№98 мектеп-лицейінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Шабыт», «ДОСБОЛLIKE» және «Балалар және театр» жобаларын жүзеге асыру аясында бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жарық пен көлеңке сыры» атты театрландырылған қойылым және шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Іс-шараға 4-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мектеп пен қосымша білім беру ұйымдары арасындағы сабақтастықты нығайту, сондай-ақ оқушыларды ерте жастан кәсіпке бағдарлау және шығармашылық мамандықтар әлемімен таныстыру мақсатында №2 өнер мектебінің театр педагогі Егдір Қанат арнайы шақырылып, шеберлік сабағын өткізді.
Кездесу барысында оқушылар театр өнерінің ерекшеліктерімен танысып, жарық пен көлеңке арқылы ертегі кейіпкерлеріне жан бітірудің қыр-сырын меңгерді. Сонымен қатар театр актері, режиссер, сахна суретшісі және жарық қоюшы секілді шығармашылық мамандықтардың ерекшеліктері туралы түсінік алды.

Театрландырылған қойылым барысында жас өнерпаздар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, қиялын және сахналық шеберліктерін көрсетті. Бірлескен шығармашылық жұмыс арқылы өзара қолдау, достық пен ұйымшылдықтың маңызын сезінді.
Аталған іс-шара балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың шығармашылық қабілеттерін ерте анықтауға, кәсіби қызығушылықтарын қалыптастыруға, болашақ мамандық таңдауға алғашқы бағдар беруге, эстетикалық талғамы мен сахна мәдениетін дамытуға бағытталды.