Қала бюджеті нақтыланды

Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың 2026-2028 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысқан жиында бюджет бойынша қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева баяндама жасады.
Оның айтуынша, мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында айтылған депутаттардың ұсыныстары ескеріліп, бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға қаржы бөлінді. Соның ішінде әлеуметтік сала, жылу энергетикасы, электрмен қамтамасыз ету, нөсер кәрізі жүйесі, сумен қамту, көлік қозғалысы, қалалық орта сапасы сынды салаларда бюджет-инвестиция жобаларын жалғастыруға қомақты қаржы қарастырылды. Сонымен қатар экономиканың нақты секторының дамуына қаржы бөлінді. Атап айтқанда, көлік инфрақұрылымын дамытуға, №38 көше құрылысы және Ш.Бейсекова көшесі мен Н.Тілендиев даңғылы қиылысындағы жолайырық құрылысын жалғастыруға, қаланың тұрғын алаптары мен «Ильинка» кентінде жолдарды салуға, Ұлы дала көшесінің солтүстікке қарай бөлігін, Ш.Айтматов көшесінің шығысқа қарай тармағын салуға қаржы бөлінді. Жалпы биыл жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуге 9 млрд 111 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларындағы мәселелерді шешуге 23 млрд 671,2 млн теңге бөлінді. «Тельман» газ-жылу стансасының құрылысын жалғастыруға, ТМ-14, ТМ-33 жылу магистралдарын салуға, бірқатар қосалқы тарату стансалары құрылысына қаржы қарастырылды. Медициналық кластерге қарайтын бірнеше нысанды орталық жылу жүйесіне қосуға, «Кирпичный», «ЛПУ», «Шұбар» тұрғын алаптарын газбен қамтуға қаражат бөлінді. Биыл тиісті жұмыстар аясында №429 көшеде кәріз-сорғы стансасының екінші кезегі, ауызекі тілде «Слободка» атанған ауданнан коллектор, «Ильинка» тұрғын алабындағы жеке үйлерге инженерлік желілер іске қосылады.
Қала тұрғындарының қарқынды өсуіне байланысты әлеуметтік нысандар құрылысына 34 млрд 583,6 млн теңге бөлінгенін айтып өткен баяндамашы осы қаржы 8 мектепке жапсаржайлар құрылысын аяқтауға, №80 мектепке жапсаржай құрылысын жалғастыруға және 4 жаңа мектеп құрылысына бағытталатынын жеткізді. Бұған қоса, 4 өрт сөндіру бөлімін жаңғыртуға, тұрғын үйге кезекте тұрғандар мен әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтарды баспанамен қамтуға, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға инженерлік инфрақұрылым салуға қаржы бөлінеді. Басқа да маңызды жұмыстарға қарастырылған қаржыға тоқталған Айжан Түгелбаева әлеуметтік салаға қосымша 14,5 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



