттардың арасында әсіресе өзбек азаматтарының үлесі ерекше. Олар Қазақстанға жұмыс істеу үшін заңды да, заңсыз да жолмен ағылып келіп жатыр. Өзбекстанмен шекаралас аймақтарда тіркелмеген еңбек мигранттарының саны ресми деректен әлдеқайда көп. Олар құрылыс, егін шаруашылығы сияқты жұмыстардан бөлек, соңғы жылдары такси жүргізушісі ретінде де белсенді жұмыс істеп жүр.
Күн сайын Алматы мен Астананың көшелерінде көлік тізгіндеген жүздеген өзбек азаматын кездестіруге болады. Олар көбіне «Yandex Go», «InDrive» сияқты қосымшалар арқылы жолаушы тасып, күнделікті табысын осылай тауып жүр. Кейбірі жеке көлікпен, енді бірі жалдамалы көлікпен жұмыс істейді. Бұл – ресми тіркеусіз, бірақ табысты кәсіп. Алайда олар салық төлемейді, көбі сақтандырылмаған және жол қауіпсіздігі талаптарын толық сақтамайды. Бұл – қала тұрғындары үшін де, жүргізушінің өзі үшін де тәуекелге толы жағдай. Дегенмен, өз елінде күнкөріс қиындаған соң, олар үшін бұл – ең оңай табыс көзі.
Такси жүргізуден бөлек, олар құрылыс саласында да белсенді еңбек етіп жүр. Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда салынып жатқан көптеген тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың құрылыс алаңдарында оларды жиі кездестіруге болады. Көбіне ауыр, физикалық күшті қажет ететін жұмыстарда – сылақшы, тас қалаушы, бетон құюшылар, қарапайым жұмысшылар ретінде қызмет етеді. Бұл салада да олардың көбісі ресми тіркеусіз еңбек етеді, сәйкесінше, зейнетақы жарнасы төленбейді, еңбек қауіпсіздігі сақталмайды. Алайда жергілікті құрылыс компанияларына оларды жұмысқа алу тиімді – еңбекақы аз, талап төмен.
«Өз елімде жұмыс табу қиын – жалақы аз, азық-түлік қымбат. Мұнда келіп құрылысқа орналастым. Күнде таңғы жетіден кешкі сегізге дейін жұмыс істейміз. Жалақыны қолма-қол төлейді. Ресми құжатым жоқ. Бірақ амал жоқ, балаларымды асырау үшін бәріне көнуге тура келеді. Мұнда қауіпті жұмыс істесең де, ақша жақсырақ. Бірақ ешқандай сақтандыру жоқ, ауырсаң – өзің жауаптысың. Бізге тек ақша керек, ал қалғаны – өзімізге тәуекел. Қазақстанда жұмыс көп, бірақ құқық жоқ» дейді өзбек азаматы Шохрух Шаисмаилов.
Қазақ жастары қайда?
Ал еліміздің өз азаматтары, әсіресе жастар қауымы, бұл салалардан бойын аулақ салады. Бірі – кәсіби білім алуға, екіншісі – шетелге шығуға тырысады. Себебі жастар ауыр еңбекке емес, жайлы жұмысқа, жоғары табысқа, даму мүмкіндігіне ұмтылады.
Бұл арада бір күрделі сұрақ туындайды: ал қара жұмыс қазақтың қолынан келмей ме? Неге өзіміздің азаматтар қара жұмыстан қашады?
Жауаптың бір ұшы – қоғамдағы еңбекке деген көзқараста. Бізде «қара жұмыс – қарабайыр» деген ұғым қалыптасып кеткен. Ата-ана баласына «оқы, қара жұмыс істеме» деп өсіреді. Бірақ бұл қалыптасқан көзқарас бүгінде сырттан келіп, «қара жұмысты» кәсіпке айналдырғандарға мүмкіндік терезесін ашып берді.
Бұған қоса, қазақ жастарының арасында кәсіби-техникалық білімге емес, диплом үшін ғана жоғары оқу орнына ұмтылу үрдісі бар. Бұл – еңбек нарығындағы білікті жұмысшы тапшылығын үдетіп отыр. Мемлекет «жұмыссыз дипломды» көбейтіп жатқанда, шетелдік азаматтар елдегі бос орындарды иеленіп үлгерді.
Не істеу керек?
Мұндай әлеуметтік жағдайды болдырмау үшін халықаралық және ұлттық деңгейде жүйелі әрі нақты шешімдер қажет. Ең алдымен, мигранттардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс жағдайларын заңдастыру, қауіпсіздік талаптарын сақтау – басты міндет болуы тиіс. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін тек арзан жұмыс күші ретінде емес, кәсіби дамуға бейім азаматтар ретінде қарастыру керек. Олардың кәсіби дағдыларын арттырып, еңбек нарығына бейімдеу – ел экономикасы үшін де тиімді шешім болмақ.
