Заңсыз жазбалардан тазарту рейді өткізілді

Заңсыз жазбалардан тазарту рейді өткізілді
фото: видеоскрин

«Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» акциялары аясында Сарайшық ауданында қоғамдық орындарды вандалдық жазбалардан және өзге де заңсыз жазбалардан тазарту бойынша рейд өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға аудан әкімдігінің өкілдері, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері, «Сарайшық» ауданы полиция басқармасының өкілдері, қоғамдық көмекшілер және «Жасыл желкен» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.

Рейд барысында қоғамдық орындарда анықталған вандалдық жазбалар және өзге де заңсыз жазбалар арнайы құралдар мен бояулардың көмегімен жойылды.

Іс-шара қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен көріктілігін сақтау, көрнекі вандализмнің алдын алу, заңсыз жарнамаларды жою және тұрғындардың ортақ кеңістікке ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 4-бөлігіне сәйкес ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі мүлікті және өзге де қоғамдық орындарды қорлау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Аталған құқық бұзушылық үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу не 5-тен 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.