Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы отбасыны дербес конституциялық құндылық ретінде бекітіп, оны қорғаудың кепілдіктерін едәуір күшейткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада өткен «Отбасы саясаты мен гендерлік әділеттіліктің конституциялық кепілдіктері» тақырыбындағы дөңгелек үстелді ашу барысында айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Конституциялық Сот Төрағасының айтуынша, Ата Заңның 30-бабының конституциялық мәні оның сөзбе-сөз мазмұнынан әлдеқайда кең.
«Отбасы тек әлеуметтік қорғау объектісі ретінде ғана емес, сонымен қатар адамның қадір-қасиетіне, бостандығына, ерлі-зайыптылардың теңдігіне, отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігіне және ұрпақтар сабақтастығына негізделген дербес конституциялық құндылық ретінде бекітілген», – деп атап өтті Эльвира Азимова.
Ол сондай-ақ отбасын қорғау мен гендерлік әділеттілікті қамтамасыз ету бірін-бірі толықтыратын міндеттер екенін айтты.
«Гендерлік әділеттіліктің қазіргі заманғы түсінігі формалды теңдік шеңберінен әлдеқайда кең. Ол әйелдер мен ерлердің кәсіби қызметті, отбасылық міндеттерді және қоғамдық өмірге қатысуды ұштастыра отырып, өздерінің конституциялық құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруына мүмкіндік беретін құқықтық әрі әлеуметтік жағдайларды қалыптастыруды көздейді», – деді Конституциялық Соттың Төрағасы.
Эльвира Азимова Конституциялық Соттың жаңа конституциялық өкілеттіктеріне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңартылған Конституция Сот шешімдерінің құқықтық маңызын едәуір арттырды. Конституциялық Соттың шешімдері қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті болып табылады, түпкілікті саналады және шағым жасауға жатпайды.
Сонымен қатар, Ата Заң Конституциялық Сот берген конституциялық-құқықтық түсіндіруде заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолданудың міндеттілігін бекітті. Сондай-ақ Конституциялық Сотқа халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің орындалуының Конституцияға сәйкестігін қарау жөніндегі жаңа өкілеттік берілді. Эльвира Азимованың айтуынша, бұл өзгерістер Конституцияның үстемдігін нығайтуға, құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, сот практикасының біркелкілігін қалыптастыруға және адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым тиімді қорғауға бағытталған.
Дөңгелек үстел Конституциялық Соттың және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараға Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Жақып Асанов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, сондай-ақ сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар отбасы саясатының конституциялық-құқықтық негіздерін, отбасыны, ана мен әкені және баланы қорғаудың конституциялық кепілдіктерін іске асыру мәселелерін, теңдік пен кемсітушілікке жол бермеу қағидаттарын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарының құқық қолдану практикасының бірізділігін қалыптастырудағы маңызын талқылады.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар отбасы саясатын одан әрі дамыту жаңа конституциялық кепілдіктерді тиімді іске асыруға, отбасы институтын нығайтуға, жауапты ата-ананы қолдауға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс екенін атап өтті.