Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-не қарасты Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында ақын, жазушы, журналист, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Есей Жеңісұлымен «Зерделі ұлт – кітап оқитын отбасынан басталады» атты кездесу өтті. Шараға М. Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледждің 1-курс студенттері қатысты.
Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған тағылымды кездесу Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Шара барысында қонақтың әр жылдардағы еңбек жолын, шығармашылық ортасын және отбасылық өмірін бейнелейтін фотосуреттер көрмесі ұсынылды. Кездесудің негізгі өзегі – кітап оқудың маңызы, жастардың білімге құштарлығы, ана тілінің қадірі, туған жерге деген жауапкершілік және зерделі ұлт қалыптастырудағы әдебиеттің рөлі болды. Есей Жеңісұлы әңгімесін журналистика саласындағы еңбек жолынан бастап, балалар басылымдарында қызмет еткен жылдарын еске алды. «Ұлан» газетінде төрт жыл, «Ақжелкен» журналында төрт жарым жыл қызмет еткенін айтқан қаламгер балалармен жұмыс істеу тәжірибесінің мол болғанына тоқталды. Сондай-ақ спорт саласында тілші болып, комментаторлық қызмет атқарғанын әңгімеледі. Бұдан бөлек, Ақордада жұмыс істеген кезеңін де еске алған ол шығармашылық адамның болмысына қатысты ойын ортаға салды.
«Айналып келгенде, біздің өміріміз – саяси қызмет атқару болмаса, басқа бизнеспен айналысу сияқты емес. Біздің өміріміз – бірдеңе жазғың келіп тұратын, бірдеңе оқығың келіп, айтқың келіп тұратын шығармашылық адамның өмірі екен. Сондықтан біз өзімізді осы салада еркін сезінеміз», – деді Есей Жеңісұлы.
Қаламгер жастармен тілдесу барысында елдің болашағы бүгінгі ұрпақтың білім деңгейі мен азаматтық ұстанымына тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет ісіне араласу, қоғамның дамуына үлес қосу тек аға буынның міндеті емес. Әр жас өз болашағына жауапкершілікпен қарап, ел алдындағы парызын ерте сезінуі керек.
«Мен студенттерге, оқушыларға журналистика факультетінде сабақ бердім. Сонда бір байқағаным – біздің балалар университетке дайын болып келмейді. Тіпті “ң” мен “н”-ды айыра алмай келетіндері де болады. Мектеп бағдарламасын білмей, қазақ тілінің құндылығы неде екенін түсінбей келетіндер кездеседі. Осы мемлекеттік жұмыстардың бәрін мен сияқты жасы елуге таяп қалған адамдар істейді деп ойлайды. Ертең осы мемлекеттің тізгіні өз қолдарында болатынын түсіне бермейді. Өздері солар жасаған жұмысқа сүйеніп өмір сүре беретіндей көрінеді. Ертең бірі журналдың, бірі газеттің тізгінін ұстайтын азамат болатынын ұғынуы керек. Сондықтан қазірден бастап Отанға деген жауапкершілікпен, ертеңге деген үмітпен, “менмін” деген ниетпен білімді болуға құлшыныңыздар», – деп жастарға ой салды.
Ауыл баласы – қаладағы қазақы ортаның тірегі
Кездесу барысында ауылдың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы орны мен қалалық ортадағы қазақ тілінің қолданысы да сөз болды. Қаламгер ауылдан шыққан жастардың қала өміріне араласып, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
«Ауылдан келген бала – қаланың қазақылық доноры. Біз қазір түрлі мегаполис қалаларды көбейтіп жатырмыз. Оның ішінде Түркістан, Шымкент, Қонаев сияқты қалалар бар. Ал қазақ қалалық ұлтқа айналмай, қала қазақ тіліне айналмай, қазақ мықты ел болмайды», – деді ол.
Бұл ойын өз өмірінен алынған мысалмен сабақтаған Есей Жеңісұлы алты жастағы ұлының тілдік ортасына қатысты байқағандарын бөлісті. Баласының кейде қазақша сөйлемге орысша сөздерді араластырып сөйлейтінін, мұндай жағдайда оны түзетіп отыратынын айтты. Сондай-ақ қазақ мектебінде оқитын кейбір балалардың өзара орысша сөйлесуі басқа балалардың тіліне де әсер ететінін жеткізді.
Қаламгердің пайымынша, ауылдан келген қазақтілді балалардың қалалық ортада көбеюі мектептердің қазақылануына және қазақ тілінің күнделікті қолданысының артуына ықпал ете алады. Сондықтан ауыл жастарының білім алып, қала өміріне белсенді араласуының маңызы зор.
Тарихты тану – кітап оқудан басталады
Есей Жеңісұлы жастарға еліміздің тарихын тануға, сапалы әдебиеттерді оқуға және білім алу мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға кеңес берді. Ол қазіргі уақытта Қазақстан тарихының жеті томдық академиялық басылымы қайта жазылып жатқанын, өзі осы еңбектің алтыншы томында редактор болып жұмыс істеп жүргенін айтты.
«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан тарихы жеті том болып қайтадан жазылып жатыр. Мен соның алтыншы томында редактор болып жұмыс істеп жүрмін. Сол алтыншы томның өзі екі мың беттен тұратын еңбек болды. Яғни, үш кітап болады. Мемлекет тарихты іздесе, осы жерден тауып алсын деп, сіздер үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Айналаңызда басқа да баспалардан мыңдаған кітаптар шығып жатыр. Мұның бәрі де сіздердің білім алуға деген мүмкіндіктеріңізді кеңейтеді», – деді қаламгер.
Ол студенттерге кітапты тек оқу міндетін орындау үшін емес, дүниетанымды кеңейтіп, тарихи сананы қалыптастыру үшін оқу керектігін түсіндірді. Әсіресе, әдеби шығармаларды үстірт оқымай, мазмұнына терең үңіліп, әр кезеңде қайта оралып отырудың маңызын атап өтті.
«Қазір адамдардан “Қай кітап оқып жатырсың?” деп сұрасаң, “Абай жолы” деп соға салады. Ондай өтіріктен жастар аулақ болу керек. “Абай жолын” оқу үшін адамда үлкен дайындық болу керек. Оны үш рет оқу керек. Бірінші, оқушы кезде оқу керек. Екінші, студент кезде қайталау керек. Үшінші, тұлғалық жағынан жетілген кезде тағы бір оқу керек. Міне, сонда ғана оны толықтай түсінуге мүмкіндік болады», – деді ол.
Кітап оқыған адамның қиялы бай болады
Кездесудің басты тақырыбына қайта оралған қаламгер зерделі ұлт қалыптастырудың негізі кітап оқудан басталатынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі ақпараттық кеңістікте қысқа бейнероликтерді жылдам көруге дағдыланған адам үшін ұзақ мәтінге зейін қою қиындай түскен. Ал кітап оқу адамның шыдамын шыңдап, ойлау қабілетін дамытып, қиялын байытады.
«Зерделі ұлт деген дәл осы кітап оқудан басталады. Кітап оқымаған адам жартыкеш адам болады. Қазір балалар асып кетсе, телефоннан 45 секундтық видео көреді. Адамдардың санасы соған шырмалған. Ал енді осы видеолар бір минут болып кетсе, оны ешкім көрмейді. Өйткені адамдардың шыдамы жетпейді. Қазіргі адамның қалыптасуы солай. Ал сен кітап оқысаң, бұл кітап сені алға жетелейді. Қиялыңды байытады. Сені ойлауға, түйсікпен сезінуге сүйрейді. Кітап оқып отырып, ондағы суреттерді қиялыңда сала бастайсың. Мәселен, Оралхан Бөкейдің “Мұзтау” шығармасын оқып отырып, біз Шығыс Қазақстанды көрмесек те, көз алдымызға келтірдік. Сол тауларды көрмей тұрып, қиялымызда қалыптастырдық. Жазушының суреттеуі арқылы көз алдымызға елестеттік. Кітаптың қасиеті де сол – көркем суреттеу арқылы санаңа небір дүниені әкеледі, қиялдандырады. Сен телефондағы он бес секундтық видеоны ғана көрмейсің, өз санаңда сол көріністерді жасай бастайсың. Кітаптың басты ерекшелігі де – сол», – деп түйіндеді Есей Жеңісұлы.
Сонымен қатар қаламгер адамның тұлға болып қалыптасуына оның айналасындағы ортасы үлкен әсер ететінін айтты. Білімге құштар, ізденісті серік еткен достар табудың маңызын атап өтіп, жақсы орта адамның дамуына жол ашатынын жеткізді. Кездесу соңында студенттер қаламгерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өздерін қызықтырған тақырыптар бойынша пікір алмасты.
Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған «Мен кітап сыйлаймын» акциясы аясында Есей Жеңісұлы кітапхана қорына Рахат Мамырбектің «Ұлт туралы арман» кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде кітапхана ұжымы М. Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледжге шетел классиктерінің кітаптар жинағын табыстады.

Сондай-ақ кездесуде белсенділік танытып, қызықты сұрақ қойған Айзере есімді студентке қонақ өзінің кітабын қолтаңбасымен сыйлады. Кітапхана жүйесінде жүзеге асырылып жатқан «Менің қолтаңбам» жобасы аясында Есей Жеңісұлы арнайы тілек жазып, өз қолтаңбасын қалдырды.
Кездесу жастарды кітап оқуға, ана тілін құрметтеуге, тарихи сананы қалыптастыруға және ел болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеген тағылымды шара болды. Шара соңында студенттер сұрақтарын қойып, «Мен кітап сыйлаймын» акциясы аясында қонақтың кітабын сыйға алды. Есей Жеңісұлы студенттерге кітаптарын қолтаңбасымен табыстап, естелік қалдырды.