Орман ішін тазартты

Елордада ауқымды «Таза Қазақстан» бастамасы аясында және Спорт күніне орай «Тәні саудың – жаны сау» атты экологиялық акция өтті. Әкімдіктің ресми сайты хабарлағандай, іс-шараны Respublica партиясы қала әкімдігімен және «Жасыл ел» қозғалысымен бірлесіп өткізді.
Акция барысында партия мүшелері, Respublica Jastary жастар қанаты мен ReWomen қауымдастығының өкілдері орман белдеуінде белгіленген бағдар бойынша жүгіріп өтіп, қоқыс жинады. «Біз үшін экологияны сақтау жайлы айту ғана емес, оған деген ұқыпты көзқарасты өзіміз үлгі ету маңызды. Плоггинг – бұл спорт пен қоқыс жинауды ұштастыратын экологиялық қозғалыс. Ол арқылы спорт, командалық рух және болашаққа қамқорлық бірігеді. Дәл осылай біз елімізді жақсы жаққа өзгерткіміз келеді» деді Respublica партиясы Орталық аппаратының басшысы Жанат Искаков. Ұйымдастырушылардың айтуынша, плоггинг «Таза Қазақстан» акциясының мақсаттарына қол жеткізуге және экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыруға елеулі үлес қоспақ.