Елорда күніне орай Астанада ауқымды патриоттық флешмоб өтті. Оған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 200-ден астам жас сарбазы қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары жастардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін, бірлігі мен ынтымағын білдіретін «Астана» жазуын бейнелеп сап түзеді.
Флешмоб күн сайын елорданы абаттандыруға, қаланы көгалдандыруға және экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген белсенді әрі жанашыр жастардың басын қосты. Бұл акция «Жасыл ел» сарбаздары үшін Астанаға деген мақтаныштарын білдіріп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтаудың тағы бір мүмкіндігіне айналды.

Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Мұндай бастамалар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, патриоттық рухын нығайтуға және туған қаласына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қала күні – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, Қазақстан астанасының қарқынды дамуын айқындайтын мереке. 200 жастың күшімен жасалған «Астана» жазуы қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ерекше құттықтау ғана емес, сондай-ақ жастардың мерекелік көңіл күйді қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге қосып жүрген үлесінің ерекше көрінісі болды.