Жақында Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы жасыл желекті цифрландыру жұмысының барысымен таныстырды. Бұл жиынға қалалық мәслихаттың бір топ депутаты қатысып, осы мәселе бойынша пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

– Жасыл желекті цифрландыру – заманауи және жайлы қаланы құруға апаратын қадам. Қазіргі заманғы цифрлы технологиялар жасыл желекті есепке алу, оны түгендеу және күтіп ұстауға жаңаша тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді. Бұл тек қаланы абаттандырудың мәселесі ғана емес, бұл – қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсерін тигізетін жайт. Ағаштар мен жасыл орта ауаның жақсаруына, жағымсыз дыбыстардың азаюына, жайлы микроклимат құруға септесіп, көшелерде серуендеуге, таза ауада спортпен айналысып, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Әсіресе, жасыл ортаның қолжетімділігі аға буын үшін аса маңызды. Таза ауада көп уақыт өткізу – белсенді ұзақ өмір сүру мен көптеген аурудың алдын алудың кепілі. Жасыл желекке қамқорлықпен қарау – қаланың дамуын ғана емес, қазіргі және келер ұрпақтың денсаулығын ойлау деген сөз, – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Динара Оразалина.