Қала қоқысқа «қарық» болмасын десек…

Елордамыздың бүгінгі келбетімен бәріміз мақтанамыз. Жол жиегінде қоқыс шашылып жатқанына аса мән бермейміз. Бұл – жай ғана тұрмыстық қалдық емес, адамның сана-сезімінен шыққан «қоқыс», ол жауапсыздық пен немқұрайдылықтан туған. Мейлі, қалдықтың бәрін жинап, арнайы полигонға тастады дегеннің өзінде самаладай соққан желден сескенетін күн туды.
Қала көшелерін аралап көріңізші. Сырт көзге бәрі жақсы көрінеді. Сыпырғыш ұстаған жұмысшылар, әр бұрышта «Тазалық – тәртіптің белгісі» деген жазу. Бірақ сол жазудың астында бос бөтелке, қоқысқа толған шелек, контейнер маңында шашылған қалдықтар. Ол аздай, жаяу жүргіншілер жолының жақтауларында әр қадам сайын темекінің тұқылы жатады.
Мегаполис халқы апта сайын сенбілікті сиретпейді. Тұрғындар қолына қап алып, қоқыс жинайды. Фотоға түседі, әлеуметтік желіге салады. Бірақ ертеңінде бәрі өз орнында. Қоқыс та, немқұрайдылық та сол қалпы. Жыл – он екі ай қалдықтарды қалтарысқа тастап кете берсек, тәулікке арналған мерзімді тазалықтан не пайда?
Астанаға еліміздің өзге өңірлерінен келген туристер қаланың әсемдігіне ғана емес, тазалығына да таңдай қағады. Көшеде тынымсыз кетпен мен күрегін сайлаған тазалық қызметкерлері қоқысты сүйретпелі контейнерлерге не болмаса сол мезет жүк көліктеріне тиеп жатады. Бұл – қала ішіндегі маңызды даңғылдардағы қайнаған қызмет. Ал шеткерідегі тіршілік тасада.
Ресми деректерге сүйенсек, Астана жылына 1 миллион тоннадан астам қалдық шығарады. Демек, 1,3 миллион халықтың әрқайсысы жылына орта есеппен 700-800 келі қоқыс тастайды деген сөз. Полигондар лық толы. Мәселен, «Көктал» полигоны 1990 жылдары салынған. Қазір оның 90 пайызы толып, экологиялық қауіп көзіне айналып отыр. Жаздың аптабында бұл жерден шыққан иіс пен улы түтін қалаға дейін жетеді. Ал жаңбыр жауса, оның сүзіліп жер астына кеткен сұйық қалдықтары топырақ пен суды улайды. Экологтардың айтуынша, қазіргі полигондарға түсіп жатқан қоқыстың тек 15-20 пайызы ғана қайта өңделеді. Қалғаны – табиғаттың мойнында. Басқаша айтқанда, Астана қоқысын табиғатқа «экспорттап» отыр.
Сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған
2019 жылдан бастап елордамызға әртүрлі қоқыс контейнерлерін енгізе бастадық. Тұтынған өнімді қайта өңдеу үшін әлемдік тәжірибелерді қолданысқа енгізуді көздедік. Керекті шаралар түбегейлі орындалды. Контейнерлер әрбір тұрғын үйдің маңына орнатылды. Бірақ қоқыстарды сұрыптау мәдениеті бізде қалыптаспаған. Пластикті – пластикке, бөтелкені – бөтелкеге, қағазды қағаз жәшігіне тастауды білмейміз. Қайсысы бос болса, қоқысты сол контейнерге төңкере саламыз. Аузы-мұрнына дейін толып, сыймағаны жерде таудай үйіліп жатқан қоқыстарды тастаған кімдер? Тұрғындар соны көріп, ашудың кәріне мінеді. Ауладағы шашылған қоқысқа кінәлілер ондайда табыла қалады. «Тазалық компаниялары уақытылы қызмет етпегеннің салдарынан сасыған қоқыс пен қалдықтың ортасында тұрып жатырмыз» деп дау шығарады.
Қоқыс көлемі ұлғаюда
Астанадағы Алаш тасжолының бойында қалдық тастауға арналған полигон бар. Қоқыс айлағы тұрғын үйлерге тым жақын. Мұнда да жағдай мәз емес. Жақында барғанымызда, көк түтінге тұншыққан полигон төңірегінде жұмысшылар маскамен жүр екен. «Clean City NC» ЖШС өкілі Нұрбол Тұрсынбековтің айтуынша, компания тәулігіне 750-800 тонна қалдық шығарады.
– Қоқыс көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есеге артты. Астана халқы мен жаңа тұрғын үй кешендерінің көбеюі қалдық көлемін тікелей өсіріп отыр. Біз шамамыз келгенше үлгеріп жатырмыз, бірақ қайта өңдеу үлесі әлі де төмен. Бар болғаны 20 пайыз шамасында, – дейді ол.
Мәселе тек полигонның толуында емес, қоқысқа деген көзқарас мәдениетінде. Біз оны лақтырып тастадық па, бітті. Әр бөтелке мен әр пластик пакет табиғатта жүздеген жыл жатып, топыраққа, суға, ауаға зиянын тигізеді. Эколог мамандардың есебі бойынша пластик бөтелкенің шіру мерзімі – 450 жыл, ал полиэтилен пакеттікі 1000 жылға дейін созылады. Бұл – біздің ұрпаққа қалатын қоқыс «мұрасы».
Қала әкімдігінің өкілдері болса бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтады. Мәселен, биылдан бастап Астанада қалдықтарды бөлек жинау жүйесін жетілдіру үшін 16 мың контейнер орнатылып, оның ішінде құрғақ және дымқыл қалдықтарға арналған бөлек жәшіктер қарастырылған.
– Бір өкініштісі, тұрғындардың белсенділігі төмен. Қоқысты бөлек жинау мәдениеті қалыптаспаған. Бұл бағытта түсіндіру жұмысы күшейтіледі, – дейді Экология және табиғи ресурстар басқармасының өкілі.
Қоқыс мәселесін шешудің ең тиімді жолы – қайта өңдеуді ұлғайту мен азаматтық жауапкершілікті арттыру. Әлем елдері мұны мектептен бастап үйретеді. Бізде де бұл мәдениет баланың бойына ерте сіңуі тиіс. Әйтпесе бір күні астаналықтар қоқыстың ішінде өмір сүруге мәжбүр болуы әбден мүмкін.
Ерасыл
НҰРЛЫБЕКҰЛЫ