Ел тынысыСаясат

Қалалық ауруханада Конституция жобасы талқыланды

Астанадағы №3 көпбейінді қалалық ауруханада жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Шара барысында медицина қызметкерлеріне Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мазмұны, олардың ел дамуына ықпалы және алдағы республикалық референдумның маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесуде жаңа редакциядағы Конституцияның басты ерекшеліктері кеңінен айтылды. Онда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіледі. Құжаттың мазмұндық өзегінде азаматтың құқықтық қорғалуы, қадір-қасиеті мен заң алдындағы теңдігі тұр.

Преамбулада ел бірлігі, қоғамдық келісім және ұлтаралық татулық айрықша атап көрсетіледі. Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық құрылым және мемлекеттің аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар ретінде айқындалған.

Жаңа жобада заманауи талаптарға жауап беретін бірқатар нормалар енгізілген. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау мәселесі алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілмек. Сонымен қатар адвокатура және адвокаттық қызмет туралы жеке бап енгізу қарастырылған.

Адам капиталын дамытуға да ерекше мән берілген. Білім беру, ғылым, мәдениет пен инновация салаларын қолдау, сондай-ақ мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын нақты көрсету көзделген. Неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітіледі.

Саяси жүйеде де өзгерістер ұсынылған. 145 депутаттан тұратын, 5 жыл мерзімге пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланатын бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, Вице-Президент институтын енгізу және жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы – Халық Кеңесін қалыптастыру бастамалары қарастырылған.

Жаңа Конституцияны қабылдау мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі болмақ. Түпкілікті шешімді азаматтар 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумда қабылдайды.

Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, тарихи маңызы бар шешім қабылдауда әр азаматтың белсенділігі маңызды екенін атап өтті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button