Ауыл мықты болса, елорда да мықты

Ауыл мықты болса, елорда да мықты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Жыл сайын мыңдаған отбасы туған ауылын тастап, басқа жаққа көшіп кетеді. Адамдар өз жерін сүймегендіктен кетіп жатқан жоқ. Тек туған жерде тұрақты табыс беретін жұмыс табу, көктем мен күзде жол батпаққа айналғанда баланы мектепке жеткізу, дәрігердің қабылдауына уақтылы бару барған сайын қиындап барады. Соның салдарынан ауылдар біртіндеп босап, ал ірі қалалар, әсіресе Астана, мектеп пен емхана салып үлгермейтіндей жылдам өсіп жатыр. Тек 2025 жылдың өзінде елордаға көшіп келгендер кеткендерден 87 мың адамға көп болды.

Бұл әсіресе мектептерден байқалады. Қазақстан Республикасының өңірлік дамуының 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2024 – 2025 оқу жылында елде 270 мың оқушы орны жетіспеді, оның 30 мыңға жуығы Астанада. Бұл Алматы облысы, Алматы қаласы, Түркістан облысы және Шымкент қаласымен қатар ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Халық өсімінің қазіргі қарқыны сақталса, 2030 жылға қарай ел бойынша тапшылық 1 миллион орынға дейін ұлғаюы мүмкін. Елорда жаңа мектептер салып жатыр, бірақ тұрғындар осылай көптеп келіп жатқанда құрылыс соңынан қуып жетуге мәжбүр.

Дәл осы мәселе Құрылтайдың бейінді комитетінің өңірлерді теңгерімді дамыту мәселесі қаралған отырысында сөз болды. Қосымша баяндама жасап, министрліктердің ресми жауаптары мен статистикаға сүйене отырып, мен қарапайым қорытындыға келдім: өңірлік теңгерімсіздік ауылға да, елордаға да бірдей әсер етеді. Олар бір мәселенің екі қырына айналды. Ауылда мектеп жабылса, Астанада тағы бір сынып лық толады. Ауданда жұмыс болмаса, елордада емханаларға түсетін салмақ артып, пәтер жалдау бағасы өседі. Сондықтан бүгінде ауылдың әл-ауқаты ауыл тұрғындарына ғана емес, әрбір астаналыққа да тікелей қатысты.

Адамдарды көшуге итермелейтін себептер ауылда өскен әр адамға таныс. Елімізде 1 200‑ден астам ауылдың аудан орталығына дейін әлі күнге қатты жабынды жолы жоқ. Жаңбыр-шашында ол жаққа жедел жәрдем көліктері мен мектеп автобустары әрең жетеді. Жергілікті жерде отбасын асырауға жететін жұмыс аз. Сапалы медицина, білім, сенімді байланыс пен таза ауыз су ауылда қаладағыдан әлдеқайда қолжетімсіз. Мұны көрген жастар Астана мен басқа да ірі қалаларға оқуға кетіп, көбіне қайтып оралмайды.

Бұл мәселелердің көбі қаржыға тіреледі. Ауылдық жолдарды, көпірлер мен су құбырларын ұстау жүгі барған сайын жергілікті бюджеттерге көбірек түсуде, алайда аудандардың өз қаражаты көбіне жетпейді. Ең қажет нысандар жылдар бойы кезек күтеді. Өңір елге мол табыс әкеліп отырса да, оның ауылдары бұзылған жолдармен қалатын жағдай жиі кездеседі. Өңір жерінен түскен табыстың бір бөлігі сол өңірдің ауылдарына міндетті түрде қайтып оралса, әділ болар еді.

Осы ұзаққа созылған инфрақұрылымдық мәселелерді шешудің нақты қадамы Мемлекет басшысының жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында көтерген бастамасы болуға тиіс. Азаматтардың өмір сапасын түбегейлі жақсартып, оларды негізгі әлеуметтік нысандармен қамту үшін келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау ұсынылды. Теңдесі жоқ «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ірі қалаларды ғана емес, елдің әрбір ауданы мен кентін қамтиды: онда автомобиль жолдарын, инженерлік желілерді, мектептерді, ауруханалар мен емханаларды салу және жөндеу кең көлемде басталады.

