Астанада 15 мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп ашылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордада жаңа мектептер салу жұмыстары туралы мәлім етті.«Биыл біз мектептердің рекордтық санын тапсырамыз. Мысалы, оқу жылының басында 15 мектеп есігін айқара ашты. Олардың тоғызы – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында.
Аталған оқу орындары екі ауысымда 28 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік берді. Жаңа мектептердің арқасында оқыту 3 ауысымда жүргізілген 5 мектепте және оқыту режимі тығыздалған 4 мектепте мәселе шешілді.
Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тартылады. Мысалы, «Сәби» қайырымдылық қоры қалаға жаңа мектеп сыйлады (Барыс Аренаның артында). Ғимарат №9 «Зерде» мамандандырылған лицейіне берілді.
Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың алтауы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынуда. Мектептер қаланың барлық аудандарында орналасқан. Сондай-ақ алдағы жылдарға дайындалып жатырмыз», - деп жазды елорда әкімі.