Өңірлер дамымай, елордаға көш бәсеңдемейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауында елімізде ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалғанынан жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларға ағылғанын, соның салдарынан қазір сол қалалардың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіп отырғанын атап өтті. Айқын мысал ретінде Астананы келтірді. Елордада халықтың белсенді өсуі байқалады. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығында бас қала тұрғындары қатарына 36 821 адам қосылған. Басқа қалалармен салыстырғанда, бұл әлдеқайда көп. «Неге?» деген сұрақ өзінен-өзі туындайды.
Президент Жолдауда соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейгенін айтты. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкіндігін атап өтті. Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсететініне, басқаша айтқанда, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-жоспарсыз қызмет етіп жатқанына тоқталды. Сол себептен қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп тұрғанын жасырмады. Әрине, Астана – ел жүрегі, бас қаламыз болған соң жұрттың елорда тұрғыны атанғысы келетіні түсінікті. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жақтары да бар. Халқымыз «Арқа қысы жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дейді. Адамдарды Астанаға көшіп келуге әртүрлі жағдайлар итермелейді. Соның бірі – тұрып жатқан өңірінде лайықты жұмыстың болмауы немесе жалақының аздығы. Денсаулық жағдайы да бар. Жұртпен араласқанда «Елордаға балалардың болашағы үшін көшіп келдік» деген сөзді жиі естиміз. Рас, бас қалада балалардың дамуына біраз жағдайлар жасалған. Түрлі орталықтар, кейбір өңірлерде жоқ үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді. Бүгінде аутизмге шалдыққан балалар саны көбейіп тұр. Бауыр еті – баланы қатарға қосамыз деп көшіп келгендерді де көрдік. Мәселен, аздаған уақыт бір жігітпен бірге жұмыс істедік. Ол Әулие ата өңірінен елордаға сондай дертке шалдыққан ұлын емдетемін деп көшіп келген еді. Қазір туған жеріне қайтадан кетіп, арасында емді жалғастыруға ұзақ уақытқа елордаға келіп тұрады.
Мемлекет басшысы жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізуді, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдауға тапсырма берді. Бір анық нәрсе, халықтың Астанаға көшу қарқынын бәсеңдету үшін өңірлерді жан-жақты дамыту керек.
«Өңірлерде фабрика, зауыттар салып, тұрақты жұмыс орнын ашып, жоғары жалақы төлеу керек. Шекаралық, экологиялық аймақтарға жоғары коэфицент қосу қажет. Тұрғын үй жұмыс орнынан тегін берілетіндей етіп, жұмысшылар құқын тәуелсіз кәсіподақ қорғайтын болу керек. Сұранысқа ие оқу орындарын өңірлерден ашып, оқу бітіргесін жұмыспен қамту қажет. Сонда тұрақтылық орнайды, көшу тоқтайды» дейді әлеуметтік желі қолданушы Шекербек Оспанов.
Бұл сөздің жаны бар. Адамға өмір сүру үшін ең алдымен жұмыс керектігі бәріне белгілі. Ал кейбір өңірлерде адамға өзінің мамандығына сай жұмыс табыла қоймайды. Содан ол не істейді, Астана сияқты үлкен қалаға келеді. Сосын сұранысқа сай жұмыстар да болып жатады. Мәселен, елорда құрылысы басталғанда, көп адам осы жаққа қарай ағылып, құрылыста жұмыс істеді. Бас қаланы салу әлі де жалғасып жатыр. Сондықтан нәпақа табу мақсатымен қазір де келушілер саны аз емес.
Президент «Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине, содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады. Мұндай ахуал күрделі мәселелер туындауына әкеп соқтырады. Қалада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың саны бірнеше есе артқан, әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады» деді.
Мемлекет басшысының мәліметінше, Астанада 2022 жылдан бері мұқтаж жандарға 7 мыңға жуық пәтер, соның ішінде көпбалалы отбасыларға 1380, жетім балаларға 835, ерекше қажеттілігі бар адамдарға 665 пәтер берілді. Түрлі санаттағы азаматтар баспанаға ие боламыз деп елордаға көшіп келеді. Мәселен, қазір Астанада 40 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Соның 10 мыңға жуығы – жетім балалар мен көпбалалы отбасылар санатына жататын азаматтар.
«Әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Оның қала бюджетіндегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызға жеткен. Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет» деді Президент елорда туралы. Соның ішінде мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұрғанын, жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатқанын, емханалардың жүктемесі өте көп, онда орын тапшы екенін атап өтті. Ал бас қала тұрғындарының көптігінен автобустар жолаушыларға толып жүретінін, әсіресе, таңертең жұмысқа баратын уақытта және кешке қайтатын кезде адам сығылысып тұратынын, жолдардағы кептелісті күнде көріп жүрміз.
Ауыл десе, бәріміз алаңдаймыз. Көптеген ауыл азып-тозғаны жасырын емес. Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовтың мәліметінше, соңғы 20 жылда елімізде 1400-ден астам ауыл жабылды, тағы 500 ауыл «болашағы жоқ» деп танылды.
«Бұл – қауіпті үрдіс. Әр ауыл – тарих пен мәдениеттің ізі. Ауылда жастарды ұстап қалу үшін бірінші кезекте қолжетімді тұрғын үй керек. Екіншіден, салықтық жеңілдіктер қарастырылып, ауылда арнайы экономикалық режим енгізілуі тиіс. Үшіншіден, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын күшейту қажет. Ең алдымен, ұлттық деңгейде арнайы бағдарлама қабылдануы қажет. Ауылға келетін кәсіпкерлерге қаладағыдан артық жағдай жасалуы керек. Жол, су, электр, интернетсіз инфрақұрылым дамымайды. Урбанизация – заман талабы, алайда ауылдарды ұмытпау керек» дейді депутат.
Соңғы жылдары ауыл тұрғындары қатты азайғаны рас. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қала халқы 12 926 078 адамды, ауыл халқы 7 481 766 адамды құрайды. Осы орайда «Ауылдан біздің неге көшеді?» деген белгілі ән сөздері еске түседі. Ал халыққа жақпаған ауа райы емес, басқа біз жоғарыда атап өткен себептер.
Мемлекет басшысы «Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс» деді. Өте дұрыс деп есептейміз. Өңірлер дамымай, елордаға көш бәсеңдемейді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