Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағытта медициналық ұйымдар, мектептер, Қалалық психикалық денсаулық орталығы және полиция бірлесіп жұмыс жүргізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2026 жылдың 8 айында қалада кәмелетке толмағандар арасында суицидтік белсенділіктің 60 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 жағдайға аз. Оның ішінде 47-сі — аяқталмаған әрекеттер, 13-і — өліммен аяқталған жағдайлар.
Көмек көрсетудің маңызды тетіктерінің бірі — «жасыл дәліз». Егер мектеп психологы жасөспірімнің эмоционалдық жағдайында күрделі өзгерістерді немесе суицидтік мінез-құлық қаупін байқаса, бала медициналық ұйымға жіберіледі. Қажет болған жағдайда оны балалар психиатры консультациядан өткізеді.
Биыл 8 айда «жасыл дәліз» арқылы 65 кәмелетке толмаған балаға көмек көрсетілді.
Көмекке дағдарыстық жағдай туындамай тұрып-ақ жүгінуге болады. Емханаларда психологтар және шұғыл психологиялық көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер мамандардан қажетті қолдау ала алады. Сондай-ақ 547603 сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді.
Егер мамандандырылған көмек қажет болса, жасөспірім Қалалық психикалық денсаулық орталығының балалар психиатрларына жіберіледі. Суицидтік әрекеттен кейін мамандар баланы бақылауды және одан әрі сүйемелдеуді жалғастырады.
Алдын алу жұмыстары жастар денсаулық орталықтарында да жүргізіледі. Астанада 10 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Онда жасөспірімдерге тұрақты түрде әңгімелер мен тренингтер өткізіледі.
Негізгі міндет — жасөспірімге көмек қажет екенін дер кезінде байқап, оны қажетті мамандардың қолдауымен қамтамасыз ету.