
Қазақстанда 4,1 миллионнан астам оқушы бар. Отандық офтальмолог-дәрігерлер мектеп оқушыларының 70-80 пайызының көру қабілеті төмен екенін анықтады. Бұл – ұлт саулығы мен білім сапасына тікелей әсер ететін фактор. Осы көрсеткішпен көп ұзамай жапон, кәріс ұлтын қуып жетеміз.
Балалар арасында көз ауруларының белең алуына көзге түсетін салмақтың көбеюі себеп болып отыр. Көз аурулары туа бітті және жүре келе пайда болады. Статистикаға үңілсек, еліміздегі әрбір бесінші бала алыстан көре алмайды (миопия). Жуырда British Journal of Ophthalmology журналында жарық көрген зерттеу авторлары 2050 жылға қарай бірнеше миллиондаған бала миопияға шалдығады деген деректі жария етті. Әсіресе, Азия елдеріндегі көрсеткіш алаңдатады: Жапонияда балалардың 85 пайызында, Оңтүстік Кореяда 73 пайызында, Қытайда 41 пайызында миопия бар. Ұлыбритания мен АҚШ-та бұл көрсеткіш – 15 пайыз, ал Парагвай мен Угандада – 1 пайыз. Балалар 7-8 жаста мектепке баратын Африка елдерінде миопия аз кездеседі. Зерттеуге алты құрлықтағы 50 елде тұратын 5 миллион бала қатысқан.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды».
(Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі мәслихаттар
депутаттарының ІІ республикалық форумындағы
сөйлеген сөзі)
Жоғарыда тек көзге қатысты ғана мәліметті келтірдік. Кіндігі гаджетке «байланып» туатын бүгінгі Z ұрпақтың смартфонды ұзақ ұстауы салдарынан көру ғана емес, сөйлеу, есту, есте сақтау, ойлау қабілеті нашарлап барады. Дүниеге келе сала планшетпен немесе телефонмен өскен бала айналасына назар аудармайды. Себебі оған жылаған кезде анасы өз омырауын немесе емізік емес, смартфон берген. Ондағы радиотолқындар миының тектоникасын зақымдайды. Баланың бас сүйегі ересектерге қарағанда жұқа, миы көп су сақтайды, сондықтан микротолқындарды көбірек сіңіреді. Сол сәтте қатты соққы алған мидың қызметі бұзылып, тілі кеш шығады. Мұндай бала айналасындағы адамдарға енжар, икемсіз, құлықсыз болып өседі. Ең қорқыныштысы – гаджетті қолдану кезінде баланың ағзасында дофамин (рахат гормоны) көп түзіліп, ол тәуелділік туғызады.
Мектепте тыйым салынады
Жақында Оңтүстік Корея Парламенті мектепте смартфон ұстауды шектейтін заң қабылдады. Бұл талап 2026 жылдың наурызынан бастап қолданысқа енеді. Мұғалімдер оқушылардың сабақ үстінде ғана емес, мектеп ғимаратында да телефон пайдалануына тыйым сала алады. Тек ерекше қажеттіліктері бар балаларға, білім беру мақсатында немесе төтенше жағдай кезінде телефон қолдануға рұқсат беріледі. Франция үкіметі сабақта оқушыларға смартфон ұстауға тыйым салатын ережені 2018 жылы бекітті. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқушылар мектепке кіргенде телефондарын өткізуді міндеттейтін талап енгізілді. Жаңа әдіс жүздеген мектепте сынақтан өткізіліпті. Соның нәтижесінде гаджеттен оқшауланған оқушылардың денсаулығы дұрысталып, бір-бірімен жақын араласып, мектептегі зорлық-зомбылық азайған. Осы елде 11 жасқа дейінгі балаларға смартфон ұстауға тыйым салынған. Президент жанынан құрылған комиссия 13 жасқа дейінгі оқушылар үшін интернет байланысы жоқ батырмалы телефондарға ғана рұқсат беруді ұсынғаны мәлім.
Бразилия Президенті биыл 13 қаңтарда балабақшаларда, мектептерде смартфон пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойды. Телефонды сабақ үстінде де, үзіліс кезінде де ұстауға болмайды. Оларды арнаулы сөреге қойып, бекітіп қояды. Бірақ мұғалімнің рұқсатымен білім алу және қауіпсіздік мақсатында пайдалануға рұқсат бар. Ал Қазақстанда былтыр оқушыларға сабақ үстінде смартфон пайдалануға тыйым салатын заң қабылданды. Бірақ тек сабақ уақытында телефонға телміруге болмайды. Ал үзіліс кезінде қалтадағы құрылғыны қолдану-қолданбау – әр оқушының өз еркінде. Смартфонды қолдану-қолданбау, мектеп ғимаратына алып кіру-алып кірмеу деген мәселені мектеп басшылығы өзі шешеді. Тек елордамыздағы бір-екі мектеп қана цифрлық тәуелділіктен қорғанудың жолын таңдады.
Номофобия – цифрлық дәуірдің қаупі
Дүйім жұрт телефонға телмірген заманда номофобия деген қауіптің жаңа түрі пайда болды. «no mobile phone phobia» – «ұялы телефоннан айрылып қаламын ба деген қорқыныш» деген қалыптасқан сөздің қысқаша атауы. Кейбір зерттеуші-ғалымдар мұндай жүйке жүйесінің бұзылуын герпетофобия (жыланнан қорқу), арахнофобия (шаяннан қорқу), биікке шығудан қорқу, шектеулі кеңістіктен үрейлену сияқты фобиялармен қатар қояды. Өйткені номофобиямен ауыратын адамдардың да бойында жүйкенің дірілі, қатты терлеу, тыныс алудың қиындауы, жедел ашушаңдыққа бой алдыру сияқты дерттің белгілері байқалады.
