Қара қазан – қазынаң

Қазан – тамақ пісіруге арналған шойыннан құйылып жасалған ыдыс. Қазір басқа металдардан да жасалып жүр. Мыс пен қоладан қалыпқа құйылып, түрлі өрнекпен, аңдар бейнесімен әшекейленген қазандар алғаш рет сақ дәуірі ескерткіштерінен қазып алынғанын ескерсек, қазан арыдан келе жатқан көне бұйым екенін байқауға болады.
Басқа ыдыс-аяқтарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде қазанның алатын орны өте жоғары. Өйткені ол – күнделікті тіршілікте қолданылатын ыдыс. Дастарқанға қойылатын тағамдардың көбі сол қазанда дайындалатындықтан, қазақ халқы оны жай ғана қазан демей «қара қазан» деп қастерлеп атаған. Бұл жерде қара сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіретіні көпке аян.
Бар тірлігін «Қара қазан, сары баланың тілеуі» деп мәтелдеген халқымыз қазанын жұртқа тастамайды, «қазанмен бірге ырысым кетеді» деп қазанды сыйға тартпайды, ұзатылған қыздың жасауына қоспайды. Әлкей Марғұланның «Құламерген» жырының желісіне тоқтала келе, қазанға байланысты «Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды» деп жазғаны – соның айғағы.
Қазақта түндігі жабылып, түтіні өшкен, артында ұрпағы қалмаған адам қайтыс болғанда қазанын қабірінің басына апарып төңкеріп қоятын әдет болған. Бұл артында әулетін жалғастыратын ұрпағы, тұқым болар тұяғы қалмады деген мәнді білдіреді, қазақ ырымында айтылатын «қазанды төңкерме» деген тыйым да осы ұғыммен қатысты. Суға кеткен адамның сүйегі табылмаған кезде қазанын төңкеріп суға салып іздейтін әдет те бар. Көнекөз қариялардың айтуынша, мәйіт жатқан жердің маңында келгенде қазан айналып, үйіріліп қалқып тұрып алатын көрінеді.
Барлық мәселені аталы сөзбен, мірдің оғындай мақал-мәтелмен жеткізген халқымыз ұят ұғымын да қазанмен байланыстырып, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп түйіндейді. Бұл – жай ғана тұрмыстық теңеу емес, қазақ халқының тұтас бір дүниетанымның көрінісі. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, қазан қазақ үшін тек ас пісіретін ыдыс қана емес, үйдің берекесі, отбасының ырысы, тәртіп пен жауапкершіліктің нышаны болған. Қақпақ – сол қазанның қорғаны, ішіндегіні сақтайтын қалқаны. Қақпақсыз қазан қалай ашық-шашық қалса, ұяттан айырылған адам да солай шектен шығады деген терең мағына жатыр бұл сөздің астарында. Халқымыздың қазанның бетін ашық қалдырмайтыны бір жағынан, тазалық үшін болса, екінші тұрғыдан, тәртіп пен әдептің өлшемі болған.
Халқымыз келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдетіп (сондай түсінік бар), бұл жоралғысына «Жарысқазан» деп ат қойған. «Қатын ашуланса қазан қайнатады», «Қазаны бөлектің қамы бөлек», «Қайда барсаң қазанның құлағы төртеу», «Қақ тұрмаған қазанның, ернеуінен белгілі; Жақтырмаған адамның тергеуінен белгілі» деген мақал-мәтелдердің астарынан да қазанның қазақ тұрмысындағы рөлі айқын аңғарылып тұр. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деп мақалдаған халқымыз уақыттың өзгерісі мен дәуірдің алмасуын да қасиетті қара қазанмен байланыста сипаттаған.
XIV ғасырдың соңында, шамамен 1399 жылы Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін құйылған қасиетті тайқазан да Қожа Ахмет Ясауи ілімінің өзегіндегі ұстанымдарды – бірлік, теңдік, қонақжайлық пен әділетті бейнелеу үшін жасалған. Яғни оның астарында «ас ортақ болса ниет те ортақ болады» ден үлкен философиялық ой жатыр.