Жұмыссыздықпен күресу – тек әлеуметтік мәселе емес, бұл адами капиталдың қадірін арттыру жолындағы маңызды қадам. Егер ел ішінде жұмыс орындары жеткілікті болса, қара жұмысқа шетелдіктер емес, өз азаматтарымыз еңбек етер еді. Осылайша, мемлекет өз экономикасын ішкі еңбек ресурсы арқылы дамытуға мүмкіндік алады.
Біріншіден, еңбек миграциясын бақылау мен басқару жүйесі түбегейлі жаңартылуы тиіс. Шетелден келген әрбір жұмысшының құқығы да, міндеті де нақты заңмен бекітілуі керек. Ресми тіркелмеген, салық төлемейтін, сақтандырусыз жұмыс істейтін азаматтар заң алдында жауап беруі тиіс.
Екіншіден, өз азаматтарымыздың еңбек нарығына бейімделуін арттыру қажет. Кәсіптік білім беру ісін еңбек нарығымен тығыз байланыстырып, техникалық мамандықтарды дәріптеу – стратегиялық маңызы бар жұмыс. Егер қара жұмысқа лайықты ақы төленіп, лайықты жағдай жасалса, оны істейтін қазақ та табылады.
Үшіншіден, еңбек миграциясы мәселесіне тек экономикалық тұрғыдан емес, ұлттық қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық тұрғысынан қарау керек. Ел ішіндегі жұмыссыздық, ішкі еңбек ресурстарының қолданылмауы – түптің түбінде ұлттық мүддеге қайшы.
Бүгінгі таңда қара жұмысты кім істеп жүргені – жай ғана статистика емес, елдің еңбек саясатына, экономикалық бағытына, ұлттық қауіпсіздігіне қатысты күрделі сұрақ. Мигранттарды кінәлаудан бұрын, ел ішіндегі еңбек қатынасын түзеу – басты міндет. Әйтпесе, қара жұмыс өзгенің несібесіне айналып, қазақ баласы «жұмыс жоқ» деп сырт елге кете бермек.
2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл – елдің экономикалық құрылымында маңызды орын алатын техникалық және кәсіби білімнің, сондай-ақ нақты өндірісте еңбек ететін жұмысшы кадрлардың мәртебесін арттыруға бағытталған қадам.
Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орындарын 150 мыңнан астам адам бітірсе, соның ішінде нақты өндіріске барып жұмыс істейтін мамандар үлесі мардымсыз. Керісінше, құрылысшы, дәнекерлеуші, электрші, инженер-технолог сияқты жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бұл бастама еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестіруге жол ашады. Мысалы, 2023 жылғы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 200-ден астам кәсіпорында жұмысшы тапшылығы бар. Жұмыссыз жүрген жастар көп болғанымен, олар техникалық мамандықты таңдауға құлықсыз. Енді мемлекет бұл бағытта ынталандыру тетіктерін күшейтіп отыр. 2024 жылы кейбір жұмысшы кәсіптер бойынша жалақы айына 400-600 мың теңгеге жетті (құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, слесарь т.б.). Бұл жоғары білім алып, кеңседе отыратын кей мамандардан көп. Демек, жұмысшы – «қара жұмысшы» емес, қоғамға қажетті тірек екенін түсіндіру маңызды.
Қазақстанда қазір көптеген құрылыс материалдары, техника бөлшектері мен киім-кешек шет елден әкелінеді. Неге? Себебі жергілікті өндірісте білікті жұмысшы күші жеткіліксіз. Егер біз металл өңдеу, машина жасау, жиһаз өндіру, жеңіл өнеркәсіп, аграрлық техника жөндеу салаларын дамытуға күш салсақ, импорт көлемі азайып, ұлттық өнеркәсіп тамыр жаяды. Көп жылдар бойы қоғамда жұмысшы мамандықтарға менсінбеушілік қалыптасты. Ал негізінде, кез келген өркениетті ел жұмысшыны ел дамуының негізі деп қарайды. Германия, Жапония, Корея сияқты елдер кәсіптік білім мен еңбек адамын бірінші орынға қойып отыр. Қазақстан да осы ұстанымды ұстануға тиіс. Себебі нағыз еңбек адамы – жерді игеріп, өндіріс ашып, нақты өнім шығаратын адам. Осы тұрғыдан алғанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» – жай ғана ұран емес, бұл экономикалық жаңғырудың нақты кезеңі. Қазақстан алдағы уақытта көмірсутекке ғана емес, еңбек пен технологияға негізделген экономикаға бет бұрғысы келсе – кәсіби-техникалық білім мен жұмысшы мамандықтарына басымдық беруі тиіс.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ,
Ақтілек МЕРЕКЕ,
Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті