Республика күніне орай Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейінде «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Ө. Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар» клубы мүшелерінің қатысуымен өткен іс-шара жасөспірімдердің ел тарихы, географиясы, мәдениеті және ұлы тұлғалары туралы білімін кеңейтуге, ұлттық мұра мен елдік құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталды.

Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған ойын мақсаты – өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын нығайту, ел тарихына деген қызығушылығын арттыру, зияткерлік әлеуетін дамыту және жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениет пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу. Зияткерлік ойынға елорданың 29 мектебінен «Болашақ прокурорлар» клубының 90-ға жуық мүшесі қатысты. Әр білім беру ұйымынан үш оқушыдан жиналып, олар өзара білім сайысына түсті. Бұл ойынның ерекшелігі – тапсырмалардың тек тарихи деректер мен фактілерді есте сақтауға ғана емес, оларды салыстыруға, ақпаратты талдауға, логикалық қорытынды жасауға және білімді өмірлік жағдаяттарда қолдануға бағытталуында. Командалық формат оқушылардың бірлесіп шешім қабылдау, өз ойын дәлелдеу және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

-«Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру және олардың бойында азаматтық жауапкершілікті дамыту – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Сарайшық ауданы прокуратурасының бастамасымен осы аудан мектептерінде елордада алғаш болып «Болашақ прокурорлар» клубтары былтыр ғана құрылған болатын. Қазір бұл клуб қаланың 34 мектебінде ашылып, жұмыс жүргізуде. Демек оның пайдасы, болашағы бар деген сөз. Клуб жұмысы одан әрі жандана түсуде, соның көрінісі – бүгінгі сіздер қатысып отырған зияткерлік іс-шара, - деді Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Қайроллаев.
М. Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагогы Қамбар Рахметов ойынның шарттарын түсіндіріп, оның 6 турдан тұратынын жеткізді. Ойын Оңай, Суретті сұрақтар, АІ және мен, Адал азамат, Медиа сұрақтар, Тәуекел деп аталатын кезеңдерден тұрып, оған әр мектептен келген болашақ прокурорлар 10 командаға бөлініп қатысты. Бір айта кетерлігі, оқушылар командаға мектебіне қарай емес, аралас етіп бөлінді. Соңғы бір команда ұстаздардан жасақталды. Әр команда өзіне креативті атау қойып, соны арнайы ұранмен таныстырды. Ойын соңында 1-орынды «Жас қыран» командасы, 2-орынды «Апекс» пен «Фемида мұрагерлері» командалары және 3-орынды «Алаш» командасы иеленіп, қалған топтар Алғыс хаттармен марапатталды.
Райхан Рахметова