Біздің ел үшін мұндай жаңарудың стратегиялық маңызы зор, өйткені инфрақұрылым тапшылығы мемлекет шекарасына жақын жерде барынша қатты сезіледі. Қазақстанның 17 облысының 14‑і шекаралас, сондықтан шекара маңы біз үшін шет аймақ емес, елдің үлкен бөлігі. Соңғы жылдары бұл аумақтардан жүз мыңдаған адам көшіп кетті. Мемлекет шекарасын шекарашылар күзетеді, бірақ шекараны шын мәнінде оның жанында тұратын қарапайым адамдар – шопандар мен фермерлер, ауыл мұғалімдері мен фельдшерлер ұстап тұр. Шекара маңындағы үйдің терезесінде жарық жанып тұрғанда, ел шекарасы иесіз қалмайды. Ал соңғы отбасы көшіп кеткенде, ауыл ғана емес, шекараның өзі босайды.

Тоқсаныншы жылдардың соңында таратылған шекара маңындағы аудандардың бұрынғы мәртебесін қайтару қажет деп санаймын. Аудан орталығымен бірге адамдарға әкім, аурухана және қажетті мемлекеттік қызметтер қайта оралады. Шешімдер жүздеген шақырым жерде емес, жергілікті жерде қабылдана бастайды. Бұның жарқын мысалы – Алматы облысындағы Кеген ауданы. 2018 жылы қалпына келтірілгеннен кейін ол жерге инвесторлар келіп, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылды, салық түсімдері бірнеше есе өсті. Аудан жанданды. Бірақ мәртебенің өзі ғана адамдарды ұстап тұра алмайды – онымен бірге баспана, тұрақты жұмыс және орталыққа дейінгі жақсы жол аса қажет.

Шекара маңындағы аумақтарға жеке заң да керек. Қазір Құрылтайда «Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аумақтарын дамыту туралы» заң жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр, оны дайындау жөніндегі жұмыс тобын мен басқарамын. Біздің мақсат – шекара маңындағы ауылдарды қолдауды бір реттік науқан емес, тұрақты қағидаға айналдыру. Жақсы жол мен байланыс, мектеп пен фельдшерлік пункт, жас мамандарға баспана және шекараның дәл түбінде еңбек ететіндерге лайықты жалақы мемлекет тарапынан кепілдендірілуі тиіс. Шекара маңында тұру орталықтағыдан қиын емес, керісінше тиімді болуы керек.

Ең алдымен не істеу керек? Әр ауылды аудан орталығымен жыл бойы қатынауға болатын сенімді жолмен байланыстыру қажет. Бюджеттерде ауылдық жолдарды, көпірлер мен су құбырларын жөндеуге арналған қаражаттың міндетті ең аз көлемін қатаң бекіту керек, сонда бұл қаражатты басқа мақсатқа жұмсауға болмайды. Өңірдің елге әкелетін табысының бір бөлігі міндетті түрде оның ауылдарына қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар әкімдердің жұмысын игерілген қаражатпен емес, адамдардың өз жерінде қалып жатқан-жатпағанымен бағалау керек. Әрине, шекара маңындағы аумақтар туралы заңды қабылдап, таратылған аудандарды қалпына келтіруді жалғастыру қажет.

Мықты елорда бәрімізге керек. Бірақ ол ауыл мықты болғанда ғана шын мәнінде мықты бола алады. Адам өз туған жерінде жұмыс істеп, оқып, емделе алса, оған көшудің қажеті жоқ. Сонда Астана көшіп келушілер ағынының соңынан қуып, мектептерді асығыс салуға мәжбүр болмайды, ал біздің шекарамыз иесіз қалмайды. Адам қайда тұрса да, жолға, суға, мектепке және дәрігерге тең қолжетімділік – елдің әділ дамуы дегеніміз осы.

Тұрарбек Тілемісұлы,

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты