«Жасыл елдің» жас сарбаздары

«Жасыл елдің» жас сарбаздары

«Таза Қазақстан» экология бастамасы аясында елордада «Таза бейсенбі» акциясы өтіп, оған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 100-ден астам белсендісі қатысты.

Акция Астана қаласы Алматы ауданының қар полигоны аумағында ұйымдастырылды. «Жасыл ел» сарбаздары тұрмыс және құрылыс қалдықтарын, пластик қоқыстарды, шыны бөтелкелерді, қағаздарды, қоршаған ортаны ластайтын басқа да материалдарды жинап, оны алдағы уақытта қайта өңдеу үшін бөлек іріктеді. Мұндай экологиялық іс-шаралар қалалық ортаның тазалығын сақтауға ғана емес, сонымен қатар халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

– Негізгі жұмыс Алматы ауданының аумағында, атап айтқанда, айналма жолға іргелес жатқан учаскеде жүргізілді. Акция барысында 300-ден астам қап қоқыс жиналып, аумақ тұрмыс және басқа да қалдықтардан тазарды. Атқарылған жұмыс жоғары нәтиже көрсетіп, қала тазалығын сақтауға елеулі үлес қосты, – деп атап өтті Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілі Ерлан Айдар.

Ұйымдастырушылар «Таза бейсенбі» акциясы елордадағы экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналғанын қадап айтты. Жоба аясында жастарды қоғамдық қызметке тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Ал «Жасыл ел» қатысушылары еңбек тәжірибесін алып қана қоймай, елорданы абаттандыру мен көгалдандыруға нақты үлес қосады.

Төлен ТІЛЕУБАЙ