Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу және азаматтардың еңбек құқықтарын, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларына деген құқықтарын қорғау. Бұл туралы елорданы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы Ерлан Исмағұлов қозғап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қызметкерлерді қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі – өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға, сондай-ақ оның жасалғаны туралы мәліметтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ұсынуға міндетті.
«Бұл міндет меншік нысанына, ұйымдық-құқықтық нысанына және қызметкерлер санына қарамастан барлық жұмыс берушілерге қолданылады және қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғаудың маңызды кепілі болып саналады. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде міндетті сақтандыру қызметкердің еңбек міндеттерін орындау барысында өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді қамтамасыз етеді. Заңнамада кәсіби еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда; мүгедектік белгіленген жағдайда; қызметкер қайтыс болған кезде зиянды өтеуге құқығы бар тұлғаларға сақтандыру төлемдері көзделген. Міндетті сақтандыру шартының болмауы жұмыс берушіні қызметкерге келтірілген зиянды өтеу міндетінен босатпайтынын атап өту керек», – дейді спикер.
Сонымен қатар сақтандыру болмаған жағдайда қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеуге байланысты шығындар сот тәртібімен жұмыс берушіден өндіріп алынуы мүмкін.
Заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс берушінің қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасамауы әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру, міндетті сақтандыру шарттарының болуын бақылау және анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік шаралар қабылдау бағытында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу – негізгі басымдықтардың бірі. Жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптары бойынша оқыту мен нұсқама өткізуді ұйымдастыруға, кәсіби тәуекелдерді бағалауға, медициналық тексерулерден өткізуді қамтамасыз етуге және міндетті сақтандыру арқылы қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуына кепілдік беруге міндетті.