4 қарашада Астанада Қазақстандағы жолбарыс популяциясын қалпына келтіру бағдарламасының іске асырылу барысына арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров және Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты. Баспасөз конференциясы барысында жолбарысты тарихи мекендеу ортасына қайтару бағытында атқарылған көпжылдық жұмыстың нәтижелері мен реинтродукция бағдарламасын іске асырудың негізгі кезеңдері таныстырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Екінші жолбарыс табиғи ортаға жіберілді Бағдарламаның маңызды оқиғаларының бірі – 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында Амур атты Амур жолбарысының табиғи ортаға жіберілуі болды. Ол Қазақстанның табиғи ортасына жіберілген екінші жолбарыс атанды. Бұған дейін, 31 шілдеде Үміт есімді ұрғашы жолбарыс табиғатқа жіберілген болатын.
2018 жылы жолбарысты тарихи мекендеу ортасына қайтару үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. 2026 жылғы қаңтарда оның аумағы 450 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта резерват аумағында табиғи экожүйелерді қалпына келтіру, мекендеу ортасын сақтау және қоректік базаны молайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, мұнда 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан жерсіндірілді.
Ә. Қуантыров екі жолбарыстың табиғи ортаға жіберілуі көпжылдық жұмыстың алғашқы практикалық нәтижесі екенін атап өтті. «Ендігі міндетіміз – жануарларға тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, олардың табиғи мекендеу ортасын сақтау және қоректік базаны қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру. Біздің түпкі мақсатымыз – Іле өзені атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейе алатын тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыру», – деп атап өтті министр.
Жолбарыстардың бейімделуі және қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ағымдағы жылдың мамыр айында Ресей Федерациясынан Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Олар – Амур, Үміт және екі жолбарыс күшігі – Тұран мен Уссури. Бүгінде Үміт өздігінен аң аулауға бейімделіп, белгілі бір мекендеу аумағын тұрақты иеленген. Мамандар жолбарыстардың қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделу үдерісін спутниктік қарғыбаулар арқылы бақылауда ұстап отыр. Ал екі жолбарыс күшігі арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауларында мамандардың бақылауымен өсірілуде. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жанжалдардың алдын алу тобы құрылды. Топ жолбарыстардың қозғалысын бақылап, тұрғындармен өзара байланыс орнатады және ықтимал жанжал жағдайларының алдын алу шараларын қабылдайды.
Мемлекет пен жеке сектор серіктестігі Бағдарламаны іске асыруда мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Freedom Holding Corp. және Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры жобаға қолдау көрсетуде. Олардың көмегімен қазақстандық мамандардың Ресейде даярлығынан өтуі ұйымдастырылып, «Іле-Балқаш» резерватының бейімдеу қоршаулары қосымша жабдықталды және жолбарыстарды тасымалдау жұмыстары жүзеге асырылды.
Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов Қазақстанның табиғи байлығын сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, жолбарысты тарихи мекендеу ортасына қайтару елдің экологиялық болашағына қосылған маңызды үлес екенін айтты.
Министр бағдарламаны іске асыруға қосқан үлесі үшін Ресей тарапына, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік табиғат қорына (WWF), Freedom Holding Corp. компаниясына және Freedom «Шапағат» қорына алғыс білдірді. Баспасөз конференциясының соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жолбарыстарға алдағы уақытта мониторинг жүргізу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың популяциясын қалпына келтіру перспективалары туралы сұрақтар қойды.
Жолбарысты Қазақстанға қайтару – табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті сақтауға және сирек кездесетін жануар түрін тарихи мекендеу ортасына қайтаруға бағытталған ұзақ мерзімді экологиялық жоба.