Қара қазаннан ас ішіп, қара бақырын қанжығасына байлап жүретін жауынгер қазақтың қаны бетіне теуіп, күші көзге ұрып тұратыны, сүйегі кесек, бойы зор болатыны да осы қара қазанмен байланысты десек қателеспейміз. Өйткені шойыннан құйылған қазанда ет асып, құрт қайнатудың денсаулыққа пайдалы екенін бүгінгі ғылым да жоққа шығармайды. Нақтырақ айтсақ, қазанда ет, құрт сияқты тағамдар ұзақ қайнаған кезде шойыннан өте аз мөлшерде темір иондары тағамға өтіп, ол тағамды ішкен адамның ағзасына табиғи түрде сіңеді. Бұл әсіресе балалар мен әйелдерге аса пайдалы болған, себебі бұл темір жетіспеушілігінің алдын алуға көмектеседі. Екінші тұрғыдан, шойын қазанда асылған ет баяу әрі біркелкі пісіп, сорпаның нәрі мен минералдық құндылығы жақсы сақталады. Сонымен қатар, шойын қазан химиялық жабынсыз болғандықтан, ұзақ қыздыру кезінде тағамға зиянды зат бөлмейді. Құрт секілді қышқыл тағамдар шойын ыдыста қайнағанда темірмен табиғи түрде байып, тағамдық құндылығы арта түседі. Жастайынан шойын қазанда дайындалған тағаммен қоректенген балаларда темір тапшылығының алдын алу мүмкіндігі жоғары болады. Ал темір қоры жеткілікті ағза баланың қалыпты өсуіне, бойының дұрыс жетілуіне және денесінің шымыр болуына оң әсер етеді. Қысқасы, дұрыс күтім жасалған шойын қазан – ас дайындаудың қауіпсіз әрі пайдалы құралы, бұл оның халқымыз тұрмысында ғасырлар бойы қолданылуының басты себебі. Бірақ біз қазір қазанның осы қасиетін ескермей, қазанға қатысты ұғымдарды да есімізден шығарып алдық. Асүйімізді жеңіл, жылтыр, бірақ пайдасы күмәнді ыдыстар басып алды. Соның бірі – алюминий қазан. Ғалымдар алюминий ыдыста қышқыл немесе тұзды тағам пісірілген кезде металл бөлшектерінің тағамға өту қаупі бар екенін жиі айтады. Әсіресе мұндай тағамды балалар мен жүкті әйелдердің тұтынуы алаңдатарлық. Осы орайда Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аударуға тура келеді. Германияда алюминий ыдысты пайдалануға толық тыйым салынбағанымен, балалар тағамын, қышқыл ас пен ұзақ қайнатылатын тағамдарды алюминий ыдыста әзірлеуге кеңес берілмейді. Көптеген балабақша, мектеп асханаларында тот баспайтын болат немесе шойын ыдыстар қолданылады. Бұл – денсаулыққа төнуі мүмкін тәуекелді барынша азайтуға бағытталған сақтық шарасы.
Шыны керек, біз шойын қазанды шаң бастырып жұртқа тастағанда өзге жұрттың шойын қазанға сұранысы қайта артты. Әсіресе немістердің дені әлі күнге дейін шойын қазанда тамақ пісіреді. Өткенде мен де Астана базарынан шойын қазан таппай сандалып жүрсем, «мына қазанды ала салсаңшы, ол қазанды немістің қатындары ғана алады, әлде әйелің неміс пе еді?» дейді бір қазақ әйелі еш нәрсенің байыбына бармай.
Қысқасы, шойын қазан тағамды біркелкі пісіреді, ұзақ пайдалануға болады, темірдің табиғи көзі саналады. Біз үшін бұл – жаңалық емес, керісінше ұмыт қалған өз құндылығымыз. Қазіргі қазақ әйелдерінің қан аздыққа жиі ұшырауы – тек медицина мәселесі емес, тұрмыстық әдеттің де салдары. «Дәрумен іш, дәрі қабылда» деуден бұрын, қазанды дұрыс таңдаудың өзі үлкен алдын алу шарасы екенін ескеретін кез жетті. Өйткені темірі кем ағза – әлсіз ағза. Ал әлсіз ағзадан қуатты ұрпақ шықпайды. Сондықтан денсаулықты қорғауды дәріханадан емес, асүйден бастаған жөн. Қара қазан – қарапайым, бірақ қасиетті ыдыс. Оған қайта оралу – өткенге емес, саналы болашаққа қадам болар еді.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



