Өңірлік жәрмеңке жалғасуда
Астанада кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Осы аптада төрт облыс, атап айтсақ, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарының аграршылары елордалықтарға өз өнімдерін ұсынды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, тұрғындарға сапалы өнімдер ұсыну мақсатында апта сайын өткізілетін өңірлік кәсіпкерлердің жәрмеңкесі бұл жолы да Қарқаралы тас жолындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы алаңда өткізілді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елордалық жәрмеңкеге 900 тоннадан астам өнім әкелді. Сөрелерде ет, сүт, шұжық, көкөністер, жеміс-жидектер, сүт өнімдері, өсімдік және жануар майлары, бал, балық, қант, ұн, жарма, сондай-ақ түрлі кондитерлік өнімдер тізіліп тұр.
Жәрмеңкеге Павлодар облысы жеткізген өнім көп болды. Бұл өңір 550 тоннаға жуық өнім әкелді, оның басым бөлігі картоп, көкөніс және бақша дақылдарын құрайды.
Жетісу облысының аграршылары жаңа піскен жеміс-жидектер, ет және қантты қоса алғанда, 120 тоннадан астам тауар ұсынса, Батыс Қазақстан облысы ет өнімдерінің алуан түрін, сондай-ақ ұн мен макарон өнімдерін әкелді.
Алматы облысының аграршылары елордалықтарға 200 тонна өнім ұсынды, олардың ішінде әйгілі «Апорт» сұрыпты алмалары ерекше көзге түседі. Олардың бір келісі үшін бағасы 350 теңгеден басталды. Осы облыстан келген сатушы Фарида Лазгиева дәстүрлі жәрмеңкеге жыл сайын қатысатынын, биыл да сатылымдар жақсы жүріп, тауарлар жылдам өтіп жатқанын жеткізді.
«Бүгін әсіресе алмұрт, «апорт», «американдық» алмалары, «дюшес» сұрыпты алмұрттар әкелінді. Біздің апорт – жемістің төресі. Көптеген қазақстандықтар үшін бұл тарихтың бір бөлігі, туған жер байлығының символы және балалық шақтың өзіндік дәмі, – деді сатушы.
Осылайша өңір шаруалары дайын өнімді астаналықтарға делдалсыз тікелей жеткізуде. Бұл сапаны жақсартуға және бағаны төмендетуге басымдық беріп келеді. Күннің күрт суытқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне келушілер қатары кемімеді. Солардың бірі – астаналық Жанаргүл Серікбайқызы. Ол жәрмеңкеден алған заттарын көрсетіп, әсерімен бөлісті.
– Жәрмеңкеде табиғи таза, ешбір қоспасыз жергілікті өнімдер көп болды. Жұбайым екеуміз жыл сайын осы жерден сапалы көкөністер, жемістер, ет және сүт өнімдерін сатып алуға тырысамыз, өйткені мұнда олардың бағасы арзанырақ. Ауа райының қолайсыздау болғаны рас. Бірақ, біз күнделікті тұрмысқа аса қажетті барлық азық-түлік өнімдерін үйдің қасындағы дүкеннен қымбатқа алғанша, осы жерге келуді жөн санадық. Бұл жерде тауар түрі өте көп әрі тым қымбат емес, – деді елорда тұрғыны.
Бұл жерде азық-түліктердің бағасы нарықтағымен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, жәрмеңке қазан айының соңына дейін жалғасады.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