Қоғам

«Qaisar» ойындары – ерлік мектебі

Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын ұйымдастырды. Бұл туралы партияның баспасөз қызметі ақпарат таратты. Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығында өткен іс-шарада 300-ден астам адам бас қосты. Олардың арасында «Жас сарбаз» ұйымының тәрбиеленушілері, «Әлияшылар» қозғалысына қатысушы қыздар, бастауыш әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен әскери кафедралардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінен келген 100 жоғары сынып оқушысы бар.

Әскери-патриот­тық ойындардың ашылу салтанатына Мәжіліс Спикері, Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Парламент депутаттары, Қорғаныс министрлігі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, Қарулы күштер ардагерлері, қоғам өкілдері және өзге де азаматтар қатысты.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов 2022 жылы Amanat партиясының кезектен тыс XXII съезінде «Жастар рухы» жастар қанаты «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізу жөнінде бастама көтергенін атап өтті. Бұл бастамаға Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірді. Осы жылдар аралығында «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары тұрақты түрде өткізіліп, жай ғана әскери-спорттық іс-шара емес, нағыз ерліктің, патрио­тизмнің, жауапкершілік пен тәртіптің мектебіне айналды. Жалпы, осы уақыт ішінде жобаға 5 мыңға жуық ұл мен қыз қатысты.

«Президент айтқандай, біз ұрпағымызға дамыған әрі мықты мемлекет қалдыруымыз керек. Ол үшін жастарды дұрыс тәрбиелеу қажет. Бұл істе әскер ерекше рөл атқарады. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері тек әскери дайындықпен шектелмейді. Кез келген төтенше жағдай мен табиғи апат орын алса, әскеріміз бірінші болып көмек қолын созады. Бұл – Отан алдындағы парыз бен халық алдындағы жауапкершіліктің шынайы көрінісі. Сіздердің бойларыңызда да осындай қайсар рух пен отаншылдықтың бар екеніне кәміл сенемін!» деді ол.

Сондай-ақ партия төрағасы осы ойындардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізілуінің символдық мәні зор екенін жеткізді. Сұрапыл соғыс жылдары 1,7 миллионнан астам отандасымыз немесе республика халқының әрбір төртінші тұрғыны майданға аттанып, жартысына жуығы қайтып оралмады. Олардың жанқиярлық ерлігі мен қайсарлығы ұрпақ жадында және ел тарихында мәңгі сақталады. Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай, елордада Қазақстан армиясының қуаты мен ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын ауқымды парад өтеді.

Жалпы, «Qaisar» ойындары жас патриоттарды тәрбиелеу ісінің маңызды бөлігіне айналды. Мұнда ел жастары қару-жарақты дұрыс қолдана білуді үйреніп, күш-қуаты мен төзімін шыңдап қана қоймай, командалық рух қалыптастыруға және әркез ел мүддесін қорғауға дайын болуға дағдыланады. Осындай қасиеттер әр адамға керек. Тіпті, кез келген салада қажет. Олар адам мінезін шыңдап, алға қойған мақсатқа жетуге және жауапкершілікті сезінуге үйретеді.

Ерлан Қошанов мемлекет саясатына сәйкес, әскери қызметшілерді қолдау және әскери қызметтің беделін арттыру мәселесіне ерекше мән берілетінін атап өтті. Бүгінде Қазақстан армиясы жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін көрсетіп, оның әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау көрсету шаралары үнемі күшейтілуде. Соның бірі – әскерде азаматтық борышты өтегеннен кейін тегін жоғары білім алу мүмкіндігі. Қазірдің өзінде 4500-ден астам жас азамат осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерді. Ойындар екі күнге жалғасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар оқ ату, әскери эстафета, автоматты шашып-жинау, зияткерлік сайыстар мен тактикалық тапсырмалар арқылы білімін, күш-жігерін, төзімділігін және жеңіске деген талпынысын танытты. Биыл дәстүр мен заманауи технологияны ұштастыруға ерекше назар аударылды. Бағдарламаға алғаш рет ұлттық спорт түрлері мен цифрлық пәндер енгізілді. Әскери-патриоттық ойындар аясында оқу-жаттығу орталығының аумағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл қадам майдангерлердің ерен ерлігін жастар қауымының есіне салып, ұрпақ сабақтастығының тағы бір маңызды символына айналды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button