2023 жылы Канада мен Бахрейн ғалымдарының бірлескен зерттеуінің қорытындысы шығып, сарапшылар адамдардың гаджеттің құлы болып, номофобияның жаһандық мәселеге айналғанын жазды. Осы зерттеуге қатысқан 12,5 мың адамның 71 пайызы бірыңғай номофобияның белгілерін өз бойларынан байқағанын, ал 21 пайызы қуатты номофобияның тасқынынан зор күйзеліске ұшырайтынын ашық айтыпты. Әсіресе, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері номофобия деген құбыжықтың алақанында қалып қойған. Тіпті, Айова университетінің ғалымдары номофобияның деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін диагностика әдісін ойлап тапты. Негізгі 20 сұраққа дұрыс, ашық жауап берген адам өзінің қаншалықты номофоб екенін біледі.
Интернетте неше сағат отыруға болады?
Әр адам қазір күн сайын кем дегенде 3-5 сағат смартфонына телміреді. Бонн университетінің ғалымдары жүргізген зерттеудің нәтижесі осындай. Әлбетте, мұндай цифрлық тәуелділіктің денсаулығымызға, өмір сүру дағдымызға кері әсер ететіні анық. Виртуалды қарым-қатынастың шектен шығуы адамдарды шынайы өмірден алыстатқаны өз алдына, тіпті ол депрессия мен эмоционалдық тұрғыдан жүйкені тоздыру синдромына шалдықтырады. Сол себептен психологтар әр адамға аптасына бір рет digital detox жасап тұруға кеңес береді. Яғни, аптаның бір күнін смартфонсыз өткізу деген сөз. Әсіресе, ұйқыға жатарда телефонды өшіріп, басқа бөлмеге апарып тастау бәрінен маңызды. Өйткені бәріміз күн сайын ұйқыға жатарда немесе ұйқыдан ояна сала көзімізді сығырайтып смартфонды қосып, мессенджерлерге кіреміз.
Не істеу керек?
Еуропалық медициналық орталықтың психологы Валерия Мощняцкая өкінішке қарай, номофобия – цифрлық тәуелділіктің көп түрлерінің бірі екенін айтады. «Кез келген тәуелділік сияқты, ол адамның бойында үрей туғызып, соматикалық дене күйінің бұзылуына (бас ауырады, ұйқы қашады, ағза шаршайды, теріге бөртпе шығады, ас қорыту бұзылады, сексуалдық қызығушылық жойылады) әкеліп соғады. Мысалы, АҚШ-та 2012 жылы мұндай диагноздан тұрғындардың 77 пайызы зардап шексе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 90 пайызға жетті. Адамның өзінің қалтасындағы ұялы телефонынан айрылмай жүргенінен ешқандай қауіп жоқ сияқты көрінеді. Алайда оған тәуелділік барлық жағынан өнімділіктің, белсенділіктің төмендеуіне әкеледі. Адамның ментальдық ахуалы нашарлап, қолындағы телефонымен өз өміріне қауіп төне бастайды. Мысалы, автокөліктің рөлінде отырып телефонын шұқылайды, бағдаршамнан өткенде де құрылғыдан көзін алмайды» дейді ол.
Неміс психологы Джейн Макгонигал технологияларды қолдану әрқайсымызға қуаныш пен қанағаттанарлық көңіл-күй сыйлағанның орнына қауіп пен тәуелділіктің қайнар көзі болып отырғанына қынжылады. «Бұл жердегі ең күрделі мәселе – кәмелет жасына толмағандардың гаджеттерге тәуелділігі. Америкалық ғалымдар жуырда мынадай жаңалық ашты: күн сайын смартфоннан кем дегенде 2 сағат бейнежазба көрген 3 жасқа дейінгі балалардың сөздік қоры нашар қалыптасады. Бұл экспериментке 300 ата-ана қатысты. Зерттеуден анықталғанындай, әр бала бейнежазбаны көп көрген сайын, тілі де кеш шыққан, есту мен қабылдау қабілеті нашар дамыған» дейді ол.
АҚШ ғалымдары балалардың және ересектердің күн сайын қанша сағат интернетте отыруға болатынын есептеп көрген. Олар 3 жасқа толмаған баланың қолына ешқандай смартфон беруге болмайтынын айтады. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларға күніне әр кетсе 40 минут-1 сағат уақыт ұстатуға болады. Ересектерге де цифрлық құрылғыларды көру уақыты көп емес: 4-5 сағат. Қазіргі кезде смартфонға тәуелділікті есірткіге тәуелділікпен бір қатарға қоюға болады. Өйткені ғылымда дәлелденгендей бар ой-санасымен смартфонға «кіріп кеткен» адамның ми қауашағы есірткі тұтынушылар мен виртуалды ойындарға тәуелділердің зардап шегетініндей белсенді күйге түседі. Бұл күй біздің күнделікті әдетіміздің қаншалықты қаупі барын ойлануға жетелейді. Әлбетте, смартфонның өзі – бүгінгі таңда өмірімізді жеңілдеткен, ілім-білімге жол ашқан қуатты құрал екені даусыз. Бірақ, кез келген құралдың пайдасы оны қалай қолдануға байланысты. Номофобия деген бәледен аулақ болайын десеңіз, күн сайын үйде я болмаса жұмыс орнында телефоныңызды 1 сағатқа өшіріп, айналаңыздағы басқа нәрселерге көңіл бөліңіз. Онсыз да өміріңіз шуақты, шырайлы екенін сезінесіз. Сол да жетерлік.
Төлен ТІЛЕУБАЙ