Прагада Қазақстандық кино күндері өтті

Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен, Шакен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының және серіктестердің қолдауымен Қазақстандық кино күндері өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бағдарламаның алғашқы күні көрермендерге режиссер Алдияр Байракимовтің «Паралимпиадашы» және режиссер Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмдері ұсынылды. Келесі күні Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде Абдулла Қарсақбаев түсірген қазақ киносының классикалық туындысы «Менің атым Қожа», сондай-ақ режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасы көрсетілді.
Іс-шараға Чехияның мемлекеттік және қоғамдық мекемелерінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, іскер топтар, киноиндустрия мамандары, журналистер, қазақ диаспорасы, сондай-ақ Прага тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Қазақстандық режиссерлер мен кино саласы өкілдерінің қатысуы бағдарламаның мазмұнын байытып, көрермендерге авторлардың шығармашылық көзқарасымен тікелей танысуға мүмкіндік берді. Қатысушылар режиссер А. Байракимовке және «Бауырына салу» фильмінде әкенің рөлін сомдаған Айдос Әуесбаевқа сұрақтар қойып, фильмдердің түсірілу барысы туралы қосымша ақпарат алды.
Мәдени шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Бақыт Дүйсенбаев екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті. Ол қазақстандық киноның қарқынды дамып, халықаралық фестивальдерде танылып келе жатқанын айтты. Елшінің пікірінше, Қазақстандық кино күндері гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп, өзара түсіністікті күшейтуге және қазіргі қазақ өнеріне деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.
Қазақстан Елшілігі серіктестерге, режиссерлерге және іс-шара қонақтарына кино көрсетілімдерінің табысты өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді.



